Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

«ДӘУЛЕТ НАН»: бұл – біздің бренд!

«Дәулет» индустриялық аймағы осыдан жеті жыл бұрын құрылған. Қазіргі таңда жүздеген адамды жұмыспен қамтыған кәсіпкерлік нысан сан қырлы бағытта табысты қызмет етуде. «Карат» ет консерві зауыты, «Дәулет нан» наубайханасы, макарон цехы, «Мөлдір су» маркасы және тігін цехының өнімдері нарыққа шыққанына көп уақыт болмаса да, халық ықыласына бөленіп үлгерген. Соның айғағындай, таяуда ғана өңірімізде өткен «Үздік тауар» көрмесі байқауында «Халық тұтынатын үздік тауар» аталымы бойынша «Trans Tech International» серіктестігінің нан өнімдері мен ет құтылары үздік деп танылды. Осы орайда ас атасын өндіретін наубайхана өмірімен етене танысу үшін арнайы ат басын бұрған едік.

Д__улет нан б__л Ц б¦зд¦__ бренд

Бір жылда бірегей іс

«Trans Tech International» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі зауыттың құрылыс жұмысын «Даму-Өндіріс» мемлекеттік бағдарламасы аясында жүргізген. Аталған жоба Елбасының тапсырмасына сай, шағын және орта кәсіпкерлікті қолдау мақсатында Ұлттық қордан бөлінген қаражат есебінен жүзеге асыпты. Жобаның жалпы құны 1,5 млрд. теңгені құрайды. Отандық нарыққа шыққанына бір жыл енді толатын зауыт ауысымына 12 тонна нан мен кондитерлік өнімдер шығарады. Жалпы мәліметтерге қаныққан соң наубайхана ішіне беттедік. Бізді бас технолог Рита Москаленко жұмысының қыр-сырымен таныстырды.

Германиядан әкелінген құрылғылар толығымен автоматты жүйеде жұмыс жасайды. Десек те, мұнда адам күшін қажет ететін жұмыс түрлері де бар. Наубайханада барлығы 47 адам вахталық ауысыммен қызмет етеді. Дайын тәтті қамырдан түрлі формадағы тоқаш, қытырлақ нан дайындап жатқан қызметкерлердің аз екенін көріп:  «Неліктен аз? Бәлкім, басқа бөлімдерде жүрген шығар» десек, «Жоқ, байқауыңыз орынды. Бізде жұмыс тәулік бойы жүреді. Бірақ, қызметкерлердің басым бөлігі түнгі ауысымға шығады»  дейді зауыт технологы. Таңертең қаланың әр түкпірінде орналасқан сауда нүктелеріне ыстық, жаңа ғана оттан шығарылған нанды жеткізетін зауыттың халық ықыласына бөленуінің бір тетігі де осы жұмыс принципінде болса керек.

Маманның бәрі – жастар

Байқағанымыздай, мұнда көбі – жастар. «Расында да, қызметкерлеріміздің басым бөлігін жас кондитер, нан пісірушілер құрайды. Арнайы шақыртылған мамандардан оқып, біліктіліктерін арттыра жүріп, тәжірибе жинақтайды. Тағы бір айта кетерлігі, біздің наубайханада қыздармен қатар, ер балалар да табысты қызмет етуде. Шыны керек, олардың жұмыс жасау қабілеттерін байқаған соң, соңғы уақытта қызметкерлердің ер азаматтар болғанын қалайтын болдық» дейді өндіріс бөлімінің меңгерушісі Ольга Липперт.

Бізбен әңгімелескен қамыр илеуші Артур Кремер – көршілес Ақтөбе облысының тумасы. «Теңіз» кенішіндегі сервистік қызмет көрсетуші компаниялардың бірінің  наубайханасында бес жылдан астам уақыт қызмет еткен маманның «Дәулет нан» зауытына жұмысқа келгеніне аса көп уақыт бола қоймаған. «Мұнда ең жоғарғы деңгейдегі заманауи технологиялар орнатылған, барлық мамандар қайта даярлаудан өтті, дайын өнімдерге қойылатын талап та жоғары. Маман ретінде өсуге мүмкіндіктер жасалған, еңбек жағдайы да көңілімнен шығады. Атырау тұрғындарының ас атасына деген сұранысын өтейтін бірегей өндірістің бірі болғаннан кейін дәмді өнімдерімізбен тұтынушылардың көңілдерінен шығуға міндеттіміз» дейді ол.

Қазіргі таңда қала аумағымен қоса, Махамбет, Аққыстау, Доссор, Мақат және Алмалы ауылдарына жеткізілетін наубайхана өнімдерін дайындауға жергілікті өнімдер пайдаланылады. Ал, осы жылдың аяғына дейін іске қосылады деп отырған диірмен толық қуатына енген сәтте зауыт өз-өзін толықтай қажетті ұнмен қамтамасыз етуге қауқарлы болмақ.

Нанға қажетті ашытқыны дайындау бөлмесінен бастап, пісіру пештеріне дейінгі жұмыстармен толық танысып шыққан соң олардың тұтынушыға жету тетігін білмек болдық. «Таңертеңгілік арнайы көліктерге тиелген нан өнімдері өз дүңгіршектерімізге жеткізіледі. Халық сұранысына орай, дайындалатын нан мен тәттілердің түрлерін одан ары молайта түсу – жоспарда. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін сыртқы қаптаманы басқа жақтан тапсырыспен дайындатып келсек, енді өзіміз шығармақпыз. Арнайы қондырғы да алынды» дейді Ольга Борисовна бізбен әңгімесінде.

Дүңгіршектер көбеймек

Қаламыздың бірнеше жеріне қойылған арнайы «Дәулет нан» дүңгіршектері заманауи жүйемен жасалған. Қолайлы, әрі ықшам. Білгеніміздей, бұл күнде 18 киоск жүйелі жұмыс жасап тұрса, таяуда олардың қатары тағы үш шағын дүкенмен толыға түспек.

Жалпы, отандық бизнесті халықаралық сауда аренасына шығару – Елбасы ұсынып отырған бірден-бір тапсырма. Осы орайда аталмыш зауыттың да өз жоспары бар. «Ішкі сұранысты қанағаттандырумен қатар, экспортты қолға алу – күн тәртібінде. Десек те, бұл реттегі негізгі басымдылықты макарон цехының өнімдеріне аударатын боламыз. Себебі, нан өнімдерін ұзақ сақтауға болмайды. Ал, макарон өнімдері талапқа сай технологиямен дайындалса, тасымалдауға да, ұзақ мерзімді сақтауға да қолайлы» дейді мамандар.

Келесі кезекте макарон өндіру цехына бардық. Мұнда да толығымен тетік арқылы басқарылатын алып аппарат тұр. Қажетті түймені басып, қолайлы режимді таңдасаңыз жетіп жатыр. Қызығы сол, алты түрлі макарон өнімін шығаратын өндіріс нысанында екі адам ғана жұмыс жасайды. Міне, технология заманының айқын көрінісі.

Индустриалдық аймақтың бір бұрышында құрылыс бастауға дайындық жүруде екен. Қызығушылығымызды байқаған сапарласымыз, баспасөз қызметінің маманы Альбина Ахмедьярова: «Бұл жерде спорт кешенінің құрылысы қолға алынбақ. Қызметкерлеріміздің басым бөлігі жастар болғандықтан, олардың жұмыстан тыс уақытын тиімді ұйымдастыруға да ден қоймақпыз. Қазір 730 адамдық жатақхана бар. Тағы біреуінің қолданысқа берілер күні де алыс емес. Ол жерде негізінен демалыс бөлмелері, жатын орындар болғандықтан, көңіл көтеретін орындар жоқ. Сол себептен де, мейманхана, демалыс алаңдары сынды нысандарды да салу – жоспарда»  деді ол.

Атырау қаласының аумағы күн санап артып, тұрғылықты халық саны өсіп отырған тұста нан мен нан өнімдерін шығаратын зауыттың ашылып, халық көңілінен шыға білуі осы салада бәсеке туғызып қана қоймай, нан бағасын тұрақтандыруға да  үлес қосары сөзсіз.

Гүлжан ӘМІРОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button