Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Бойжеткендер қай спортқа бейім?

Бүгінгі күні елімізде адамдардың спортқа бет бұрып, бұқара халық арасында салауатты өмір салтын ұстанушылар саны күннен-күнге артып келеді. Бұл, әрине, қуанарлық жағдай. Себебі, тәні сау елдің болашағы да жарқын болмақ. Иә, әрқайсымыздың басты байлығымыз саналатын денсаулығымыздың бірден-бір кепілі – спорт.

bk_info_124367_orig_1524062828

Қазіргі таңда, еліміздің өрендері спорттың сан түрінен әлемдік жарыстарда топ жарып, туымызды биікте желбіретіп, әнұранымызды талай мәрте әуелетті. Көптеген елдер қазақ елінің рухы мықты ұлт екендігін осы спортшыларымыз арқылы да танып жатыр. Осы елдігімізді танытар, өзіміздің тәнімізге сергектік дарытып, бойымызға сенімділік ұялататын қай-қай спорт түрінің өзіндік ерекшелігі болады. Бірі білектің күшін, енді бірі жүректің өжеттілігін қажет етсе, бірі темір төзімді, тағы бірі жылдамдықты, әрі бейімділікті талап етеді. Спортпен шұғылданамын деген адам өзінің қабілет-қарымы, физикалық мүмкіндіктеріне қарай өзіне үйлесімді, ұнаған түрін таңдайды. Дейтұрғанмен кейбір  жағдайда балалардың қай спорт түрімен шұғылданатынын ата-аналары таңдап, бүлдіршіндерін спорттың бір секциясынан екінші секциясына тасып жүргендіктерін көріп жатамыз.

Әрине, ақыл тоқтатпаған бала өз таңдауын дұрыс жасамауы да мүмкін. Бірақ, ата-аналар да бауыр еті баласының табиғи мүмкіншілігіне, өзіндік қызығушылығына аса мән беруі керек. Әсіресе, қыр гүліндей құлпыра өсіп келе жатқан қыз баланы тәрбиелеп отырғандар. Себебі, табиғатынан нәзік боп жаратылған оларға ерекше таңдау, бағыты айқын, болашақта өкіндірмейтін дара жол керек. Яғни, шұғылданатын спортын таңдауда қателеспеу маңызды. Мысалы, қыз балаға бұла күш пен асқан төзімділікті талап ететін ауыр атлетика, бокс, күрес, каратэ сияқты спорт түрлерімен шұғылдану олардың дене бітімінің дұрыс жетілуіне, ағзасының түзу қалыптасуына зиянын тигізуі әбден мүмкін. Қайткенмен де, бүгінгі бала ертеңгі ана емес пе? Сондықтан, оның болашағының да жайын ойлап қойған жөн.

Осылай бола тұрса да соңғы жылдары елімізде бұрымдылардың осы спорт түрлеріне келу көрсеткіштері артқан екен. Тіпті, Рио Олимпиадасында күрес түрлерінен еліміздің ерлер құрамына жүлде бұйырмай, есесіне еркін күрестен әйелдер құрамасы жоғары жетістікке жетті. Кілемге шыққан төрт нәзікжанды балуанымыздың үшеуі жүлделі орыннан көрінді. Сол Олимпиадада тұңғыш рет қазақ қызы ауыр атлетикадан күміспен күптелді. Дәл осы тәрізді, әлем біріншіліктерінде де ерлер құралақан қайтып, әйелдер жасағы жүлдемен оралатын жағдай жиі орын алып жүр. Бұл – әрине, қуанарлық жағдай.

Дегенмен, кем дегенде өзінен екі есе ауыр зілтемірді күніне бірнеше рет көтеретін бойжеткен ертең қандай ана, қандай әйел болатыны уайымдатады. Ал, ер адамдардың өзіне де жаттығу бастағаннан соң жарты, бірер жылдан соң-ақ миына әсер ететін бокста да қыз балалар күн санап көбеюін қалай түсінуге болады? Кейбір бокс мамандарының өздері қыз балалардың осы спорт түрімен айналысуын дұрыс деп есептемейді. Себебі, бокс – қыздар түгілі, жігіттердің өзі айналысуға бел буа алмайтын өнер. Жаттығу немесе жарыс сайын нәзік тәндеріне зілбатпан соққы тигізуі оңай нәрсе еместігін айтады. Осы арқылы біз аталмыш спорт түрлері мен қыз бала мүлдем бір-біріне сай емес, кереғар дүниелер дегенді айтқымыз келмейді, тек спортты серік етемін деуші арулар, олардың ата-аналары өздері үшін лайықтысын, залалсызын ғана таңдай білсе екен деген жақсы ниеттен туған ойымыз.

Әрине, кез келген спорт спортшы үшін мінез-құлқын шыңдауға, азамат ретінде қалыптасуына, денсаулығын нығайтуына орасан зор ықпал етеді. Солай бола тұра, сұлудың сымбаттылығын аша түсетін, сыртқы мүсініне де, денсаулығына да келтірер пайдасы орасан зор, дененің барлық бұлшық етін қозғалысқа түсіріп, тыныс алуын жақсартатын аэробика, гимнастика, суда жүзу, спорттық би, велоспорт, волейбол, теннис, жеңіл атлетика, мәнерлеп сырғанау сияқты спорт түрлерімен айналысу олардың табиғатына келіңкірейтін тәрізді. Бұлардан бөлек, сан қырлы спортта сұлудың сымбаттылығын аша түсетін түрлері тағы қаншама!

Бақтыгүл ТҰРСЫНҚЫЗЫХ.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің түлегі:

−  Маған спорт түрлерінің ішінен жүгіру мен жүзу ұнайды. Жүгіргенде және жүзгенде өзімді жеңіл сезінемін. Әсіресе, күні бойы алатын негативті осы екі спорт түрі арқылы бойымнан шығарамын. Және де жүгіргенде ойымды алаңдатып ештеңе ойламауға тырысамын. Жалпы, жүгіру мен жүзу менің өмірімнің бір бөлшегі іспетті.

Айнұр ҚАЛАУОВА, Боран Нысанбаев атындағы орта мектептің мұғалімі:

−  Мен волейбол мен үстел теннисі ойындарына қызығамын. Себебі, бұл ойындар дене шынығып, дене мүшелерінің жақсы қалыптасуына оң әсер етеді. Өзім кәсіби түрде айналыспасам да, араға уақыт салып ойнап тұрғанды құп көремін. Әсіресе, демалыс уақыттарында ден қоюға тырысамын.

Жанбота ӘБДІРАХМАНОВА, психолог:

−   Қыз бала спорттың бокс, каратэ сынды түрімен айналысқаннан кейін мінезінде кейбір жағдайда қатыгездік, шалт шешім қабылдаушылық пайда болады. Тіпті, оның бойындағы туабітті жанашырлық, ізгілік қасиеттері кеміп, керісінше, безбүйректік пайда бола бастауы мүмкін. Одан соң қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін отбасында ерімен арадағы қарым-қатынасы да өзгеше қалыптасады. Олар көбіне ер адамнан үстем болуға тырысады. Күні ертең сәбилі болып, кішкентайын тәрбиелегенде де кешегі спорттың қанға сіңген қағидалары менмұндалап тұрады. Аялы алақанның орнына жылдар бойы құм салған қапшықты ұрған тас жұдырық та жүріп кетуі әбден мүмкін.

Мұратбек Жаңабай

Related Articles

11 Comments

  1. Қыздар үшін айналысамын десе, өзге де қауіп-қатері аз, зияны жоқ спорт түрлері толып жатқан жоқ па?

  2. Дене бітімі дұрыс жетілу үшін, ағзаның түзу қалыптасуы үшін айналысқыңыз келсе, көр­кем гимнастика, би тәрізді спорт түрлері толып жатыр ғой. Ал бокс, шығыс жекпе-жектері тәріз­ді спорт түрлерімен айналысу нәзік жандылардың тіпті де қолы емес.

  3. қыз балалардың жұды­рықтасумен айналысуын дұрыс деп есептемеймін.

  4. қыз балалармен сөйле­сіп көрсең, ең басты себебі елік­теу екендігін аңғаруға болады. Сондай-ақ, өздерін-өздері қорғаймыз дегенді де айтады. Соншалықты қыз балалар өздерін әлдекімнен қорғауға дайындалатындай ел шетіне жау келіп тұрған жоқ қой.

  5. Күні кешегі Мәншүк пен Әлияның да есімін пір тұтамыз, құрметтейміз. Бірақ, ол заман басқа заман. Ел басына күн туғанда нәзік жандылар да азаматтармен бірге басқыншы жаумен арыстандай арпалысуына тура келген.

  6. Қыз балалар спорттың қа­ты­гез түрлерімен айналыс­қан­нан кейін олардың бойында, міне­зінде қаталдық, шалт шешім қабыл­дайтын асығыстық белең алып, тіпті жанашырлық, ізгілік іздері кеміп, керісінше, безбүйректік пайда бола бастайды

  7. Кез келген спорт спортшы үшін мінез-құлқын шыңдауға, аза­мат ретінде қалыптасуына, денсаулығын нығайтуына ора­сан зор ықпал етеді дей тұр­ғанымызбен, өз басым қыз бала­лардың спорттың бұл түрі­мен айналысқанын дұрыс деп есептемеймін

  8. Қазіргі жастар Алпамыс пен Қобы­­ланды батырларды естіп-көрген жоқ. Керісінше, олардың әрқай­сысы Брюс Ли мен Жан Клод Ван Дам болғысы келеді. Қыздар да солай. – Шығыс жекпе-жектерімен айналысатын қыздар аз емес

  9. Кыз минезди ерлерди кызтеке дейди.ер минезди кыздарды еркекшора дейди.кандай спортпен айналаспасанда оз коркем минезинмен калу керек.

  10. Бокс, төбелес сынды спорттарда қазақ қыздарының көбеюі, менінше өзге спорт түрлерінде чемпион болу қиын болғандықтан деп ойлаймын

  11. Қыздар спортында бәсекелестік өте жоғары. Қанша талпынған Әлия Юсупованың өзі Олимпиаданың қола жүлдесін де алмады

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button