Ә.Әбішев: «Латын әліпбиіне көшу – келешек ұрпақ үшін маңызды»
Әли Әбішев, Атырау мұнай және газ университетінің ректоры: — Біз, атыраулық оқытушылар қауымы қазақ тілінің латын қарпіне негізделген бірыңғай стандартының жобасын толықтай қолдайтынымызды жеткізгіміз келеді. Қалай десек те, қазақ әліпбиін латын қарпіне көшіру – бүгінгі қоғам талабы.
Елбасының әрбір реформасы ел үшін де, өскелең ұрпақ үшін де маңызды болып келген. Бұл реттегі көтеріп отырған мәселе біз, ұстаздар үшін өте үлкен жауапкершілік деп білемін. Себебі, жаңа қаріпті тек педагог мамандар ғана емес, оқушылар да жетік меңгеріп алып кетуі қажет. Сондықтан алда жауапты кезең күтіп тұр. Оған біздің өңір толықтай дайын.
Республикадағы үздік жоғары оқу орындарының бірі үшін бұл жауапты кезеңде педагогтар мен оқушылар еш қиындықсыз игеріп кетеріне кәміл сенемін. Латын қарпіндегі әліпбидің жаңа жобасы күнделікті қолданысқа ыңғайлы, мектеп оқушыларының көзіне үйреншікті етіп жасалған. Ұсынылған 32 әріптен тұратын жаңа жоба ұстаздар қауымының көңілінен шығып, қолдау тапты. Өйткені күнделікті қолданысқа ыңғайлы, мектеп оқушыларының көзіне үйреншікті етіп жасалған екен.
Сонымен қатар, Елбасының жаңа әліпбиді білім беру жүйесіне енгізу үшін мұғалімдер мен әдістемелік базаны дайындау қажеттігін ескергені және Үкіметке оны кезең-кезеңімен енгізу жөніндегі жоспар әзірлеу жөніндегі тапсырмасы уақытында айтылды деп есептейміз. Латын әліпбиіне көшу үшін білікті оқытушы кадрлар мен әдістемелік база қажет. Осы негізде, біздің білікті ұстаздар жоғарыда аталған жұмысқа дайындығын жеткізіп, қолдау білдіреді.
Сондай-ақ, осы ретте бірегей жобаны іске асыру аясында Президент Әкімшілігіне 300-ден астам үндеу мен ұсыныс келіп түскенін, әлеуметтік желілерде мыңға жуық тақырыптық жазба жарияланғанын алға тартты. Елбасы 2025 жылға дейін латын қарпіндегі қазақ әліпбиіне толықтай көшу жөнінде тапсырған болатын. Мемлекет басшысының назарына ұсынылған әліпби жобасында 32 қаріп таңбаланған. Жалпы, латын қарпіндегі әліпбиге көшу қазақ тілінің халықаралық дәрежеге шығуына жол ашады. Қазақ тіліне компьютерлік жаңа технологиялар арқылы халықаралық ақпарат кеңістігіне кірігуге тиімді қадамдар басталмақ. Ең бастысы, түбі бір түркі дүниесі, негізінен, латынды қолданады. Біздерге олармен рухани, мәдени, ғылыми, экономикалық қарым-қатынасты, тығыз байланысты күшейтуімізге латын қарпі ақпарат кеңістігіндегі «алтын көпір» болмақ.