ҰБТ: АЛҒАШҚЫ НӘТИЖЕ ҚАНДАЙ?
Биылғы тестілеуге облыс орталығындағы 55 мектептен 1704 түлек өтініш білдірген. Соның ішінде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетіндегі базалық филиалда алғашқы болып қаладағы 15 және облыстық екі мектеп – ұлттық гимназия мен қазақ-түрік лицейінің 584 түлегі он бір жылдық білімдерін саралады.
Оқушылар тестілеу пунктіне таңғы сағат 7.00-де жиналып, 8.00-ден бастап арнайы металіздегіштерден өтіп, аудиторияларға кіре бастады.
Айта кетсек, Ұлттық бірыңғай тестілеу жүйесі сынағы биыл облыста сегіз пунктте өтуде. Ұлттық тестілеу орталығының №30 филиалының жетекшісі Айнагүл Дүйсекенованың мәлімдеуінше, бұл үшін биыл 10 аудитория жасақталған. Сондай-ақ, екі резервтік аудитория дайындалды.
Түлектердің сынақ тапсыру барысын ҚР Білім және ғылым министрлігінен келген арнайы 15 өкіл мен жергілікті жердегі мемлекеттік комиссия мүшелері бақылады.
Облыстық білім беру басқармасы берген мәліметтерге сүйенсек, ағымдағы жылы тест тапсыруға ниет білдірген 3594 түлектің 105-сі «Алтын белгіге», 44-і — «Үздік аттестатқа» үміткерлер қатарында. Болашақта инженер-механик мамандығын меңгеруді қалайтын түлектің таңдау пәні физика болды.
Алғашқы күн қорытындысы бойынша, «Алтын белгіге» үміткер 24 түлектің жетеуі ғана өз білімін дәлелдесе, 542 оқушы шекті деңгейден өте алмады. Оның ішінде 289-ы – қала мектептерінің шәкірттері. Байқап отырғанымыздай, Атырау қаласының көрсеткіші төмендеп кеткен. Ал, үш түлек «Үздік аттестатқа» лайық екендіктерін аңғартты (бірінші күні «Үздік аттестатқа» үміткер саны 11 еді – ред.)
Алғашқы лектің қорытындысы бойынша облыстағы орта балл 60,3-ті құрап отыр. Ал, ең жоғары 118 балл жинаған облыстық ұлттық гимназияның шәкірті – Дәулет Тоқсанбаев болды.
Биыл ҰБТ форматында түлектің 11 жылғы білім көрсеткіші мен тестілеуден алған балы дөңгелектеніп, аттестатқа орташа балл енгізілетінінен басқа айтарлықтай өзгерістер жоқ.
Бүгін тестілеудің екінші легінде 1400 оқушы білімін сараламашқы. Олардың қатарында Атырау қаласының 17 мектебі, облыстық дарынды балаларға арналған мектеп-интернаты мен Н.Тілендиев атындағы Кіші өнер Академиясының және Жылыой, Индер, Құрманғазы, Махамбет аудандарының шәкірттері бар.
Айгүл ЕРТІЛЕУ.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.