
Спорт
Бөдене ауылында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды
Индер ауданы Бөдене ауылында тұрғындардың бұқаралық спортпен шұғылдануына қолайлы жағдай жасау мақсатында 160 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Жобаны жүзеге асырушы мердігер – «ARSM» ЖШС. Құрылыс-монтаждау жұмыстарын бастауға қажетті рұқсат құжаттары толық рәсімделген. Құрылыс мерзімі – 8 ай.

Жоба аясында кешеннің ішінен күрес және бокс залдары, жаттығу залы, көпфункционалды спорт залы, тренерлер бөлмесі, гардероб және санитариялық тораптар қарастырылған.
⁃ Жаңа нысан іске қосылғаннан кейін ауыл тұрғындары үшін спортпен тұрақты айналысуға және салауатты өмір салтын қалыптастыруға мол мүмкіндік туады. Бұл ауыл жастарының спортқа деген қызығушылығын арттырып, олардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға сеп болмақ, - деді аудандық Құрылыс бөлімінің басшысы Дарын Ілиясов.
Қазіргі уақытта құрылыс алаңында іргетас тіректерін орнатуға бағытталған жер қазу жұмыстары жүргізілуде.