Браконьерге – тосқауыл
«Бекіре – 2016» балық қорғау акциясы басталғалы браконьерлерден 26,5 тонна балық тәркіленді. Соның 1,3 тоннасы – бекіре балық. Қолды бола жаздаған қара уылдырықтың салмағы 1 келіні құрайды. Сондай-ақ, 73 бірлік жүзу және үш көлік құралы, 959 бірлік аулау құралы алынды. Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті басқармасы басшысының міндетін атқарушы Қадырбек Есқалиев төрағалық еткен үйлестіру штабының отырысында осындай деректер айтылды.
Айдын бетіндегі жағдай түрлі техникалардың көмегімен жіті қадағаланып отыр. Алайда, бұған дейін тікұшақпен төңіректі шолып шығу мүмкін болмаған. Облыстық аумақтық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі инспекциясының басшысы Мұрат Ермекқалиевтің баяндауынша, бұл жоспарлы жұмыс сәуір айының соңғы күндері ғана жүзеге асыпты. Аталған құрылымнан өзге, су полициясы, мамандандырылған табиғат қорғау прокуратурасының өкілдері мінген әуе кемесі айналаны жіті қарап шыққан.
— Оның нәтижесінде заң бұзушылықтар анықталған жоқ. Браконьерлердің кемелерін де көзіміз шалмады, — дейді инспекция жетекшісі.
Кәнігі балық барымташылары қуғын кезінде қамысқа барып паналайды. Терең батпақ, қалың шөпке жасырынған олардың ізіне түсу де – қиын. Дегенмен, төбесінен тікұшақ төнгенде олардың бұл «әдістері» де пайдаға аспай қалады. Сондықтан, үйлестіру кеңесіне төрағалық етуші – орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің өкілі бұл шараны жүйелі түрде жалғастыруды тапсырды.
— Бағалы балықты қорғау мақсатындағы алынған кешенді жұмыстардың нәтижесі көріне бастады. Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі, прокуратура, ішкі істер, көліктік бақылау және шекара қызметі органдарының браконьерлікке қарсы бірлескен әрекеттерінің, сондай-ақ, инспекторлардың су айдындарын күн сайын тасталған аулардан тазарту мақсатындағы жұмыстардың арқасында нақты көрсеткіштерге қол жетті, — деді комитеттің басқарма басшысының міндетін атқарушы.
Осы кезге дейін бекіре тұқымдас балықтар өсіру зауыттары үшін 162 балық ауланыпты. Соның 25-і – бекіренің аталығы, үшеуі аналығы екен. Сонымен қатар, аталық және аналық шоқырлар бар. Айта кетейік, «Бекіре – 2016» балық қорғау акциясы басталған уақыттан бері табиғат қорғау заңнамасын бұзған 599 дерек анықталды. Әкімшілік жазаға 449 адам тартылды. Сонымен қатар, 104 қылмыстық іс қозғалып отыр.
Азамат БАЗАРБАЕВ.