
Бүгін — Атырау мұнай өңдеу зауытының іргетасы қаланған күн
1943 жылдың 14 сәуірі – Атырау мұнай өңдеу зауытының тарихындағы айтулы күндердің бірі. Дәл осы күні КСРО Мемлекеттік Қорғаныс комитеті елдің шығыс бөлігінде мұнай өңдеу зауыттарын салу туралы «аса құпия» таңбасы бар №3181 қаулысын қабылдады. Бұл қаулы екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында отандық мұнай өнімдерінің қауіпсіз әрі тұрақты өндірісін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған маңызды шешімдердің бірі болды.
Атырау мұнай өңдеу зауыты баспасөз қызметінің ұсынған мәліметіне сүйенсек, мұнай өңдеу зауытына арналған алаң бұрынғы Гурьев қаласынан Жайық өзенінің бойымен екі жарым шақырым қашықтықта таңдалып, сол жылдың қазан айында КСРО Халық комиссарлар кеңесінің өкімімен нақты бекітілді. Зауыттың техникалық жобасын АҚШ-тың танымал «Баджер және ұлдары» компаниясы әзірледі. Кейін бұл жоба КСРО Мұнай өнеркәсібі халықтық комиссариатының №1 трестіне қарасты жобалау ұйымымен түзетіліп, жергілікті табиғи және техникалық жағдайларға сәйкестендіру жұмыстарын «Ембімұнайжоба» мамандары жүзеге асырды.
-Құрылысты жүргізу КСРО ІІХК Аэродромдық құрылыс бас басқармасына қарасты 3-ші Құрылыс басқармасына жүктелді. Осылайша елдің энергетикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы аса маңызды бастама жүзеге аса бастады, — делінген ресми хабарламада.
Бүгінде 80 жылдық тарихы бар Атырау мұнай өңдеу зауыты – ел экономикасының маңызды стратегиялық нысандарының бірі. Ал осыдан 82 жыл бұрын қабылданған құпия қаулы – зауыттың іргетасын қалаған тарихи сәт ретінде есте қалады.



Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА