
Bombardier Challenger маркалы жаңа санитариялық авиация ұшағы Кореяға ұшып кетті
Кеше дәрігер мен фельдшерден тұратын Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының мобилдік медициналық авиация бригадасы «Аlaman Air» әуекомпаниясының алғашқы жаңа Bombardier Challenger CL-600-2B19 ұшағымен пациентке Кореяға ұшып кетті.

Республика Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, бригада туа біткен жүрек кемістігі диагнозы қойылған 4 жасар баланы Оңтүстік Кореяның Сеул қаласынан Ұлттық педиатрия және балалар хирургиясы орталығында одан әрі емдеу үшін Алматыға тасымалдауы тиіс. Жаңа турбореактивті мамандандырылған ұшақ ауыр жағдайдағы пациенттерді алып жүруге арналған екі медициналық модулмен жабдықталған.

–Бұл рейс қауіпсіздік пен жайлылықтың жоғары деңгейін қамтамасыз ететін ең жаңа әуе кемесін пайдалану арқылы адамдардың өмірін сақтаудағы маңызды қадам болды. Денсаулық сақтау министрлігінің авиакомпаниялармен инвестициялар туралы келісім-шарттарындағы әріптестік шеңберінде тозған ұшу техникасын жаңа борттарға ауыстыру жүріп жатқанын естеріңізге сала кетейік, — делінген баспасөз хабарламасында.

Айта кету керек, қазіргі заманғы борт ел бүкіл аумағы бойынша өңіраралық тоқтаусыз рейстерді, сондай-ақ республика азаматтарын шетелдік клиникалардан тасымалдау бойынша халықаралық рейстерді орындауға арналған.
Алтыншаш НӘСІПҚАЛИҚЫЗЫ