ЖаңалықтарҚоғам

«Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» акциясы Атырауда жалғасын тапты

Atr.kz/27 ақпан, 2020 жыл.  Елімізде Ұлы Жеңістің  75 жылдығына орай «Біз – Жеңістің мұрагеріміз!» атты эстафетасы өтуде.

Қазақстандық жауынгерлердің Ұлы Отан соғысындағы жанқиярлық ерлігіне, майдан даласында құрбан болған сарбаздарға құрмет көрсету, жастардың патриоттық құндылықтарын арттырып, қазақстандықтардың қаһармандық жолын дәріптеу мақсатында қолға алынған эстафета Атырау қаласындағы «Жеңіс» саябағында өтті.

Аталмыш шара былтыр Душанбе қаласында өткен ТМД Мемлекет басшылары кеңесінің шешімімен бекітілген Жеңістің 75 жылдығын мерекелеуге бағытталған жоспар аясында ұйымдастырылды.

Эстафетаның негізгі атрибуты – 1941 жылы Алматы қаласында жасақталып, Мәскеуден Берлинге дейін жеткен Кеңес Одағының Батыры генерал-майор И.Панфилов атындағы 8-гвардиялық мотоатқыштар Режицк, Ленин, Қызыл Ту, Суворов орденді дивизиясының жауынгерлік туының көшірмесі. Ту көшірмесін Қазақстан әскери-тарихи музейінің Алматы қаласындағы филиалы ұсынған.

Эстафета аясында данқты панфиловшылар дивизиясының жауынгерік туының көшірмесі республикалық маңызға ие үш қаладан, облыстардағы 14 және шағын жеті қаладан өту жоспарланған.

Ең алғаш бесінші ақпанда Алматы қаласынан бастау алған эстафета Атырау өңіріне Оңтүстік аймақтан сегізінші кезекте жеткізілді. Оны  салтанатты түрде қабылдап  алу рәсіміне полиция, төтенше жағдайлар, қылмыстық-атқару жүйесі департаменттері Ұлттық Ұланның өңірлік қолбасшылықтары, әскери бөлімдері мен бөліністері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, мектеп оқушылары мен әскери-патриоттық клубтардың тәрбиеленушілері, қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатысты.

Алдымен ардагерлер мен ресми өкілдер салтанатпен адымдаған әскери сапқа ілесіп, мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Бір минуттық үнсіздікпен қаза болған жауынгерлердің рухына тағзым етілді.

Шарада Атырау қаласы әкімінің орынбасары Ұлықбек Тінәлиев,  облыстық полиция департаменті басшысының орынбасары Әділхан Байдосов, Атырау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Әліпқали Бекеш және «Батыс» өңірлік  қолбасшылығының  тәрбие және әлеуметтік құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Бақыт Алазов Жеңісті жақындатқан майдангерлердің ерліктері туралы ой бөлісіп, бейбіт өмірді әрқашан қастерлей білу қажеттігін айтты. 

 Салтанатты шарада Ұлттық Ұланның «Оңтүстік» өңірлік 5547  әскери бөлімі командирінің орынбасары, подполковник Нұрлан Шегеновтен Атыраудағы 5546 әскери бөлімінің командирінің орынбасары, майор Тимур Рахимов Ту көшірмесін қабылдап алды.

Одан әрі жауынгерлік туды атыраулықтар ақтаулықтарға табыс етіп, одан әрі еліміздің басқа өңірлеріне жол тартады. Оның ел аумағын темір жол және автокөлікпен шарлаудағы жалпы жолы 11 мың шақырымды құрайды. Эстафета мамыр айына дейін жалғасып, Ұлы Жеңіс күнінде елордада парадқа шығады.

«Жеңіс» саябағындағы бұл шарадан соң  жауынгерлік ту ұстаушы топ Ұлы Отан соғысы ардагерлерінің үйлерін аралады.  Әскери оркестр соғыс жылдарындағы әндерді орындады.  Ұлттық Ұланның 5546 әскери бөлімінің әскери қызметшілері салтанатты шерумен өтіп, ардагерлерге әскери форматта сәлемдесті.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

img 20200227 wa0177
img 20200227 wa0201
img 20200227 wa0092
img 20200227 wa0090
img 20200227 wa0086
http://atr.kz/bez-rubriki/atyrau%D2%93a-premer-ministr-as%D2%9Bar-mamin-keldi/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button