БІЗ ЖАСТАРҒА СЕНЕМІЗ
Десек те, бізді алаңдататыны – кейбір жастарымыздың өз дінінен, өз ортасынан, ұлттық дәстүрінен адасып, жат ағымдар иіріміне түсіп кететіндігі. Өзге өңірдегіні айтпағанда, өткен жылы Құлсарыдағы ықшамауданда болған өкінішті оқиға еске түссе, әлі күнге жүрек сыздап қоя береді. Күні кеше төрт бірдей баласын мектептен, балабақшадан себепсіз қалдырып, оларды теріс тәрбиеге тартқан ерлі-зайыптылардың іс-әрекеті де өзге ағымдардың уағыздарына еріп, адасқандардың амалы екендігі әшкереленді.
Құлсарыда діни ақпараттық-насихаттық екі топ құрылып, олар қаладағы оқу орындарында, орталық мешітте және кейбір өндірістік мекемелерде түсіндіру жұмыстарын жүргізу үстінде. Махамбет даңғылы бойында «Ұлттық ерекшелігімізді ұмытпайық», «Жалған діни ағымдарға біздің Қазақстанда орын жоқ» және «Жастар – экстремизмге қарсы» тақырыптарында билбордтардың пайда болуы да кейінгі толқын жастардың назарын аударып отыр.