Дәстүрге айналған турнир
Атырау қаласындағы «Әсел» бильярд залында спорт жанашыры Фархад Бекеновты еске алуға арналған дәстүрлі турнир өтті.
Екі күнге созылған байрақты бәсекеде елуге жуық адам бақ сынасты. Олардың қатарында атыраулықтармен бірге, Ақтөбе, Ақтау және Орал қаласынан да бильярд ойынының хас шеберлері қатысты.
Айта кетсек, 2007 жылдан бастау алған бұл турнирге биыл он жыл толып отыр. Ұйымдастырушылардың айтуынша, турнирге қатысуға ниет білдірушілер саны жыл санап артып келеді.
Жарысты ұйымдастырған Фархад Бекеновтың туыстары мен достары жүлде қорын биыл 500 мың теңгеге көтерді. Ақтөбелік Қуаныш Мананков пен жерлесіміз Михаил Ли қола жүлдегерлер атанды. Ақтаулық Мирас Сақтағанов ІІ орынды иеленді. Ал, турнир жеңімпазы болып ақтөбелік Азат Түменов атанды.
Айта кетсек, биыл да турнирді үш кезеңде өткізу жоспарлануда. Қалған екі кезеңнің қорытындысы туралы да газетімізде хабарлайтын боламыз.
Айгүл Ертілеу