Жаңалықтар

Болашақ мұнайшылар диплом алды

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінде бітіруші студенттер мен магистранттарға диплом тапсыру салтанатты рәсімі өтті.
Іс-шараға Атырау қаласының әкімі Шәкір Кейкін, оқу орнының басқарма төрағасы-ректор Гүлзада Шакуликова, өндірістік серіктестер, университеттің профессорлық-оқытушылық құрамы, бітіруші түлектер мен олардың ата-аналары қатысты.

Университеттің басқарма төрағасы-ректоры Гүлзада Шакуликова оқуда озат атанған, үздік дипломмен аяқтаған 13 студентке диплом табыстады.

-Осы жылдар ішінде сіздер білім мен ғылымға терең үңіліп, үлкен еңбектің арқасында жетістікке қол жеткіздіңіздер. Сіздердің табандылықтарыңыз, ынталарыңыз және білімге деген құштарлықтарыңыз бізді әрқашан қуантады. Сіздер тек теориялық білім ғана емес, практика жүзінде де халықаралық, республикалық, аймақтық деңгейдегі өндіріс орындарынан тәжірибе жинадыңыздар. Осы уақытқа дейін алған білімдеріңіз сіздер үшін жарқын болашақтың кепілі боларына сенемін, — деді Гүлзада Тәңірбергенқызы.

Биыл UTEBAYEV UNIVERSITY бакалавриатты 570 түлек аяқтады. Оның ішінде қос диплом иегерлері, 13 үздік студент бар. Дуальды білім беру бағдарламасын 43 студент тәмамдап, дипломмен бірге еңбек кітапшалары мен өндірістік серіктестер атынан сертификаттарға ие болды. Ал магистратураны 42 түлек бітірді.

С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай және газ университетінің 65 жылдығы қарсаңында ұйымдастырылған түлектердің бітіру кешіне қала әкімі Шәкір Кейкін қатысып, университет қабырғасында білім алып, сан-салалы ғылымды меңгерумен қатар оқу орнының студенттік өміріне белсене араласып, қоғамдық жұмыстарды абыроймен атқара білген және түрлі білім сайысы мен спорттық турнирлерде, шығармашылық байқауларда Атырау мұнай және газ университетінің мәртебесін асқақтатуда өзіндік үлес қосқан бір топ түлекті Алғыс хатпен марапаттады.
Сондай-ақ студенттерге диплом табыстау кешіне арнайы шақырылған өндірістік серіктестер де түлектерге сәт-сапар тіледі.
Мәлике МӘЛІК

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button