«Брейн-ринг» білгірлерді анықтады
Облысымыздағы жас мемлекеттік қызметшілер «Брейн-ринг» интеллектуалдық ойынына қатысты. ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті ұйымдастырған ойын алаңында 36 орталық және жергілікті мемлекеттік органдар қызметшілерінен құралған барлығы алты топ болды.
Қатысушыларға сәттілік тілеген департамент басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Әлібек Ермекқали шараның негізгі мақсатына тоқталды. «Ойынның мақсаты – мемлекеттік қызметшілердің біліктілігін арттыру, патриоттық сезімге тәрбиелеу, олардың интеллектуалдық деңгейін жетілдіру. Және билік құрылымдарының арасындағы байланысты нығайту, мемлекеттік қызметтің оң имиджін көтеру болып табылады» деді ол.
Ойын барысында қызметшілер бір-бірінен асып түсуге тырысып бақты. Нәтижесінде, барлық топты жеңіп, өзгелерден оқ бойы озық көрінген облыс әкімі аппараты қызметкерлерінен тұратын №1 команда мүшелері сайыс кубогына ие болды. Өзге қатысушыларға департаменттің Алғыс хаты табысталды.
Мәлике МӘЛІК
Нұрболат ЕЛЕУСІНОВ,
Атырау облыстық ішкі саясат
басқармасының бөлім басшысы:
— Мемлекеттік қызметшілер білімді болуымен қатар, жан-жақты интеллектуалды болуы керек. Бұл «Брейн-ринг» ойыны қызметшілердің осы қырларын шыңдауды көздейді. Сондықтан, мұндай шараларды жиі ұйымдастырып тұру қажет деп санаймын.