Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыЭкономика

Биыл азық-түлік бағасын өңірлік тұрақтандыру қорлары құрылады

Биылдан бастап әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандырып, қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында елімізде өңірлік тұрақтандыру қорларын  құру  көзделіп отыр. Күнделікті тұтынудағы тауарлардың төмендетілген бағамен сатылуына және  тұрақты деңгейде сақталуына кепілдік беретін көтерме-бөліп тарату орталықтары бірінші кезекте Астана, Алматы, Шымкент, Қарағанды және Ақтөбе қалаларында құрылатын болады.

Азық-түлік БАҒА ТҰРАҚТАНА БАСТАДЫ

Бұл туралы Ауыл шаруашылығы министрлігі  мал өнімдерін өндіру мен өңдеу департаментінің директоры Еркебұлан Ахметов мәлімдеді. Министрлік өкілінің баяндауынша, былтыр сиыр  етінің экспорты 18,8 мың тоннаға жетіп, меже артығымен орындалған. Мүйізді ірі қара малы бірқатар шет ел базарларына  тірілей салмақта,  сойылған күйінде, сондай-ақ, өңделген өнім түрінде шығарылды.

Экспортталған мал өнімдерінің жиынтық көлемі 1,8 трлн. теңгені құрап, 4 пайызға өскен. Ал, тауық жұмыртқасының  өндірісі 10,8 пайызға артқан. Жыл ішінде 15 тауарлы сүт фермасы ашылып, бірқатар кәсіпорындар өндірістік қуаттылығын ұлғайтқан. Биылғы жылдың екінші жартысынан шағын және орта фермерлік шаруашылықтардың базасында еттік бағыттағы мал шаруашылығын дамытудың ұзақмерзімдік бағдарламасы  жүзеге асырыла бастамақ.

Осы мезгілге дейін «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасымен 700-ден астам фермер жеңілдетілген пайызбен несие алуға қол жеткізді. Одан бөлек, тұқымдық түрлендіру жұмыстарын жеделдету мақсатында  шет елден жалпы саны 14,5 мың мүйізді қара малы әкелінген. Сонымен қатар, салалық бағдарлама шеңберінде қойдың санын 30-40 пайызға көбейту көзделген. Қой етінің экспорты 3 мың тоннадан асып, меже артығымен қамтылған.

Алдыңғы жылмен салыстырғанда қияр дақылының ауданы 2,5 мың гектарды, жиынтық өнім көлемі 460 мың тоннаны құрап, 50 мың тоннаға артқан. Жыл сайын елімізде өндірілетін 540 мың тонна қияр дақылының басым бөлігі (460 мың тоннасы) ашық алаңда, қалғаны (70 мың тоннасы) жылыжайларда өсіріледі. Егер көкөністің бұл түрін тұтыну үлесі  490 мың тонна екенін ескерсек, оның артығымен өтеліп отырғанын көреміз.

Сарапшы-мамандар жылыжайды салу мен ауданын үлкейтуге, тыңайтқыш пен суға, гербицидтер мен тұқым сатып алуға жұмсалынатын қаржылай шығындарды инвестициялық субсидиялау жолымен кері қайтаруға баса көңіл бөлінуі керектігін алға тартады.

Дәулетқали АРУЕВ

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button