Жарнама
Жаңалықтар

БОЗДАҚТАРҒА ОРНАТЫЛҒАН ЕСКЕРТКІШ

 

— 1979-1989 жылдар аралығында өздерінің интернационалдық борыштарын ауған жерінде өтеуде өңірімізден аттанған 782 жауынгердің 13-і ерлікпен қаза тапты, біреуі хабар-ошарсыз кетті. Ал, 1992-1999 жылдары мемлекетаралық келісім-шартқа сәйкес тәжік-ауған шекарасында болған қақтығыстар кезінде 43 қазақстандық өз өмірлерін қиды. Облыста ауған соғысына қатысушылар Ұлы Отан соғысы ардагерлерімен теңестірілген, әлеуметтік жеңілдіктерді пайдаланады. Оларға ай сайын жергілікті бюджеттен 15 мың теңгеден жәрдемақы беріледі. Жыл сайын демалыс, емдеу-сауықтыру орындарына тегін жолдамамен қамтамасыз етіледі,- деді аймақ басшысы. Бұдан кейін облыс әкімі осы рәсімге арнайы келген ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ауған соғысының ардагері Бақытбек Смағұлмен бірге ескерткіштің  жабынды пердесін ашты.

Мәжіліс депутаты, ақын  Б.Смағұл кеңес үкіметінің солақай саясатының құрбаны болып,  жиырмаға жетпей  қыршын кеткен қаруластар рухына жыр жолдарын арнады. Ол ауғандық жауынгерлер атынан осынау әсем де көрікті ескерткіштің салынуына ұйытқы болған облыс әкіміне  өз ризашылығын жеткізіп, оны Бауыржан Момышұлы атындағы жауынгерлік төсбелгімен марапаттады.

Салтанатты шараға қатысушылар кезекпен ескерткішке гүл дестелерін қойып, тағзым етті.

Ескерткіштегі қос жауынгерді қоладан құйып жасаған астаналық мүсінші Асқар Нартов. Оны жобалап, сәулеттендіруші – Халықаралық сәулет академиясының академигі, ҚР еңбек сіңірген қайраткер Саматбек Бөкебай. Еліміздің көптеген қалаларында, оның ішінде Атыраудағы Исатай-Махамбет алаңы кешенінің, Астанадағы «Қазақ Елі» монументінің авторы ретінде есімі Алаш жұртына танылған сәулетшіні жаңа туындысымен құттықтаушылар да аз болмады.

Таза қоладан құйылған ескерткіштің биіктігі үш метрден асады, салмағы бес тонна.

«Жерден биіктігі тоғыз метр болатын ескерткішті көлегейлеп тұрған ақ түсті шығыс аркасы – соғыс қимылы өткен Ауғанстанды, ал, арканың екі бағытындағы тұрғызылған қызыл мәрмәр тастар ауған тауларын, жанындағы он баспалдақ он жылға созылған соғысты, көкжиектен бес қаруын бойына асынып, таулардың арасына біртіндеп еніп, жорыққа аттанып бара жатқан сарбаздар кейпін беруге тырыстық. Ауған соғысы құрбандарына орнатылған мұндай ескерткіш бүкіл ТМД көлемінде жоқ. Ойға алған мақсатымның жүзеге асқанына қуаныштымын» дейді сәулетші Саматбек Тәженұлы бізбен әңгімесінде.

Ескерткіштің сол жақ жанында ауған жерінде шейіт болған жауынгерлердің аты-жөні мәрмәр тасқа қашалып жазылған, төменгі жағында ананың көз жасы мен «қара қызғалдақ» салынған. Бұл көрініс – аналарымыз  асыл ұлдарын енді ешқашан жоғалтпасын, көз жастарын көл қылып жыламасын деген терең философиялық ойға  жетелейтіндей. 

 Ескерткіштің оң жақ қабырғасында тәжік-ауған шекарасындағы жауынгерлік ұрыс қимылдарына қатысып, опат болған қазақстандық 43 жауынгердің есімдері жазылып, жанында  жеке атқыштар батальонының эмблемасы салынған.

Шараға ҚР Парламенті Сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегенов және облыс әкімінің орынбасарлары мен облыстық мәслихаттың депутаттары қатысты.

Бақытжан ЖҰМАТ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button