«Business Lady Qazaqstan» жобасының іріктеу кезеңі өтті
Атырауда «Business Lady Qazaqstan» жобасының іріктеу кезеңі өтті. Аталған жоба Қазақстанда алғаш рет ұйымдастырылуда, деп хабарлайды Атырау облыстық өңірлік коммуникациялар қызметі.
Байқаудың аймақтағы іріктеу кезеңіне 7 кәсіпкер әйел қатысты. Олардың қатарында ресторатор, сұлулық салонының басшысы, диетолог, балалар шығармашылық, оңалту және фитнес орталығының нәзік жанды басшылары бар. Қатысушылар таныстыру, сұрақ-жауап және шығармашылық кезеңдері бойынша сынға түсті.
— Бұл республикалық байқау елімізде алғаш рет ұйымдастырылуда. Байқаудың мақсаты — әр өңірдегі беделді, бірқатар жұмыс орнын құрып, салық төлеп отырған іскер әйелдерді насихаттау. Олар өз-өздерін ірі байқауларда көрсетіп, халық ықыласына бөленуге лайықты деп есептеймін. Байқауды болашақта жыл сайын дәстүрлі түрде өткізу жоспарда бар, — дейді жоба жетекшісі Сәуле Қайсар.
Жарыс қорытындысы бойынша, іріктеу кезеңінде гран-приді «Сәулем-ай» интеллектуалды жан-жақты дамыту орталығының директоры Сәуле Ерниязова жеңіп алды. Енді Сәуле жыл соңында Астана қаласында өтетін финалда Атырау облысының намысын қорғайды.
Айта кету керек, қазіргі таңда облыста 23 000 әйел кәсіпкер тіркелген. Олар түрлі кәсіп түрімен айналысып, бірқатар жұмыс орындарын ашуға септігін тигізді.
Хорлан Смадияр