“Биыл Атыраудағы Самал шағынауданынан 4 көп қабатты үйдің құрылысы басталады”
Ел тәуелсіздігінің отыз жылдығы атап өтілетін айтулы белесте құрылыс саласында да кешенді жұмыстар қарқын алып отыр. Биылғы 10 айда облыста атқарылған құрылыс жұмыстарының ауқымы айтарлықтай артты. Негізгі капиталға салынған қаражат көлемі, соның ішінде жеке инвестицияның үлес салмағы едәуір өсті.
Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Нұрберген Құсайыновтың баяндауынша, жыл басынан бері облыста жалпы ауданы 758 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен (614 мың ш/м) салыстырғанда 23 пайызға жоғары. Жыл соңына дейін барлығы 904 мың шаршы метр тұрғын үйді тапсыру жоспарланған.
Жалға берілетін баспанаға – басымдық
Қазір облыста жергілікті бюджет қаражаты есебінен тапсырылатын 52 көп қабатты үйдің жалпы ауданы – 288 мың шаршы метр, 3244 пәтер. Оның 18-і арендалық және 34 үй кредиттік жүйемен салынуда. Осы жылы 1 524 пәтерге есептелген 21 үйдің құрылысын бітіру көзделген. Тапсырылатын үйлердің тең жартысынан астамы (12-сі) – арендалық баспаналар.
Жыл соңында Индер ауданында – 5, Жылыойда – 3, Қызылқоғада – 2, сондай-ақ Мақат кенті мен Атырау қаласында – бір-бір үйден пайдалануға берілмек. Бұл баспаналардың басым бөлігін ұзақ мерзімге жалға берілетін үйлер құраса, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынатын 9 үйге (тұрғын алаңы 64 мың шаршы метр) 648 отбасы несиелік жүйемен қоныстандырылады. Мұндай үйлер негізінен Атырау қаласының Береке шағынауданында салынуда.
Аймақта жеке және коммерциялық тұрғын үйлердің құрылысы да қарқын алып отыр. Осылайша, жыл ішінде азаматтардың өз қаражаты есебінен 630 мың шаршы метр тұрғын алаң іске қосылады деп болжанса, коммерциялық тәсілмен салынатын тұрғын үйдің көлемі 133 мың шаршы метр-ге теңгерілмек. Биыл Атырау қаласындағы Самал шағынауданынан 4 және Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласынан 1 көп қабатты үйдің (ауданы – 31 мың шаршы метр, пәтер саны – 348) құрылысы да басталды. Бұл жұмыстар үй құрылысы комбинаты мен HКОК компанияларының қаражатына салынуда.
Мектеп пен балабақша көбейеді
Әлеуметтік нысандардың көбеюі – елдің әлеуетін білдіреді. Осы тұрғыдан келгенде облысымыз аймақтар арасында көш бастап тұр.
Осыған дейін қала іргесіндегі Водников және Ракуша ауылдарынан 280 орындық балабақша салынып, пайдалануға берілсе, Еркінқаладан да дәл сондай мектепке дейінгі балалар мекемесі бой көтеруде. Бұған қоса, қала көлемінде 9 балабақшаның құрылысы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік шеңберінде қолға алынып отыр. Бұлардың бәрі де жыл соңында балдырғандарды қабылдауға әзір болмақ. ТШО және НКОК компанияларының қаржылай қолдауымен Атырау қаласының Жұлдыз-3, Көктем және Өркен шағынаударында әрқайсысы 160 орындық үш балабақша салынады.
Күні бүгінде Атырауда 5700-ге жуық оқушының дәріс алуына мүмкіндік беретін 12 жалпы білім беретін мектептің құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Оның ішінде 2204 оқушыға есептелген 3 мектептің құрылысы аяқталды. Олар: Қызылқоға ауданының Мұқыр ауылында, Жылыой ауданының орталығы – Құлсары қаласында және Атыраудағы Береке шағынауданында ор-наласқан.
Д. Аруев