Біз кімнің баласын өсіріп жүрміз осы?
Бастық болып, жеке көлікпен жүру бақыты бұйырмаған жанның бәрі де қажет жеріне қоғамдық көлікпен қатынайды. Қазіргі қоғамдық көліктің жайы бәріңізге белгілі: белің бүгіліп, тынысың тарылып, ап-аласа маршруткада, болмаса, бірін-бірі жанамалап, жарыса «ұшатын» автобустарда жаратқан иеңнен аман жетуіңді тілеп тұрғаның. Қоғамдық көліктің қай-қайсысы да клиентке, дәлірек айтсақ, ақшаға таласуын қояр емес. Осындай асығып-аптығудың ақыры небір жол-көлік оқиғаларына ұрындырып жатса да, олардың бұдан қорытынды шығарар түрі көрінбейді. Ал көлік ішіндегі жағдайға келетін болсақ, тіпті кісі аярлық.
«Екі кемпір бірін-бірі «апа» депті…»
Қала ішіне қатынайтын «ГАЗельде» келе жатырмыз. Жолаушылардың бірі мініп, бірі түсіп жатыр. Кенет ішке жасы алпысты алқымдаған үлкен апай көтерілді. Қолында тамақ толы екі сөмкесі бар. Кіре сала жан-жағына бажайлай қарап, отыратын орын іздей бастады. Артқы орындықта отырған жастардың бірі ұйықтап қалғандай болса, екіншілері ауа жетпей, тынысы тарылып отырған дімкәс жанның кейпіне ене қойды. Байқаймын, ол кісіге менен басқа орын ұсынар жан көрінбейді. Содан орнымнан ұшып тұрып: «Келіңіз, апа, мында отырыңыз!» — дедім. Апам маған бір қарап алды да: «Сенен басқасы болмады ма?!» — деді күлімсіреп. Мен де «болмай тұр…» дедім.
Тағы бірде өзі аядай маршрутканың санаулы орындығына отыздың о жақ, бұ жағындағы жас келіншек бастауыш сыныптарда оқитын екі баласын отырғызып қойыпты. Олардың жанында қырықтардағы әйел түрегеп тұр. Мұны көріп отырған мен шыдай алмай: «Қарақтарым, апаларыңа орын берсеңдерші!» — дедім. Олардың анасы маған қарата: «Ыстықтан бастары айналып отыр, қозғамай-ақ қойыңызшы!» — деді. Қарасам, балалар бір-біріне қарап жымыңдап қояды, сап-сау.
Осынау түкке тұрмайтын нәрсе көрінген оқиға күніне, айына, жылына қанша рет қайталанады десеңізші. Бізді ойлантатыны сол, үлкендерге орын ұсынбайтын, ұсынғысы келмейтін жастың бәрі — өзіміздің қаракөздер. Тек қара басының ғана тыныштығы мен жағдайын ойлайтын олардан болашақта қандай адам шығады — белгісіз. Ал олардан өрбіген ұрпақ қандай болады? Маршрутта орын беру кезінде «екі кемпір бірін-бірі «апа» дептінің» кері қайталана беретіні, әрине, өкінішті…
«Итті қонақ» жарасса да, жараспаса да…
Осыдан екі-үш жыл бұрын бір ағайынның баласы үйленді. Шақырылған қонақ көп-ақ. Санаулы орынға сияр ма екен деп тұрғанымызда, екі қолына екі немереден жетектеген абысын-ажындар, құдағайлар, көрші апайлар келе қалды. Той иелері қатты састы. «Қой, кішкене балалар ойнап жүреді ғой, стол басына отыра қоймас» дегеніміз бекер боп, олардың бәрі дастарханға үлкендерден бұрын жайғасып алды.
Қайда да қазақтың кешігіп келетіні бар емес пе?! Араға жарты сағат салып, тағы біраз қонақ келді. Той иелерінің келіндері мен қыздары балаларды орындарынан тұрғызбақ болғанда, «крыша»-әжелер немерелерінің маңдарына да жуытпады. Тіпті шетте отырған әжейдің жанындағы немересіне: «Тойып ал! Тағы не алып берейін?» — дегенін көргенде, амалсыздан «бізге не болған, қайда кетіп барамыз!?» дейсің.
Кезінде бәрімізді ата-анамыз «біреудің ала жібін аттамаңдар», «ешқашан жалған сөйлемеңдер», «үлкенге орын беріңдер, сөзін бөлмеңдер» деп өсірді. Қазіргінің туған әке-шешесі де, үлкен ата-әжесі де басқаша. Баланы ағайын-туысы жоқ, құдды бір аралда жүргендей тәрбиелейді. Осыны санасына мықтап сіңіріп алатын жас бала өзімшіл болмағанда, тек өзінің ғана жағдайын ойламағанда қайтсін. Тегінде, еліне, халқына жанашыр ұрпақ тәрбиелеймін десеңіз, балаңызға «өзіңе қара», «өзіңнің жағдайыңды жаса», «тамағың тойып жүрсін», «тоңып қалма», «есеңді жіберме» дегеннен гөрі, «адал бол, ешкімді алдама», «біреуді орынсыз тілдеме», «қолыңнан келсе, жақсылық жаса», «ақша үшін көмектеспе», «дауласпа, қатты сөз айтпа» дегендей ақыл қосыңыз. Өйткені, бала — ата-ана айнасы. Ал, айнаның беті әрдайым жарқырап тұруы тиіс!
Лиза СЕЙТІМОВА