Біртектілік пен бірегейлік біз оны қалай қалыптастырамыз?
Қазақстандық біртектілік дегеніміз не? Жалпықоғамдық бірегейлікті қалай қалыптастырамыз? Президент жанындағы мемлекеттік басқару академиясы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы әріптестік байланыста өткізіп жатқан аймақтық семинар-тренинг осы сұрақтарға жауап іздейді.
Ашылу салтанаты Атырау мұнай және газ институтында болып өткен семинар жұмысына облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев пен ҚР Президент Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының сектор меңгерушісі Нәзипа Шанай қатысып, қоғамдық тұрақтылықты сақтаудың маңызына тоқталды.
– Мұндай семинарлар еліміздің барлық өңірлерінде өткізілуде. Біздің мақсатымыз – қазақстандық қоғамдық келісімді нығайту, оның жетістіктерін саралау және идеологиялық бағытта құрылған комиссия жұмыстарының нәтижелерімен бірге, кемшін тұстарына да назар аудару, — деді ол.
Президент Әкімшілігінің өкілі Нәзипа Шанай қазақстандық біртектілікті қалыптастыруда Ұлт жоспарын басшылыққа алудың маңызды екенін де айтты. «Реформа – мемлекеттің дамуы, оның алдағы бағытын нақтылап, айқындау үшін керек. Тарихи жағдайлар жаңа реформалардың оңай жасалмайтынын көрсетті. Бірақ, біз елімізде бар қоғамдық келісімді негізге ала отырып, «100 нақты қадамда» айтылған жаңалықтарды қолданысқа енгізетін боламыз» деді ол.
Айта кеткен жөн, үш күндік семинарға Атыраумен қоса, Ақтөбе, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарынан шақыртылған мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет, білім, әлеуметтік сала мамандары, құқық қорғау органдарының, Қазақстан халқы Ассамблеясының, діни және жастар ұйымдарының өкілдері қатысуда. Семинар-тренинг фокус-группа, пікірталас алаңы форматында өтуде.
Баян АТАЙМАНҚЫЗЫ.