Биыл облыста әлеуметтік осал топтағы 634 отбасы баспанамен қамтылады
Былтыр үйдің кілті облыстың 560 тұрғынына табысталды. Оның ішінде жетім және ата-ана қамқорлығысыз қалған балалар санатына – 95, көпбалалы отбасы санатына – 165, әлеуметтік осал топқа – 237, бюджеттік мекемелер қызметкерлері санатына – 15, ал жалғыз тұрғын үйі апатты деп танылған азаматтар санатына 48 пәтер берілді.
Бұл туралы Энергетика және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық басқарма басшысының орынбасары Сырымбет Кенжебаев мәлім етті, — деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
-Биыл әлеуметтік осал топтағы 634 отбасы пәтерлі болады. Оның ішінде 97 пәтерді Атырау қаласынан, 537 пәтерді аудандардан беру жоспарланды. Сонымен қатар өңірде апатты көпқабатты 217 тұрғын үй бар. Бұл мәселені шешуге облыс әкімдігімен жол картасы бекітілді. 2023 жылы — 13, 2024 жылы 24 көпқабатты тұрғын үйдегі пәтер иелері жаңа баспанаға көшірілді. Ал биыл 224 пәтерді сатып алу жоспарланып отыр. Атап айтсақ, 60 пәтер Атырау қаласынан, 164 пәтер аудандардан беріледі, — деді С. Кенжебаев.
Айта кетейік, былтыр облыс әкімінің қолдауымен бірқатар өңірлік бағдарлама қабылданды. Мәселен, «Атырау жастары» жобасы бойынша 115 адамның өтінімі мақұлданды. Сондай-ақ, 43 медицина қызметкері жеңілдетілген несиемен баспаналы болды. Өткен жылы «Бақытты отбасы – Атырау» бағдарламасы арқылы 182 адам тұрғын үймен қамтылды.