Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Бопай ханымның бір уыс топырағы туған жеріне әкелінді

Ең алғаш қыздар мектебін ашқандардың бірі – Әбілқайыр ханның жұбайы, ел ішінде ақылгөй дана атанып, есімі аңызға айналған Бопай ханымның мәңгілік мекенінен бір уыс топырақ оның кіндік қаны тамған туған жері – Атырауға әкелінді. Осы мақсатта «Бопай ханым ізімен» атты арнайы экспедициялық топ құрылған болатын. Оның мүшелері – игі іске демеушілік танытқан атыраулық және ақтөбелік азаматтар.

Бопай ханымның бір уыс топырағы

Солардың бірі Жылыой ауданындағы «Ақмешіт» кесенесінің имамы Ислам қажы Мырзабекұлын сөзге тартқан едік.

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасымен тұспа-тұс келген сапар барысы туралы айтсаңыз…

Бопай ханымның жерленген жері — Орынбор облысы, Елек ауданының Дмитровка селосының аумағында, Доңыз әскери айлағында жатыр. Ақтөбеден шамамен 400 шақырым жерде орналасқан. Киелі орынды тауып берген – сол ауылдың 80 жастан асқан тұрғыны Лұқпан Нығметұлы.

Ақтөбелік азаматтарға арнайы тапсырыс беру арқылы аумақтың сыртын қоршап, қос тілде жазылған құлпытасын орнаттық. Өйткені, губернатор құратын комиссияның мүшелері үшін жазудың мәтіні түсінікті болуы керек. Негізі, өзіміздің облыс әкімдігінің атынан Ресей Федерациясына хат жолдаған едік. Бірақ, арада жеті ай өтсе де, оның жауабы келмеді. Сондықтан, істі аяқтай шешуді ұйғардық. Сөйтіп, бір уыс топырақты елге әкеліп жатқан жайымыз бар.

Осынау оң бастаманы қолға алуға не түрткі болды?

2015 жылғы 12 маусымда Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіхалықованың қолдауымен халықаралық дәрежеде «Қазақ хандығы тұсындағы арулар мен ханымдар» деген тақырыпта ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Онда Біріккен Ұлттар Ұйымының тұрақты өкілінің орынбасары Мунхтуя Алтангерел, жоғарыда аталған университет оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Болат Көмеков, қазақ-американ университетінің оқытушысы, профессор Самат Өтениязов және басқалар Бопай ханым жөнінде біраз тың мәліметтерді жеткізді. Біз содан бойымызға үлкен рух пен жігер жинадық, Отанға деген сүйіспеншілігіміз артып, ұлтжандылығымыз еселене түсті. Айталық, менің жасым жетпістен асса да, әдетте жастар жасайтын жұмысты атқарып жатқаным, сол жігердің жанығаны деп білемін. Оның үстіне, Елбасының «Туған жер – әркімнің шыр етіп жерге түскен, бауырында ойнап, еңбектеп қаз басқан құтты мекені, жалпы, жұртыңды, исі алашыңды құрметтеу туған өлке тарихын біліп, табиғатын аялап, танудан, адамдарын ардақтаудан басталады» деген сөзінің өзі неге тұрады?!

Арнайы топ құрамында кімдер бар?

Олардың қатарында Атыраудан Сағын Қапесұлы, Ақтөбеден Игілік Барсайұлы, Мұхтар Мейіров, Мейірхан Ақдәулетұлы, Раукен Отыншин, Жәнібек Әнешов және басқа да азаматтар бар. Олар бұл сапарда көмектерін аяған жоқ.

Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз…

Біздің ендігі жоспарымыз Құлсары қаласынан 20 шақырым жердегі Бақашы деген ежелден келе жатқан тарихи қауымға Бопай ханымның сүйегін жерлегіміз келеді. Одан кейін жазда ас беріп, арнайы кітап шығаруды қолға алмақшымыз. Кітапты Нұрлан есімді азамат өз мойнына алып отыр. Осылайша, ел ардақтысын халыққа таныту ойымызда бар.

Құлсары қаласында 27 қазанда аудандық мәдениет үйінде Бопай ханымның өнегелі өмір жолы мен қоғамдық-саяси қызметі баяндалатын конференция өтеді. Оған еліміздің әр өңірінен ғалымдар шақырылып, баяндамалар тыңдалады. Одан соң келген қонақтар Алтын адам мен Құлсары, Құлшан аталар жерленген тарихи орындарға, Бақашы қауымына барып зиярат етеді. Аудандық мұражай жәдігерлерімен танысады. Кешкісін Ақмешітте қонақасы беріліп, Әбілқайыр хан мен Бопай ханым рухтарына бағышталып құран оқылады деген жоспарымыз бар.

Бопай ханым өзге тарихи тұлғалардан несімен ерекшеленеді?

Қазақ хандарының жұбайлары ішінде Бопай ханым – тарихқа енген бірден-бір тұлға. Александр Сергеевтің «Петербургский посол» деген 450 беттік кітабында да есімі аталған. Алексей Левшин жазбаларында: «Бопай Әбілқайыр ханның және оның мұрагерлерінің ақылшысы ғана емес, бүкіл халыққа шапағаты тиген ақылды ханым болды» деген сөз бар. Сондай-ақ, ол Шыңғыс ханның жұбайынан кейін ханым мәртебесіне ие болған. Тіпті, жеке мөріне дейін болыпты. Сөйтіп, орыс патшайымы Елизавета Петровна, Анна Иоанновналармен терезесі тең болған екен.

Елбасының өзі: «Біз – әйелді, ананы әркез құрметтеп, жоғары бағалаған халықпыз. Батыр аналарымыз ел басына күн туғанда ер азаматтармен бірге қолына қару алып, Отан қорғаған, ел үшін ер азаматтармен бірге жауға шапқан. Бопай ханым, Хиуаз, Әлия, Мәншүктердің өшпес ерліктері елдің санасында қалғанын бәріміз жақсы білеміз» деген. Ендеше, өткенімізді өшірмей, ұлы тұлғаларымызды ұлықтап жүрейік.

Әңгімеңізге рахмет!

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button