БІРЛІКТЕН ТАУЫП БЕРЕКЕ…
Елдің дамуында ұлтаралық ынтымақтың маңыздылығына тоқталған аймақ басшысының орынбасары облыстағы халықтар достығын нығайтуда этномәдени бірлестік өкілдерінің еңбегін ерекше атап айтты.
— Біз елдегі ішкі татулық пен ұлтаралық береке-бірліктің нәтижесінде биік белестерді бағындырып, алға қадам басып келеміз. Елбасының сарабдал саясатының нәтижесінде бүгінде елде қоғамдық тұрақтылық пен мызғымас бірлік орнады. Биылғы жылдың Ассамблея жылы деп жариялануының да маңызы зор. Атырау аймағында «Достық үйінің» ашылуы, алдағы уақытта этно ауылдардың бой көтеруі мұның бәрі халықтар бірлігін арттырудағы маңызды қадам, — деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Ол, сонымен бірге, «Довира» украин этномәдени бірлестігінің басшысы Ольга Павленко мен түрік этномәдени орталығының басшысы Абубакир Мурадовты мерейлі жастарымен құттықтады. Аймақ басшысы атынан Алғыс хат пен гүл шоқтарын табыс етіп, иықтарына қазақтың ұлттық нақыштарымен безендірілген әдемі шапан жапты.
Қазақстанның топырағына табаны тигелі қазақ жерінен тамырын үзбей келе жатқан Ольга Павленко Атырауда ержетіп, білім алған. Өңірдің тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы саласында отыз жылдан аса еңбек еткен.
Мерейтой иелерін Қазақстан халқы Ассамблеясы облыстық филиалы төрағасының орынбасары – хатшылық басшысы Еркін Қадырғалиев және өзге де этномәдени бірлестік өкілдері құттықтап, жүрекжарды лебіздерін білдірді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.
Суретті түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.