Covid-19: Екінші толқыннан қалай қорғануға болады?
Atr.kz/3 қараша, 2020 жыл. Алматы қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің карантиндік және аса қауіпті инфекцияларды бақылау бөлімінің басшысы Саят Қауметбаев коронавирусқа қатысты көпшіліктің көкейіндегі сауалдарға жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
– Сіз әлемдегі эпидахуалға қандай баға берер едіңіз? Неге қазір көп елдерде жағдай күрделене түсті? Адамдар вирустан қорықпай жүр ме? Әлде вирус мутацияға ұшырады ма?
– Қазір әлемдегі эпидахуал өте күрделі. Бүгінде жер бетінде 43 млн адам вирус жұқтырған. Ол азаматтардың қауіпсіздік шараларын ұстамауынан да болуы мүмкін. Қазір Қытайлық мамандардың ұстанып отырған күрес тәсілін Оңтүстік Азия елдерінің көпшілігі қолданады. Соның арқасында Жапонияда тәулігіне — 620 адам, Малайзияда – 350 адам, ҚХР – 30 адам, Кореяда 75 адамнан вирус табылып жатыр. Тынық мұхиты аймағынан тек Үндістанда ғана тәулігіне 70 мыңнан аса адамның вирус жұқтырғаны анықталды. COVID-19 вирусы әлі толық зерттелмегендіктен Америка мен Еуропа аймақтарында вирустың мутацияға ұшырауы ғажап емес.
– Бүгінде екінші толқын туралы түрлі болжамдар айтылып жатыр. Шетелдік эксперттердің көпшілігі екінші толқынның біріншіге қарағанда күші жойқын болады деп болжауда. Бұдан қалай қорғануға болады?
– Коронавирус – барлық инфекциялық аурулар сияқты жұғады. Жұқпалы аурулардан қорғануға болады. Ол үшін қажетті шектеу шарттарын орындау керек. Адам көп жиналған жерге көп бармай, үлкен кісілер мен балаларды қорғау керек. Әлеуметтік қашықтықты сақтау керек. Той, ұзату, үйлену тойлары, ас, спорттық шараларды тоқтату керек. Ойын-сауық орталықтары, түнгі клубтар мен барлар, банкет залдарының жұмыс істеуіне тыйым салынғаны абзал. Қалалық жұмыс берушілерге жұмысты мүмкін болса қашықтан орындауға жұмыскерлердің 50 пайызын шығару ұсынылады. Мектептер мен балабақшалар қашықтан білім беруді жалғастыруы керек.
– Алматы қалалық бас санитарлық дәрігерінің қаулысына сәйкес Алматы әуежайына келетін жолаушылардың барлығы ПТР талдауынан өткені туралы анықтама керек. Осыған байланысты қандай жағдайда тест жасау керектігі туралы айтсаңыз. ИФА диагностикасының ПТР талдауынан қандай айырмашылығы бар?
– ҚР Үкіметі жанындағы ведомствоаралық комиссия шешімімен Қазақстанға келетін шетелдік азаматтарға ПТР талдауы болмаса, рейске отырғызбау туралы шешім қабылданды. Диагностика тәсілдеріне келер болсақ, ең тиімді және нақты нәтиже көрсететін тәсіл – ПТР талдауы. Бұл талдауды жасау үшін пациенттің аузы мен мұрын қуысынан жағынды алынады. ИФА (иммуноферментттік анализ) одан гөрі күрделірек. Вирусқа қарсы IgG және IgM антиденелері анықталады. Бұл тәсіл көбінесе көпшілікпен жұмыс істейтін адамдардың топтарына арналған. Атап айтқанда жолаушы тасымалдайтын, жүргізушілер, темір жол қызметкерлері, COVID 19 күреске жұмылдырылған орталық және жергілікті мемлекеттік орган қызметкерлері, коммуналдық қызмет өкілдері, азық түлік пен дәрі дәрмек тасымалдаушылар, шұғыл түрде ауруханаға жатқызылатын азаматтарға ИФА талдауы қолданылады. Егер ИФА талдауы оң нәтиже көрсетсе, ары қарай сол адамнан ПТР талдауы алынады.
– Вирусты симптомсыз тасымалдап жүргендерге не айтар едіңіз? Қазір елде тұмаудан жаппай егу жұмыстары жүріп жатыр. КВИ балаларға аса қауіпті емес деген мағлұматтар да бар. Сонда оларға вакцина салу керек пе? Әлде екпе салдырмай-ақ қойса да бола ма?
– Коронавирусты симтомсыз тасымалдап жүргендер эпидемиологиялық тұрғыдан алғанда өте қауіпті. Олар өзінің вирус жұқтырғанынан хабарсыз болады. Ал солардан вирус жұқтырған азаматтар қатты жапа шегуі мүмкін. Әсіресе қарт кісілер, балалар қауіп тобында. Тұмауға қарсы вакцина осы ұрымтал топқа жататын азаматтардың арасында инфекцияның бірінің үстіне бірі жамалмауы үшін міндетті түрде екпе салынуы керек.
– Қыс мезгілі жақындап келеді. Алматы тұрғындарына басқа қандай инфекциялық аурулар қауіп төндіреді?
– Қыста Қазақстан тұрғындарына маусымдық инфекциялар қауіп төндіреді. Бұл вирустардан тұмау, ЖРВИ, менингит, менингит (менингокок, серозды), туберкулез, пневмония, ангина аурулары болуы ықтимал. Бұл вирустардан профилактикалық шаралар да КВИ шектеу шараларына ұқсас. Әлеуметтік қашықтықты сақтау, маска режимі, адам көп шоғырланған жерге бармау керек.
– Сұхбатыңызға рахмет.