
Цифрлық дағды – заман талабы
UTEBAYEV University студенттері үшін ұйымдастырылған «Жасанды интеллект негіздері» атты қысқа мерзімді курс сәтті аяқталды. Екі аптаға созылған оқыту бағдарламасы аясында студенттер жасанды интеллект саласындағы базалық білімді меңгеріп, нақты жобалар дайындау арқылы өз дағдыларын тәжірибе жүзінде жетілдірді. Курсты аяқтаған барлық қатысушылар арнайы сертификаттармен марапатталды.

Оқу орнының баспасөз қызметінің хабарлауынша, курс барысында тыңдаушылар жасанды интеллекттің даму тарихы мен болашағы туралы ақпарат алып, машиналық оқыту, нейрондық желілер, тілдік модельдер сияқты негізгі ұғымдармен танысты. ChatGPT, Google Colab, Python сияқты құралдар мен платформаларда жұмыс істеуді үйренді. Нақты мысалдар арқылы AI шешімдерін күнделікті өмір мен түрлі салаларда қалай қолдануға болатынын көрді.
Оқу процесі теория мен практиканы ұштастыра отырып, студенттердің логикалық ойлауын, талдау қабілетін және техникалық сауаттылығын дамытуға бағытталды. Курстың соңғы күнінде студенттер өздерінің шағын жобаларын таныстырып, үздік жұмыстар аудиторияда жоғары бағаға ие болды.
–Бүгінгі жастар – тек технологияны тұтынушылар ғана емес, оны жасаушылар болуға тиіс. Бұл курс – олардың осы бағыттағы алғашқы қадамы. Біз жасанды интеллектке деген қызығушылықтың артып келе жатқанын көріп отырмыз және бұл — өте қуанышты жайт. UTEBAYEV University — тек техникалық білім беріп қана қоймай, студенттерді заманауи еңбек нарығына бейімдеуді басты мақсат етеді. Университет қабырғасында цифрлық сауаттылықты арттыру, инновациялық ойлауды дамыту және IT саласына қызығушылықты ояту бағытындағы осындай қысқа мерзімді курстар мен жобалар жүйелі түрде өткізіліп тұрады, — дейді аталған университеттің ректоры Гүлзада Шакуликова.
Айта кету керек, жасанды интеллект — бұл тек құрал емес, жаңа ойлау жүйесі, деректермен жұмыс істеудің және шешім қабылдаудың жаңа мәдениеті. Алдағы уақытта университет жасанды интеллект, деректерді талдау, бағдарламалау және цифрлық трансформация бағыттарында жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосып, студенттерді технологиялық болашаққа дайындауды жалғастыра бермек.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА