Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайы

Болашақ сарбаздар сап түзеді

Атырау қаласындағы жалпы білім беретін 56 мектептің 10-сыныбында оқитын 426 оқушының қатысуымен Бесікті елді мекеніндегі демалыс аймағында бес күндік далалық оқу-жаттығу жиыны өтті. Әскери-патриоттық шараның ашылу салтанатына қала әкімінің орынбасары Мейірім Қалауи, 5546-әскери бөлім командирінің орынбасары Саян Аманжолов, ардагер ұстаздар, Ауған соғысының ардагерлері қатысты.

сарбаздар

Оқушылар, алдымен, мектепте теориялық, кейін оқ  атудан,  тактикалық  және спорттық  дайындықтан  практикалық  сабақтарда дәріс алды. Арнайы мамандар сапқа тұру, басқа да тәртіпке негізделген әскери ережелерді үйретті. Демалыс аймағында олар үшін барлық жағдай жасалған. Арнайы күркелер де дайындалған. Қалалық білім бөлімі мамандарының айтуынша, енді бұл шара жыл сайын ұйымдастырылып тұрады.

— Дала жиындары соңғы жылдары өткізілмей қалды. Жастар арасында әскери-патриоттық бағыттағы кемшіліктер содан туындайды. Осы жиынның басты мақсаты — әскер қызметін жас өрендер бойына сіңіру, патриоттық рухты қалыптастыру. Өйткені, ел мен жердің, мемлекеттің қауіпсіздігі мен мызғымас тыныштығын күзету – жас ұрпақтың басты борышы. Азаматтық әрі патриоттық тәрбие мектеп қабырғасындағы әрбір оқушының санасына сіңірілуі тиіс. Осы орайда, әскери қызметкерлер, кинологтар өз тәжірибелерімен бөліседі, — деді  Мейірім Жоламанұлы.

Ал, ардагер ұстаз Мақсат Абдрахманов оқушыларға әскери патриоттық тәрбие беру жөніндегі жұмысты жоғары бағалап, №3 орта мектептің директоры Ерік Оралбековті «Еңбегі үшін» медалімен марапаттады.

— Мұндай жиын арқылы елді қорғау оңай жолмен келмейтінін ұғындық.  Бұл шара отансүйгіштік сезімімді одан әрі арттыра түсері сөзсіз. Әр азамат өзінің Отанына қызмет етуі тиіс. Мектепті тәмамдаған соң, Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігінің Б.Бейсенов атындағы академияға оқуға түскім келеді, — дейді И.Тайманов атындағы орта мектептің оқушысы Алмас Қалаубаев.

Айгүл Социалқызы

Суретті түсірген: Максим СТАДНИЧЕНКО

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button