Бизнесті өрістетуге не кедергі?
«Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық бөлімі аймақтық кеңесінің кеңейтілген мәжілісі өтіп, оның жұмысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев қатысты.
Палата кеңесінің мүшелері мен аудандардан келген филиал жетекшілері өздерін толғандыратын мәселелерді бүкпесіз ортаға салып, талқылады. Алдымен облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев өзі басқарып отырған құрылымның соңғы үш жылда атқарған қызметінен хабардар етті.
— Облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің мүшелері биылғы жылы тамыз бен қазан айлары аралығында облыс әкімінің тапсырмасымен барлық аудандарды аралап, 62 селолық округте болды. Мұндағы басты мақсатымыз – жергілікті тұрғындарға шағын және орта кәсіпкерлік саласында еңбек етіп жүргендерге мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдаулар мен олардың тіршілігінде кездесетін көкейкесті мәселелерді білу еді. Аудандарға сапарымыз барысында біраз шешімін таппай отырған жайттарға қанықтық. Енді біз тиісті құзырлы органдардың көмегіне сүйене отырып, оны шешу жағын қарастыратын боламыз, — деді Асылбек Мұхитұлы.
Оның айтуынша, ауыл кәсіпкерлерін инфрақұрылымның жоқтығы қатты мазалайды. Мысалы, облыс аумағындағы шағын және орта кәсіпкерлікке салынып, тұрғызылған 78 нысанға әлі күнге инфрақұрылым тартылмаған. Көпшілігі «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасы бойынша несие алғандар. Кәсіпкерлік үшін ғимарат салды, құрал-жабдықтарын әкелді. Бірақ, газ не электр қуатының жоқтығынан бизнестерін бастай алмай отырған көрінеді.
Кәсіпкерлер палатасы директорының пікірінше, оны шешудің бірден-бір жолы – жергілікті бюджеттен қаражат бөлінуі және аудандар мен ауылдық округтерде бизнес-инкубатор мен шағын индустриалдық аймақтар ашылуы қажет. Сондай-ақ, бірқатар ауылдардағы мемлекет теңгеріліміндегі бос тұрған ғимараттарды аукцион арқылы сату керек. Немесе, оларды бизнес-инкубаторлар ашу үшін кәсіпкерлерге сенімді басқаруға берген дұрыс. Ал, мемлекеттен несие алып, кәсібін жаңа бастап жатқан адамға газ бен электр қуатын жүргізудің оңайға соқпайтыны тағы түсінікті.
Мәселен, «Атырау-Жарық» пен «ҚазТрансГазАймақ» АҚ сынды монополист кәсіпорындардың инфрақұрылым тарту үшін қызмет көрсету тарифтері нақтыланбаған, әркімге әртүрлі баға ұсынады. Кәсіпкерлер бұған бірыңғай тариф белгіленуі тиіс деп есептейді. Ауыл кәсіпкерлері газ бен электр желілерін тарту шығындарын субсидиялау қажет және олар кәсіп иелеріне өз қызметтерін 50 пайыздық жеңілдікпен берсе деген ойын айтады.
Кеңейтілген мәжілісте Іскер әйелдер қауымдастығының жетекшісі Нұрлы Әйтиева, белгілі кәсіпкерлер –«Атырау облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Әлия Бекқожиева, «Батыс АльянсСтрой» ЖШС бас директоры Әділ Жұбанов,«LOGIC SERVICES CENTRASIA» ЖШС директоры Серболат Шораев, «ЖігерМұнайСервис» ЖШС бас директоры Асхат Дүйсалиев, Жылыой аудандық кәсіпкерлер палатасы филиалының директоры Ерболат Төлендиев және бас-қалар сөйлеп, шағын және орта кәсіпкерлік иелерінің құқық-тық сауатын көтеру, мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан қолдау, бизнесті субсидиялау, инфрақұрылым жүргізу, жер телімдерін бөлу мен оны заңдастырудың құжаттарын жинақтау, қызмет көрсетудегі бюрократтық кедергілердің кеселі жөніндегі ойларын нақты мысалдармен жеткізді.
Облыстық кәсіпкерлер палатасы аймақтық кеңесінің кеңейтілген мәжілісінде сөз алған облыс әкімінің бірінші орынбасары Ғұмар Дүйсембаев айтылған ұсыныстар мен пікірлер жөнінде мәселені тиісті құзырлы мекемелер мен мемлекеттік органдар басшыларының қатысуымен кең көлемде талқылау қажеттігін қаперледі.
— Қазір өз бизнесімді ашамын деген азаматтарға мемлекетіміз жан-жақты жағдай мен қолдау көрсетіп отыр. Облыста осы мақсатта бөлінген қаражат та бар. Бірақ, біздің кәсіпкерлердің кәсіптерін кеңейтуге деген құлшынысы басқа аймақ-тарға қарағанда төмендеу. Шағын бизнестің мән-маңызын ауылдық жерлерге өз дәрежесінде жеткізе алмай жатырғанымызды да мойындауымыз керек. Тағы бір ескеретін жағдай, жер қатынастарына қатысты мәселе тек қолданыстағы заң тұрғысынан шешіліп, реттелетіндігін де ескеруіміз қажет. Заңсыз әрекетке бара алмаймыз, — деді Ғұмар Исламұлы.
Жиынды «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы Атырау облыстық кәсіпкерлері аймақтық кеңесінің төрағасы Абай Жұмағұлов қорытындылады.
Айта кету керек, кәсіпкерлердің бұл басқосуына Атырау қалалық әкімдігінен, жер қатынастары, сәулет-құрылыс бөлімдерінен шақырылған бірде-бір жауапты тұлғаның төбе көрсетпеуі түсініксіз болды.
Бақытжан ЖҰМАТ
Суретті түсірген:
Ерлан АЛТЫБАЕВ.