Биыл Исатай ауданында «Отбасын қолдау орталығы» ашылады
Өңірдегі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында «Отбасын қолдау орталығы» жұмыс жасайды. Бүгінде орталық Атырау қаласында, Құрманғазы және Жылыой аудандарында бар. Ал биыл аталған орталық Исатай ауданында ашылмақ. Бұл туралы Атырау облысы әкімі аппараты жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі бас инспектор — комиссия хатшысы Зәмзәгүл Жалмурзина баспасөз брифингінде мәлім етті, деп хабарлайды Өңірлік коммуникациялар қызметі.
Бұл орталық қиындыққа тап болған отбасыларға қолдау көрсету мақсатында ашылады. Атырау қаласында мұндай орталық өткен жылдан бері қызмет етіп келеді. Бүгінде Жылыой және Құрманғазы аудандарында бар. Ал осы жылы Исатай ауданынан «Отбасын қолдау орталығы» мен «Дағдарыс орталығын» ашу жоспарлануда.
-Орталықта отбасылық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдер мен олардың балалары уақытша орналастырылады. Қазіргі елдегі жағдай мұндай орталықтың ауадай керектігін көрсетіп отыр. Орталықты ашудағы мақсат – түрлі қиындыққа тап болған отбасына жан-жақты қолдау көрсету. Оның ішінде құқықтық және психологиялық қолдау да бар. Түрлі кедергіге ұшыраған отбасы қолдауды қажет ететіні сөзсіз, — деді З.Жалмурзина.
Сондай-ақ брифингке Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа ұшыраған әйелдерге көмек көрсету бөлімшесі директорының орынбасары Айбаршын Иманғалиева мен Атырау қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобының инспекторы полиция аға лейтенанты Айгерім Орақбаева қатысып, Атырау қаласындағы ахуалмен бөлісті.
-Біздің облысымызда ана мен баланы, отбасылық кикілжіңнен зардап шеккен жандарға көмек қолын созуға барлық мүмкіндік жасалған. Соның бірі 2012 жылы ашылған «Дағдарыс орталығы». Бүгінде орталықта қиындыққа ұшыраған әйелдер мен олардың балаларына психологиялық, құқықтық, медициналық көмек көрсетіледі. Жыл басынан бері орталықта 24 азаматша мен 63 кішкентай бала паналап, бүгін олардың саны 21-ге азайды. Қазір орталық 5 ана мен 16 балаға көмек көрсетуде,- деді О.Иманғалиева.
Өз кезегінде Атырау қаласы Полиция басқармасы Жергілікті полиция қызметі бөлімі Әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы инспекторы полиция аға лейтенанты Айгерім Орақбаева биыл отбасы-тұрмыстық қатынастар аясында әйелдерге қатысты жасалған қылмыстар мен құқық бұзушылықтардың алдын-алу бағытында бірқатар жұмыстар атқарылғанын жеткізді. Нәтижесінде тұрмыс саласындағы құқық бұзушылықтар бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 73-бабымен 677 тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылғанын атап өтті. Сондай-ақ ол, отбасы тұрмыстық саласы бойынша күніне орта есеппен 20-25 хабарлама келіп түсетінін, ал жыл басынан бері 2000-нан астам хабарлама келетінін айтты.