Бүгін Атырауда 20 наурыз – Зияткерлік күні аталып өтуде
20 наурыз – Зияткерлік күні. Ұлыстың ұлы күні Наурыз мерекесі қарсаңындағы атаулы осы күнге байланысты өңірде қандай іс-шаралар қолға алынуда?
Мақат аудандық жастар ресурстық орталығы «Білім-ринг» зияткерлік ойынын өткізді. Мақат аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Алтынгүл Есенаманованың хабарлауынша, өңір жастары зияткерлік күнін қазақтың аса бай мол мұрасы салт-дәстүрлерді көпшілікке кеңінен насихаттау арқылы өздеріне рухани азық ретінде пайдалы әрі көңілді өткізуді жоспарлапты. Бұл білім бәйгесіне әрқайсысында 5 қатысушыдан «Заманауи» және «Асқар» деген атаумен 2 команда қатысты. Команда мүшелері – аудандағы мекемелерде қызмет ететін белсенді жас мамандар.
- Жас буынның ой-өрісін, зияткерлік зейіндерін ашып, дамыту мақсатында қолға алынған сайыста ұлттық салт-дәстүрге байланысты бірқатар сұрақтар қойылды. Сондай-ақ, қатысушылардың логикалық тапсырмаларға шеберлігі сыналды. Ойын барысында жастардың тез ойлау қабілеттері де сараланды. Тапсырмаларды орындау барысында қажетті жауапты іс-әрекетпен көрсететін кезеңдер де болды, — деді А.Есенаманова.
Білім мен біліктіліктің арқасында ұлттық құндылықтарды насихаттау мақсатындағы дода бір сағатқа созылды. Екі команда арасындағы қызу тартыс нәтижесінде «Асқар» тобы жеңіске жетті. Барлық қатысушыларға диплом мен Алғыс хаттар табыс етілді.
Сонымен қатар, атаулы күнді мерекелеуде исатайлықтар да белсенділік танытты. Аудан орталығында «Наурыз думан» атты зияткерлік сайысы ұйымдастырылды. Жалын мәдениет үйі қолға алған шарада «Ұстаздар», «Жастар», «Жалын» және «Сері жігіттер» командалары бақ сынады. Барлық қатысушылар ұлттық ойындарды көрсетуден бақ сынады. Бұдан басқа, топ түшелері салт-дәстүрлерге байланысты қойылған сұрақтарға мүдірмей жауап берді. Қазақ мәдениетіндегі басқа да амал-тәсілдер дәріптеледі. Осылайша, аудандардағы белсенді жастардың бастамасымен өткізілген бірқатар шара барысында Ұлыстың ұлы күнінің маңызын айшықтайтын қасиетті қазыналар айрықша көрініс тапты.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ