Дәріханалар дәрі бағасын қолдан шарықтатып отыр
Атырау көшелерінде қаптаған дәріханалардан көз сүрінеді. Олардың атаулары ғана емес, ондағы «долларға тәуелді» дәрінің бағалары да күн сайын құбылып тұр. Неге дейсіз ғой? Себебі, отандық фармацевтиканың осалдығынан дәрі-дәрмектің 90%-ы Германия, Америка, Ресей, бір сөзбен айтқанда, шетелден әкелінеді. Сондықтан, баға сөзсіз шетелдік валютаға тәуелді. Бұған дәріханаларға жүргізілген журналистік зерттеу барысында көз жеткізген біз, қалтаның қамы үшін бағаны өз қалауынша қоятындардың ісіне куә болып қайттық.
«Айналайын, ауырма, ауырсаң…»
Қыс түсіп, күн салқындай бастаса, басы ауырып, балтыры сыздайтындардың саны анағұрлым артады. Дәріханаларда тұтынушы саны көбейіп, кезек күтіп қалатындар бар. Дәріге деген сұраныспен қатар, дәл қазір адамдардың өкпе-назы өрши түсетін уақыт екені де рас. «Айналайын ауырма, ауырсаң арам өлесің» — деді Ж.Молдағалиев көшесі бойында орналасқан «Vita мед» дәріханасына кіргелі тұрған қала тұрғыны Райса Дәулетова. Оның осынау зілдей сөзінің жаны бар. Райсаның алдында дәріханаға кірген Азамат Жолдасов суық тиіп ауырып қалған үш айлық баласына дәрі-дәрмек алуға келген. Алайда, ала алмады. Өйткені, ол сұраған «Виферон» дәрісі 2200 (150 мл.) теңге тұрады екен. Одан басқа екі дәріні қосқанда, төленетін ақы жеті мың теңгеден бір-ақ шықты. Абдырап қалған тұтынушы арзанын іздеп, өзге дәріханаларға бет алды.
Атырау облыстық денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы Аманжол Сағынғалиев мәлімдегендей, облыста 175 дәріхана бар. Оның барлығы жекеменшік. Біз бас сұққан «Vita мед»-те соның бірі. Қожайыны Гүлнәр Есқайырова 2014 жылдан бері жұмыс жасайтынын айтты. «Бізге тауарды делдалдар жеткізеді. Олар үнемі бағаның өзгеріп жатқанын айтады. Жол шығынын да есептейді. Халыққа қажетті көптеген дәрілер Қазақстанда өндірілмейді. Ал, бар дәрілердің бағасы шетел дәрілерінен асып түспесе, кем емес. Адамдар емге әсер етуі төмен деп отандық дәрілерді алмайды. Мұнымен қоса көптеген дәрілерді Атыраудан таба алмайтын болғандықтан, көршілес Ақтөбе қаласынан алдырамыз»,-дейді ол. Айтуынша, олар сатып алған дәрі бағасынан пайда көріп, бизнесін жүргізу үшін 20%-ға көтереді.
Үш дәріхана. Үш түрлі баға.
Бір қалада орналасқан дәріxаналардың баға айырмашылығы бірнеше пайызға дейін жетіп жататыны жасырын емес. Мұны Атыраудағы үш дәріханадағы бағаларды салыстыра отырып аңғардық. Мәселен, «Vita мед» дәріханасында адамдар көп қолданатын «Аспирин» (ацетилсалициалды қышқылы) – 50 теңге, «Парацетамол» – 40 теңге, «Хилак форте» тамшылары – 1500 (30 мл.) теңге, «Лазолван» шәрбаты – 1620 теңге, «Виферон» тығын дәрісі – 2200 (150 мл.) теңге, «Терафлю» немесе «Тайлол хот» 1 данасы 180 теңге тұрса, аталған дәрілердің бағасы Алмагүл мөлтекауданында орналасқан «Семейная» дәріханасында мүлде басқаша. «Аспирин» мен «Парацетамол» 40-45 теңге, «Хилак форте» тамшылары –1350 (30 мл.) теңге, «Терафлю» мен «Тайлол хоттың» 1 данасы 120 теңге, «Лазолван шәрбаты» – 1500 теңге, оның балаларға арналған түрі 1300 теңге тұрады. Бүгінде сұранысқа ие «Виферон» тығын дәрісі – 1870 теңге. Фармацевттің айтуынша, бұл дәрінің бағасы соңғы бірер күнде ғана көтерілген. Ал, «На Гурьевской» дәріханасында жаңағы айтқан «Терафлю» ұнтағының бір данасының бағасы – 180, «Тайлол хот» 167 теңге тұрады. Көріп отырғаныңыздай, бұл екі дәрінің бағасы үш дәріханада үш түрлі. Иә, осылай. Біз білген санаулы дәрі-дәрмектердің құны осындай, ал, онкологиялық дертті емдейтін дәрілердің бағасы тіптен ұшынып тұр. Көрер көзге бағаны қолдан шарықтатып отырған жекеменшік дәріханалардың бұл ісіне шектеу қояр күн болар ма екен? Баға айырмашылықтары 20-30%- ға дейін жетіп жығылатын дәріханалар «дәрі бәрібір өтеді» деген жымысқы оймен осылайша жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Елімізде үш мыңнан астам дәрі-дәрмек пен емдік заттардың бағасына мониторинг жүргізген мамандар 2842 дәрінің бағасы қымбаттағанын анықтады. Сондай-ақ, олар бұл қымбаттаудың жай-жапсарын азық-түлік, киім-кешек, тағы басқалардың бағасынан қалып қоймау үшін қолдан жасалған әрекет екендігін де ашық айтты.
ТҮЙІН: Кейінгі кезде дәрі-дәрмектің бағасы әлсін-әлсін шарықтап тұр. Бағаны саралаған Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстанды дәрі-дәрмегі аса қымбат елдердің қатарына қосып қойды. Әрине, елдегі дәрі-дәрмек бағасына мемлекеттік бақылау үшін жоғарыда аталып өтілгендей жұмыстар атқарылуда. Алайда, әзірге ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын іздей тұрыңыз…
Мәлике МӘЛІК