«Биылғы қыс бізге сынақ болады»
Бейсенбі күні Атырауда «Қыс–2016» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуы облыстық жедел әрекет ету жасағының сапқа тұрғызылуымен басталды. Бұл шара – төтенше жағдай туындаған кезде аталған бөлiмшенiң нақты әрекеттерiн пысықтайтын сәттің бiрi.
Облыс орталығының алдын-ала белгіленген алаңында «Атырау Жарық», «АтырауСуАрнасы», «Қазақтелеком», «Ембімұнайгаз», жол және көпір құрылысы, жиырмадан астам кәсiпорындар мен ұйымдар базасында құрылған жоғары әзiрлiктегi бөлiмшелері және түрлі арнаулы техникасы сап түзедi.
Командалық-штабтық оқу-жаттығу iс-шарасына облыс әкімінің орынбасары Сәлімжан Нақпаев қатысты. Ол облыстық төтенше жағдайлар департаментiнiң бастығы, өртке қарсы қызмет полковнигi Сағынбек Өмірзақовпен бірге саптағы төтенше жағдайлар жасағы мен құтқару техникаларының, құрылғылардың дайындығын, жасақтардың жауынгерлiк қабiлеттерi мен өз мiндеттерiн бiлуiн тексеріп шықты.
Оқу-жаттығу жетекшілері авариялар, апаттар мен өзге де техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан зардап шеккендерге құтқару жұмыстарының бастапқы кезеңiнде жедел көмек көрсетуге арналған техника және жабдықтардың жарамдылығына ерекше назар аударды. Сәлімжан Жұмашұлы бөлiмшелердiң командирлерi және мамандарымен жеке-жеке танысып, олардың алдарына қойылған iс-әрекеттерiне даярлығы туралы рапорттарын қабылдады. Бұл ретте жасақтың қатардағы жауынгерлерiнiң дайындығына және материалдық-техникалық қамтамасыз етiлуiне, киiм-кешектерiне, жабдықтарына баса көңiл бөлiндi. Саптағы жасақтың төтенше жағдайлардағы iс-әрекетiне дайындықтарына оң бағасын берген Сәлімжан Жұмашұлы бұл деңгейдi тұрақты түрде жоғарылата беру қажеттiгiн айтты.
— Алдағы қыс бiз үшiн нағыз сынақ болмақ. Болжам бойынша қыс қатты болады деп күтiлуде. Сондықтан, құрылымдардың қыс кезеңiндегi төтенше жағдайлар қызметін, iс-әрекетке даярлығын әлі де пысықтай түсу керек. Адамдарды қорғау – бірінші кезектегі мiндет. Олардың қауiпсiздiгiн қамтамасыз ету үшiн бiз барлық мүмкiншiлiктердi жасауға тиістіміз, — дедi облыс әкімінің орынбасары.
Оқу-жаттығу шаралары әрі қарай Алмагүл ықшамауданындағы №24 он алты қабатты тұрғын үйдің алтыншы қабатында «газдың жарылуы» салдарынан болған «өртті сөндіру, адамдарды құтқару, зардап шеккендерге алғашқы медициналық көмек көрсету» жөніндегі жедел әрекет ету топтарының қызметімен жалғасты. Бұнда да құтқару топтары ереже-нұсқаулық бойынша әрекет етіп, қауіптің бетін қайтарды.
— Негізгі мақсат – азаматтық қорғау құрылымдарының қыста болуы мүмкін төтенше жағдайлар кезінде әрекет етуге дайындығын тексеру. Төтенше жағдайлар департаментінен оқу-жаттығуға «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі», «Жедел құтқару жасағы» мен №2 емхананың медицина қызметкерлері жұмылдырылып, шұғыл да жинақы қимылдарын көрсетті. Өртті ауыздықтау мен құтқару жұмыстарына 12 арнаулы техника мен 42 адам қатысты. Шартты өрт шарпыған қабаттан алты адам, түтінге уланған екі адам арнаулы техника мен құрылғылардың көмегімен құтқарылды, — деп мәлімдеді бізге облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары бөлімінің басшысы, полковник Абдулқапар Жұманов.
«Атырау жылу электр орталығында» диаметрі 800 мм құбыр жарылып, қалаға жылу беру қажеттігі нормадан 65-70 пайызға дейін төмендеді. Орталықта дереу оқу-жаттығу дабылы қағылып, қауіпті аймақтағы жұмысшыларға ескертілді. «Атырау жылу электр орталығы» АҚ тете-президенті Б.Рамазановтың басшылығымен жан-жақты ойластырылып, нұсқаулыққа сай шұғыл қимыл-әрекет еткен кәсіпорынның құтқару қызметінің мамандары арнаулы техникамен құбырды алмастыру жұмыстарына кірісті. Апатты қалыпқа келтіру бригадасы да өз міндеттеріне сай әрекет жасады.
Оқу-жаттығудың алдын-ала дайындалған сценарийі бойынша «Атырау – Астрахан» автомобиль жолының 624-ші шақырымында болған қатты боранның әсерінен екі автобусты жолаушыларымен құтқаруға тиісті болатын. Қардың қалыңдығы 60 сантиметрге жеткен, көз аштырмайтын боранмен күресуге он үш техника мен 34 құтқарушы жетеді. Жиырма жолаушы қауіпсіз аймаққа шығарылды. Жауған қардың әсерінен көміліп қалған бір шақырымдай жол аршылып, қардан тазартылды. Бұл шара барысында жол апатының салдарын жою, өрт сөндіру, жолаушыларды жылыту пункттеріне дер кезінде жеткізу, медициналық көмек көрсету сияқты құтқару жұмыстарының барлық түрлеріне құрылымның дайындығы пысықталды.
Жалпы, Атырауда өткен командалық-штабтық оқу-жаттығуға 71 техника мен жеке құрамның 245 адамы қатысты. Олар белгіленген шараларды жоғары жауапкершілік пен кәсіби шеберлік деңгейінде орындады.
Мұндай командалық-штабтық оқу-жаттығу шаралары облыстың барлық аудандарында ұйымдастырылуда.
Бақытжан ЖҰМАТ.