Жарнама
Жаңалықтар

Болашақ мамандарды даярлауға үлес: «Ембімұнайгаз» Атырауда ерекше оқу полигонын салып жатыр

«Ембімұнайгаз» АҚ-ның қаржылық қолдауымен Атырауда С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университеті үшін оқу-өндірістік полигоны салынуда. Жоба жер қойнауын пайдалану жөніндегі келісімшарт міндеттемелерін орындау және университет арасындағы серіктестік аясында қолға алынды, — деп хабарлайды компанияның баспасөз қызметі.

Оқу полигоны — жер қойнауын барлаудан бастап, көмірсутек өңдеуге дейінгі өндірістік процестердің толық циклі бар мұнай-газ өндіру мекемесінің шағын моделі. Оның ауданы — 2 гектар. Құрылыс жұмыстары былтыр екінші жартыжылдықта басталған.

Бүгінде құрылыс-монтаждау жұмыстарының 70%-ы атқарылды. Жерасты жөндеу жұмыстарын жүргізуді үйрету үшін тереңдігі 80 және 20 метр болатын екі ұңғыма бұрғыланды. 15 оқу алаңы салынды, онда студенттер практикалық тапсырмаларды орындайтын болады.

–Қазір полигон аумағын абаттандыру жұмыстары жүріп жатыр. Құрылыс сапасы тұрақты бақылауда. Нысан 2025 жылдың соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарланып отыр. Оқу полигоны электргазбен дәнекерлеуші, темір жонушы, машинист, оператор және тағы да басқа сұранысқа ие мамандарды даярлауға мүмкіндік береді. Бұл «Жұмысшы мамандықтар жылы» аясында аса маңызға ие. Әкімшілік ғимаратта химиялық талдау зертханасы мен оқу кабинеттері ашылады, — делінген ресми хабарламада.

Айта кету керек, оқу-өндірістік алаң пайдалануға берілгеннен кейін С.Өтебаев атындағы Атырау мұнай-газ университеті осындай заманауи технологиялық базасы бар Қазақстандағы алғашқы жоғары оқу орны болады. Жоба диплом алған мамандарға еңбек жолын бастауда үлкен көмек береді деп күтілуде.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button