Жарнама
Жаңалықтар

Болашақ жолшылар зертхана жұмысымен танысты

Жол саласындағы маман тапшылығын жою мақсатында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» Республикалық мемлекеттік кәсіпорны кешенді бағдарламаны жүзеге асырып келеді. Соның бірі — жоғары сынып оқушылары мен студенттерге арналған «Ашық есік» күні. 

Республикалық кәсіпорынның Атырау облыстық филиалында болашақ жолшыларға арналған ашық есік күні өтті. Іс-шараға Атырау энергетика және құрылыс колледжінің «Автомобиль жолдары мен аэродромдар салу және пайдалану» мамандығы бойынша білім алып жатқан 1 курс  студенттері келді. Оларға филиал директоры Д.Сайлауов мекеменің негізгі атқаратын міндеттерін, ашық есік күнінің маңызын айтты. Қазақстандағы жолдар туралы өңірдің және жалпы еліміздің автожол саласының жетістіктері туралы кеңінен ақпарат берді. Жол саласын кадрмен қамтамасыз ету мәселесіне жеке тоқталды.

«Жыл сайын елімізде мыңдаған шақырым автокөлік жолы салынады және жөнделеді. Еңбек нарығы бұл салада білікті мамандарды қажет етеді. Мемлекет тарапынан кадрлар даярлауда үлкен қолдау көрсетіліп жатыр. Жыл сайын жол саласының түрлі мамандықтары бойынша оқуға 10 мыңға дейін грант бөлініп, студенттер стипендиялармен және жатақханалармен қамтамасыз етіледі», — деді Д.Сайлауов. 

Гауһар Атанчинова бастаған зертхана мамандары филиалдың сынақ зертханасын, оның техникалық жарақтандырылуын және мұнда қандай сынақтар жүргізіліп жатқанын көрсетті. 

«Жол құрылысына пайдаланылатын материалдарға сынақ жүргізіп, талдау жасайды. Асфальттың, инертті материалдар құрамының сапасы, битумның созыңқылығы және тозуы тексеріледі. Ашық есік күнінің мақсаты – болашақ мамандарға жол саласында жасалатын осындай жұмыстарды таныстыру. Олардың мамандық таңдауына бағыт-бағдар беру. Жол саласындағы инженер, зертханашы мамандардың жұмысын көрсету.  Ал, студенттердің өздері таңдаған мамандыққа қызығушылығын оятып, жол салу жұмыстарының қыр-сырын тәжірибе негізінде үйренулеріне мүмкіндік жасау,- деді зертхана меңгерушісі Гауһар Атанчинова.

Жыл басынан бері зертханада Атырау жолдарының құрылысына пайдаланылған материалдардан алынған 155 сынама сараптамадан өткен.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button