news4979

Біз мемлекеттік қызметті қалай түсініп жүрміз?

Жаңалықтар СарапTime Саясат

Әңгімемізді мынадай мысалдан бастағанды жөн көрдік. Алыстағы ауылдың әкімі өзінің орынбасарына кезекті тапсырма жүктейді. Оны ойдағыдай орындаған соң, тағы бір мәселені шешуді тапсырады…

Сөйтіп жүргенде бір жыл өтеді. Ә­лгі орынбасар басшысының бүкіл жұмысын жасап шығады. Жыл соңында орталыққа аяқтай барып есеп беру керек болады. Сол кезде басшылық тарапынан қойылған сұрақтарға орынбасар ғана жауап берген. Жап-жас жігіттің білім-білігіне риза болған басшылар дереу екі қызметкердің орындарын ауыстырады. Осылайша, орынбасар ойламаған жерден басшы болып шыға келеді. Бұл мыңдаған мысалдардың тек бірі ғана.

Əрине, кəсіп туралы сөз еткенде, одан шығатын өнім – жасалған жұмыстың жемісі. Сол секілді, мемлекеттік қызметшінің алдына келген азаматтың бір мəселесі шешілсе немесе əкімнің қабылдауында болғандардың біреуі сұрағына нақты жауап алса, есіл еңбектің өтеуі де сол болмақ. Демек, ел үшін елеңдей отырып, соның нəсібін де көруге болады деген сөз. Турасын айтқанда, жыл сайын, тіпті, күн сайын мемлекеттік қызметшінің кəсіби деңгейіне деген талап күшеймесе, азаяр емес. Бұл бағытта небір жаңа заңдар қабылданып, түрлі ұсыныстар талқыға түсіп жатыр. Əсіресе, соңғы кезде көптің көңілінен шығып жүргені – басшылық қызметтегі азаматтардың халық алдындағы есебін əлеуметтік желі арқылы беруі.

Жасыратын несі бар, қазір жылт еткен жаңалық ресми ақпарат көздерінен бұрын əлеуметтік желіде жарияланып отырады. Бұл – қоғамда тұрақты қалыптасқан жағдай. Одан енді ешқайда қашып құтыла ал-майсыз. Бір əттеген-айы, əлеуметтік желіге жүктелген мəліметке біреу сенеді, біреу сенбейді. Ақиқаттың аражігін ажыра-тып алу мақсатында бүгінде аудан мен ауыл əкімдері əлеуметтік парақшаларға тіркеліп, сол арқылы тікелей көрсетілімге шығып, халықтың сауалына жауап беріп жатыр. Аймақ пен қала басшылары да telegram қосымшасына келіп түскен хаттарға дер кезінде жауап беруде. Алдымен таңдай қақтырған техниканың, сосын бұқарамен бірлесе отырып жұмыс жасауға ниетті мемлекеттік қызметшілердің өсу мен өркендеуге деген талпынысы құптауға тұрарлық.

Рас, бəзбіреулер «жұртпен бұлай жақындасу басшының беделін кемітеді» деген пікірді де айтып жүр. Ондағысы субординация сақталмаса, басшының сөзіне ешкім құлақ аспайтын болады» дегені ғой. Бұл да сол басшының тікелей өзіне байланысты. Керісінше, халықпен бетпе-бет кездесіп, мұқтаждың мұңын тыңдай алмаған лауазым иесін кім сыйлайды?! Мұны да ескеріп жүрген артық етпейді. Өйткені, мемлекеттік қызмет табыс табудың немесе мансап қуудың жолы емес. Бұл екеуі – екі бөлек дүние. Себебі, өзінің уақытын ұрлап, біреудің бақытын ойлаған жан ешқашан біреудің табанын тіліп, тұз сеппеуі тиіс.

Ал, адал еңбек иелері қашан да зор құрмет пен мол марапатқа лайықты. Адам баласы бұл пəниде еңбек етіп, тəтті жемісін татқаны жөн. Ал, сəт сай-ын жаңарып отырған бүгінгі қоғамда қызметтің сан түрі бар. Ішінде елеп, ек-шеп алары болады. Міне, солардың бірі – мемлекеттік қызмет. Неге дейсіздер ғой? О баста адамзат өз-өзіне ғана қызмет қылды. Аурудан арашалап алар дəрігер де, құқық қорғар заңгер де, тəртіп түзетер полицей де, тыныштық сақтар сақшы да, басқасы да қажеттіліктен туған кəсіп иелері.

Ендеше, мемлекеттік қызметші де адам өмірін жеңілдетуге бар күш-жігерін салатын алдымен бірден-бір маман деп білген жөн. Ол өзінен бұрын өзгенің жағдайына алаңдап оты-рады. Қажет деп тапса түн ұйқысын төрт бөлетін де өзі. Өйтпегенде ше? Еңбек тəртібінде егжей-тегжейлі көрсетілген ереже тек жұмыс бөлмесінде ғана билік жүргізеді десеңіз, қателескеніңіз. Себебі, мемлекеттік қызмет əдеттегідей сегіз сағатқа сыя бермейді. Кеңседе қаралып үлгермеген құжат-қағаздар қызметшімен бірге үйге «ілесіп келуі» мүмкін. Өйткені, бұл – қауырт қызмет болғандықтан ешқандай уақыт күттірмейді.

Екіншіден, мұндай жұмыстың жауапкершілік жүгі де ауыр. Мəселен, басқа жұмыстағыдай жеке адамға жүктелген жұмысты ұжым болып бірге атқаруға мүмкіндік бола бермейді. Жауапкершілік тікелей қызметкердің өзінен сұралады. Себебі, ол əуелде қойылған талап үдесінен шыға білуі тиіс. Мұнда «мүмкін», «бəлкім», «со-лай шығар», «уақыт көрсетеді» деген күлбілте ұғымдар мүлде қолданылмайды. Мойынға жүктелген міндетті ойдағыдай орындайсыз, не қызмет ауыстырасыз. Үшінші нұсқасы жоқ. Егер өзіңізге сеніп тапсырылған бір тапсырмаға немқұрайлылық танытсаңыз, онда басқасына да бас ауыртпайтыныңыз айт-паса да түсінікті. Сондықтан, мемлекеттік қызметші болудан бұрын барлық мақсат-міндеттердің астын сызып айқындап алу қажет.

Үшіншіден, халыққа қызмет – қашан да мерейлі міндет екенін де естен шығармаған абзал. Бұл еңбек жалақымен емес, ел азаматтарының тұрмыс-тіршілігімен, ақсақал аталар мен ақжаулықты аналардың алғаусыз алғысымен, балалардың баянды болашағымен бағаланады, жастардың жалын-жігерімен, мамандардың кəсіби шеберлігімен өлшенеді. Жалақысы мар-дымсыз екен деп жұмыстан бас тартып жататын жандар да жоқ емес. Бір жағынан, бұл да дұрыс болар. Дейтұрғанмен, қайнаған еңбек қазанынан өз орныңызды тапқанға не жетсін?!

Мемлекеттік қызмет көзді жұмып қойып таңдай салатын сала емес. Оған екі шоқып бір қарамаса болмайды. Бір ғана құжаттан шаң тозаңындай қателік кетсе, орнын толтыру қиынға соғады. Əсіресе, əлеуметтік маңызы зор бағдарламалардың орындалуына келгенде, мəселе күрделілене түседі.

«Салғырттық сан соқтырады» демекші, бір қызметкердің жауапсыздығы бүкіл бағдарламаның күйреуіне əкеліп соғуы мүмкін. Сондықтан, мейлінше сақтанып, қандай шешімді де мың рет өлшеп, бір ре кесіп барып қабылдау қажет.

Сайып келгенде, мемлекеттік қызметші болу – ерекше мақтаныш, зор мəртебе. Екінің бірі көп көңілінен шыға бермейді. Тек өз ісіне жан-тəнімен берілген жан ғана халықтың шын алғысына бөленеді.

Əрине, сала мамандарына қиындығы мен қызығы қатар өрбіген абыройлы қызметті адал атқарып, барлық мақсат-мұраттарына жеткей деп тілек білдіреміз.

Қазір құбылмалы заманда өмір сүріп жатырмыз. Əлемнің əр түкпірінде əрқалай оқиғалар орын алып жатыр. Мұны күнделікті газет-журналдар мен «көк жəшіктен» біліп отырмыз. Ақшаға бола адам басын қатерге тігіп жүрген елдер де бар. Солармен салыстырғанда, шүкір, біздің елде бейбітшілік те, бірлік те бар. Ал, бірлік пен береке бірге жүретіні белгілі ғой. Осыны тоқшылық кезде естен шығарып алмауымыз керек. Төрт құбыламыз түгел, күніміз – ырыс, түніміз – тыныш. Одан артық ештеңе де керек емес.

P.S.

Мұның бәрін не үшін айтып отырмын? Осы жақсылықтардың артында мемлекеттік қызметшілердің уақытпен санаспай, ешкіммен таласпай атқарған ерен еңбегі, маңдайдан т гілген тері жатыр… Ендеше, «мемлекет мен үшін не істеді?» демей, «мен мемлекетке не бердім?» деп ойлану қажет. Осыны ойлаған азаматтан мықты мемлекеттік қызметші шығатынына сенім мол.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ,

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған