
Цифрландыру – мемлекеттік маңызды міндет
Бүгінгі таңда республикада «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасын жоспарлы да жүйелі жүзеге асыру – мемлекеттік маңызды міндеттердің бірінен саналады. Өз кезегінде оның алғышарттары өзге өңірлердегідей Атырау облысында да жасалған. Мұның айқын мысалын өңірлердің сапалы интернет байланысымен қамтылу деңгейінен айқын аңғаруға болады.
Мәселен, облыстық цифрландыру және архивтер басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше, қазіргі уақытта өңір тұрғындарын интернетпен қамту көрсеткіші 99,6%-ды құрайды. Айта кету керек, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында аймақтағы 38 елді мекенге талшықты оптикалық интернет желісін жүргізу және облыстық және республикалық маңызы бар жолдарды үздіксіз байланыспен қамтамасыз ету жоспарланған.
Нақтылай кетсек, автомобиль жолдарын мобильді кең жолақты интернетпен қамту үшін цифрлық инфрақұрылым салу және трансмиссиялар орнату, электр энергиясын жеткізу көзделген. Бұл жоспарды іске асыру мақсатында басқарма «КСЕЛЛ» АҚ және аудан әкімдіктерінің мамандарымен бірлесіп, республикалық автомобиль жолдарында антенналық-діңгектік құрылым қондырылатын орындарды қосымша зерделеп, нақтылау жұмыстарын жүргізді. Бүгінде антенналық-діңгектік құрылым орнату орындарын өз меншігіне тіркей отырып, талшықты-оптикалық байланыс желісі және электр энергиясын қосуға техникалық шарттар алынды. Жұмысты жеделдету үшін осындай нысанның құрылысына жобалық-сметалық құжатын әзірлеу жұмыстары жөнінде демеуші компаниямен меморандум жасақталып, мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынған.
Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, аймақтағы 153 елді мекеннің 132-сі интернет желісімен қамтылды. Сондай-ақ Атырауда 5G технологиясының көмегімен интернетке қолжетімділікті қамтамасыз ететін 108, ал Құлсарыда 6 базалық станция бар. Бұған қосымша, 132 елді мекенге қосылған интернет желісі «Талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша ауылдық елді мекендерде интернет желісіне кең жолақты қолжетімділікті қамтамасыз ету» жобасы шеңберінде орнатылған.
Дәулетқали АРУЕВ