Жарнама
ЖаңалықтарҚоғам

Болашаққа салынған инвестиция

Осыдан екі жыл бұрын Мемлекет басшысының халыққа арнаған Жолдауында айтылған «Ұлттық қор ­­– балаларға» бағдарламасы бойынша 18 жасқа дейінгі кішкентай қазақстандықтардың алғашқы несібесі өткен аптада 100 доллар 52 центтен аударылды. Бұл сома неліктен өзгерді? Бұдан бұрын оның көлемі жоғары болатындығы айтылған еді ғой…

Мемлекет берген мүмкіндік

Қаржы вице-министрі Дәурен Темірбеков мұның себебін бала туу көрсеткішімен байланыстырады. Оның айтуынша, сол кездегі есептеулерге сәйкес балалардың саны 6 миллион 400 мың болыпты-мыс. Ал, бүгінде бағдарламаға қатысушылардың саны 6 миллион 900 мыңнан асқан екен. «Сол есептеуге сәйкес, бүгінде бөлініп жатқан қаражаттың сомасы – 695 млн. доллар. Осы соманы 6 млн. 919 мың 131 балаға бөлсек, сонда 100 доллар 52 цент шығады» деді вице-министр. Иә, түсетін түсім мен бала санына нақты болжам жасау мүмкін емес болар, десе де туу көрсеткішінің жоғары екенін ескеріп, сәйкесінше халық санының көбейетінін болжау да қиын емес секілді.

– Сондай-ақ, журналистерге жауап беру барысында вице-министр «Осы бағдарламаның тиімділігін 18 жыл түсім түсетін балалар ғана көре алады. 100 доллар алатын баланың ата-анасы «Отбасы банкі» арқылы депозит ашып, соған салып қоюына болады немесе бұл ақшаны «Бонус» деген бағдарлама бар, соған да жинақтай алады» деп кеңесін де беріпті. 

Қанша балаға төлем түсті?

Сонымен біздің өңірден қанша баланың есепшотына төлем түсті? Аталған қаржының көлемі жыл сайын өзгеріп отыра ма? Егер ата-ана арнайы сайт арқылы баласына ақша түспегенін білсе не істеуі керек?  «Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Қозыбақ Құлбарақовтан білгеніміздей, 1 ақпанда Атырау облысы бойынша 277 236 балаға 27 867 763 АҚШ доллары көлемінде төлем аударылыпты. Ал, биыл 18 жасқа толатын 11 117 атыраулық өз несібесін алып үлгеретін көрінеді.

   – Жыл сайын «Ұлттық қор – балаларға» бағдарламасы бойынша балаларға Ұлттық қор активтерінің валюталық бөлігінің инвестициялық табысының 50% мөлшері есептеледі. Есептеуді Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі жүзеге асырады. Бұл ретте Ұлттық қор активтерінің валюталық бөлігінің табысы есепті жылдың алдындағы он сегіз жыл бойынша орташаланады. Сонымен қатар, өткен жылдардағы балаларға есептелген сомалар Ұлттық қор активтерінің құрамында АҚШ долларымен инвестициялануды жалғастырады. Соның нәтижесінде оларға қосымша инвестициялық кіріс есептеледі. Осылайша, балаларға жыл сайынғы тиесілі сома Ұлттық қордың инвестициялық қызметінің нәтижелері бойынша айқындалатын болады. БЖЗҚ инвестициялық кірістің жалпы сомасын (балалардың шоттарына есептеу үшін ҚР ҰБ есептеген) және Қазақстан азаматтары болып есептелетін барлық баланың санын (Әділет министрлігінің деректерімен салыстыру негізінде айқындалған) негізге ала отырып, бағдарламаға қатысушы әрбір балаға есепті жылдағы талап сомасын есептейді, — деген Қозыбақ Әбуұлы жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, болашақта 18 жасқа толған әр балаға төленетін жинақтар сомасы қандай болатынын алдын-ала нақты есептеу мүмкін еместігін жеткізді. Ол Ұлттық қордың жинақталған активтерінің көлемімен, оның тарихи инвестициялық кірістілігі бойынша нәтижелерімен және бағдарламаға қатысушы балалардың санымен айқындалатын болады.

…Бұл – алғашқы есептеулер

  Егер ЖСН дұрыс көрсетілсе және кәмелетке толмаған бала Қазақстан Республикасының азаматы болып табылса, бала туралы мәліметтер «Жеке тұлғалар «Мемлекеттік дерекқорында» болмаса, ата-анаға немесе басқа заңды өкілге «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ (ХҚКО)-на жүгіну ұсынылады. «Жеке тұлғалар» мемлекеттік дерекқорына қажетті түзетулер енгізілгеннен кейін БЖЗҚ балаға талаптар мен инвестициялық табысты өткізіп алған кезеңді ескере отырып, 2025 жылғы ақпанда толық көлемде есептейді.

 Айта кетерлігі, бұл алғашқы есептеулер екенін түсіну де керек болар. Жыл сайын аталған сома Ұлттық қор активтерінің өсуі және инвестициялық кіріс алу есебінен ұлғайып отырады. Бұдан бөлек, есептелген қаражат Ұлттық қордың валюталық активтерінің құрамында инвестициялануын жалғастырады және бағдарламаға қатысушы балаларға олар 18 жасқа толғанға дейін қосымша инвестициялық кіріс әкеледі.

    Иә, көрсетілген сома ешкімнің мұртын майлай қоймас, мұны тек баланың болашағына салынған инвестиция деп түсінген жөн-ау. «Бұл төлем «баспана алуға» деп көрсетілгенімен, үй сатып алады деп түсінбеу керек. Бала 18-ге толғанға дейін шотында 3000-3500 доллар жиналса, әрі қарай 3-4 жыл шотына ақша салып жинағын толтырып тұрса, үй алуға тым-тәуір алғашқы жарнаны жинауға болады. Мұны мемлекет берген мүмкіндік ретінде пайдалану керек» дейді мәжілісмен Дәулет Мұқаев.  Жөн пікір…

Рита ӨТЕУҒАЛИ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button