Бірлігі бүтін елге бақ қонады
Атырауда жаңа «Достық үйі» салынады. Бұл туралы аймақ басшысы, Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының төрағасы Нұрлан Ноғаев аталған құрылымның кезекті сессиясында мәлім етті.
Қоғамдық кеңестерді күшейту қажет
«Қазіргі таңда жергілікті атқарушы билік лайықты орын іздестіруде. Жоба жасақталуда. Бұл – барлық талаптарға жауап беретін заманауи ғимарат болады. Орталық хореографиялық залдардан бастап, шеберханалар, лингафон кабинеттері, яғни, барлық қажетті құралдармен жабдықталады. Бастысы, этномәдени орталықтардың алаңсыз жұмыс атқаруына тиісті жағдай жасалады» деген облыс әкімі Ассамблея мүшелерінің ұсыныс, пікірлері ескерілетінін айтты.
Облыс орталығындағы «Салтанат сарайында» өткен Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХ сессиясына аталған құрылым мүшелері, этномәдени орталық жетекшілері, «Қоғамдық келісім» мекемесінің өкілдері, қала және аудан әкімдері, басқарма басшылары, дін қызметкерлері журналистер қатынасты.
Жылды қорытындылаған сессия барысында облыс басшысы Нұрлан Ноғаев қоғамдық институт жұмысының негізінен Ассамблеяның 2025 жылға дейінгі концепциясын дамыту аясында жүргендігін атап өтті. Яғни, қоғамдық келісім мен бірлікті дамыту жолында, Ассамблея мемлекеттік органдар мен азаматтық қоғам институтының арасындағы байланысты реттеуші рөлін атқарды. Десе де, осы мақсатта құрылған қоғамдық келісім кеңестері талап үдесінен шыға алмай отыр. Сол себепті де, ақпараттық жұмысты әлеуметтік желілерде, өзге де интернет ресурстарда күшейтуді тапсырды. «Бұқаралық проблемаларды шешуде, ауылдық, аудандық, қалалық, облыстық деңгейде құрылған қоғамдық келісім кеңестерінің әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз» деп атап өтті.
«Қоғамдық келісім кеңестерінің құрамын қалыптастыруға және оның тиісті деңгейде жұмыс атқаруына барлық деңгейдегі әкімдер жауап береді. Кеңестердің барлық аудан, қала бойынша есептерін жеке өзім тыңдайтын боламын» деген облыс басшысы аталған кеңестердің құрамын жаңартуды міндеттеді. Айта кеткен жөн, облыс бойынша мұндай 21 кеңес құрылды.
Осы ретте, облыс әкімі кеңес басшыларын өзара тәжірибе алмасу, ортақ диалог қалыптастыру мақсатында сапарларға жіберуді, семинарлар ұйымдастыруды, қажетті іс-шаралар жоспарын жасақтауды тапсырды.
Отбасы құндылықтарын насихаттай алмай отырмыз
Сессия жұмысы кезінде облыс әкімі қоғамда орын алып жатқан әлеуметтік мәселелердің барлығына Ассамблея жұмысының тікелей қатысы бар екендігін де еске салып өтті. Әсіресе, Аналар кеңесінің әлеуетін толық пайдалану маңызды. Бұл кеңес отбасы құндылықтарын насихаттауға жұмыс істеуі керек. «Осы ретте ата-ананың қамқорлығынсыз қалған балаларды ізгі істерімен қуантып отырған қоғамдық ұйымдардың жұмысын атап өтуіміз керек. Патронатты отбасылармен де жұмыс жүруде. Нәтижесінде, Атырау облысында балалар үйінде тұрып жатқан бүлдіршіндер саны жағынан азайып отыр. Бұл жерде де Ассамблея мүшелерінің рөлі ерекше» деп атап өтті аймақ басшысы.
Аналар кеңесінің ролін күшейту мәселесінен шығады, жиын барысында облыс басшысы әрбір үшінші отбасылық өмірдің ажырасумен аяқталып отырғанын атап өтті.
«2014 жылы 5543 неке тіркеліп, 1611 отбасы ажырасып кеткен. 2015 жылы тіркелген неке саны 5098-ді құраса, дәл осы жылы 1504 шаңырақ заңды түрде байланысын үзген. Бұл толық емес отбасылардың көбеюіне әкеліп отыр. Отбасының әлеуметтік тұрғыда әлсіз болуы – қоғамдық деңгейдегі проблема. Біз қоғамдағы әр жағдайдың бір-бірімен байланысты екендігін ұмытпауымыз керек» деген облыс басшысы кезіндегі керемет тәжірибені еске салды. Облыс әкімі Нұрлан Ноғаев атап өткеніндей, Әлеуметтік хал актілерін тіркеу бөлімі жанынан өз заманында жас отбасылармен кеңес орындары жұмыс істеген. Бүгінде мұндай іспен ешкімнің бас ауыртпайтыны белгілі. «Демек, осы мәселемен ендігі жерде Аналар кеңесі аясында сарапшылар, психологтар, мамандар жұмыс істеуі керек» деген облыс басшысы, барлық деңгейдегі әкімдерге келер жылдың бюджетінен осы мақсатта қажетті қаражат бөлуді міндеттеді.
Әлеуметтік жобаларды жүзеге асыру – Ассамблея институтының жаңа бағытына айналды. «Қайырымдылық керуені» аясында, Астанада арнайы форум өтті. Оған біздің облысымыздан он меценат қатысты. 44 мыңнан астам мұқтаж жандарға биылғы жылы бір миллиард теңге көлемінде қайырымдылық көрсетілді» деп атап өтті облыс басшысы Нұрлан Ноғаев.
Одан әрі облыс әкімі тәуелсіздік жылдарында еліміздің рухани, мәдени, экономикалық, әлеуметтік, қоғамдық-саяси салада зор белестерді бағындырғанына тоқталды. «Біздің еліміз бейбітшілік пен қоғамдық келісім жолын таңдады» деген ол, мемлекетіміздің қарқынды дамуына Атырау облысының да өз үлесін қосып келе жатқандығын айтты. Мемлекеттік бағдарламалар ойдағыдай жүзеге асуда. Жаңа инвестициялық жобалар іске қосылып, жұмыс орындары ашылуда. Атырау қаласы мен аудан, ауылдардың инфрақұрылымдық жобасы жетілдіріліп, сумен, көгілдір отынмен, электр желілері және жылумен қамтамасыз етілуде» деп атап өтті облыс басшысы.
Медиация ізгілікке бастайды
Ассамблея алдында тұрған міндеттердің бірі – медиация институтын дамыту. Бүгінде Атырау облыстық соты мен Атырау облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы арасында өзара ынтымақтастық жөніндегі меморандумға қол қойылған.
Бұл туралы баяндаған облыстық сот төрағасы Марғұлан Бектұрғанов медиацияның билер институтының жалғасы екендігін атап өтті. «100 нақты қадамнан» тұратын Ұлт жоспары бағдарламасы аясында Мемлекет басшысы сот процедураларын азайтуды міндеттеген болатын. Яғни, бұл міндет қылмыстық дау-дамайдан гөрі, азаматтарға мәселені өзара шешуге мүмкіндік беруді көбірек қарастырады» деген ол, бүгінде елімізде медиация институтының белгілі бір деңгейде қалыптасқандығына тоқталды. Медиаторлар кәсіби және кәсіби емес болып екі деңгейге бөлінеді. Олардың қызметі «ҚР Медиация туралы заңымен» реттелген. 25 жасқа толған, жоғары білімі бар азаматтар ғана медиатор бола алады. Бірақ, олар медиаторлық кәсіби дайындықтан міндетті түрде мүдірмей өтуі тиіс» деген облыстың бас судьясы, бүгінгі таңда өңірімізде 20-дан астам кәсіби емес, 25-ке жуық кәсіби медиатордың тіркелгендігін айтты. Облыс әкімдігі және «Достық үйі» жанынан да медиаторлар институты жұмыс істеп жатыр.
Сала маманы, адам құқықтарының сақталуында медиация институтының маңызды рөл атқаратынын айтады. Көп жағдайда медиация мәселенің жан-жақты қаралуына ықпал етеді екен. Ағымдағы жылы соттың бірінші инстанциясында қаралған 1340 іс аяқталған. Бұл сот қолданысына түскен істердің 8,5 пайызын құрайды. Оның ішінде 385 іс бейбіт келісімге, 129 іс медиациялық келісімге қол жеткізген.
Баяндамаға пікір білдірген облыс әкімі Нұрлан Ноғаев медиация институтының басты міндеті сот инстанцияларының жүктемелерін азайту ғана емес, қоғамды ізгілендіру екендігін айтты. «Барлық қоғамда да аузы дуалы ақсақалдар, сыйлы азаматтар болды. Өзара дау туындаған адамдар оларға жүгінетін, кеңес сұрайтын. Назар аударарлығы сол, ұлы даламызда түрмелер болған емес. Себебі, қоғамдық пікір болды. Халық жазылмаған дала заңдарының бұзылмауын өзі қадағалап, тентегін тезге салып отырды» деген облыс әкімі қоғамдық кеңестердің жұмысын ширатуды міндеттеді.
Сөз соңында аймақ басшысы тәуелсіздік елең-алаңында сындарлы кезеңдерді бастан өткерген еліміздің, бірлік пен ынтымақ жолын таңдау нәтижесінде бүгінгідей үлкен биіктерді бағындырып отырғанын атап өтті. Және барша азаматтарды «Мәңгілік ел» идеясының маңайына топтасуға шақырды. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін дамыту мәселесінің ұдайы басты назарда тұратындығын да атап өтті.
Сессия жұмысы барысында, облыс әкімі Нұрлан Ноғаев бір топ азаматты салтанатты жағдайда марапаттады. Еліміздің әлеуметтік—экономикалық және қоғамдық, рухани тұрғыда дамуына қосқан үлесі үшін Қазақстан халқы Ассамблеясының «Бірлік» алтын медалімен «Вайнах» шешен—ингуш этномәдени бірлестігінің төрағасы Зелімхан Зубариев, әріптесіміз, облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің бөлім меңгерушісі Надежда Тулина, «Еділ—Жайық» қарақалпақ этномәдени бірлестігінің төрағасы Қазақбай Бекмұратов, «Возрождение» болгар этномәдени бірлестігінің төрағасы Юрий Кустадинчев, «Новруз» этномәдени бірлестігінің төрағасы Эльдар Ахмедов, «Видергебурт» неміс этномәдени бірлестігінің мүшесі Людмила Денисова, «Довира» украин этномәдени бірлестігінің мүшесі Шамиль Нестеров марапатталды.
Қазақстандық патриотизмді нығайтуға қосқан үлесі үшін, Қазақстан түріктері қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы Абубакир Мурадов Қазақстан халқы Ассамблеясының Құрмет грамотасымен, «Былина» орыс этномәдени бірлестігінің мүшесі Раиса Биткова аталмыш құрылымның «Алғыс хатымен» марапатталды. Сонымен бірге, бір топ азаматқа Атырау облысы әкімінің «Алғыс хаты» салтанатты жағдайда табысталды.
— Мемлекеттік тілді дамыту мәселесі де бірегей институттың басты бағыттарының бірі болып саналады. «Мың бала» жобасына Атырау облысынан үш қатысушы аттанды. «Мәңгілік ел» патриоттық актісін насихаттауда Ассамблеяның жастар қанаты ерекше роль атқарып келеді;
— Жалпыға ортақ еңбек қоғамына қарай бастайтын «жастар – ғылым, жастар – бизнес, жастар – интеллектуалды болашақ, жастар – мәдениет» бағытындағы жобалар жүзеге асырылады;
— «Қоғамдық келісім» мекемесі бүгінде 17 этномәдени бірлестікті біріктіріп отыр. «Үлкен ел – үлкен отбасы» жобасы аясында, этномәдени орталықтар жалпы саны 179 іс-шара өткізді.
Елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда этномәдени орталықтар маңызды рөл атқарып келеді. 2016 жылы түрлі деңгейдегі мәслихат депутаттығына 234 адам сайланды. Оның ішінде алты депутат Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі болып табылады.
Cіз не дейсіз?
Эльдар АХМЕДОВ,
«Новруз» этномәдени бірлестігінің төрағасы,
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі:
Біртұтас халыққа айналдық
1995 жылы ел Президентінің бастамасымен Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды. Дүние жүзінде баламасы жоқ бұл институт еліміздегі қоғамдық тұрақтылық пен бірліктің кепілі болып отыр. Тіпті, күні бүгінге дейін әлемдік қауымдастық Қазақстандағы сүттей ұйыған тыныштыққа таңдана қарайды. Себебі, елімізді мекендейтін 130-дан астам ұлт ортақ мүддеге біріккен біртұтас ұлтқа айналды.
Әзербайжан мәдени орталығы 2000 жылы құрылды. Осы уақытқа дейін көптеген игі істердің бастамашысына айналдық. Бір ғана мысал. Әзербайжан ұлтының мақтанышы Гейдар Әлиевтің құрметіне елімізде арнайы жоба іске қосылды. Әзербайжан Республикасының бас консулдығының қолдауымен іске қосылған жоба аясында, еліміздің өзге облыстарымен бірге, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің бес студенті 500 доллар көлеміндегі біржолғы сертификатты иеленді. Ағымдағы жылдан бері орталық жанынан жексенбілік мектеп ашылды. Мектеп әзербайжан тілін, мәдениетін үйренуге толық мүмкіндік береді.
Есепті мерзімде Атырау облысының Әзербайжан Республикасымен арадағы тауар айналымының жалпы көлемі 10 миллион долларға жетіп отыр.
Жібек МҰҒАУОВА,
Махамбет ауданы Аналар кеңесінің төрайымы:
Әйел—ана баршамызды тербеткен…
Әйел-ана бүгінде қоғамның белсенді мүшесіне айналды. Бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербеткен әйелдеріміз қоғамның барлық саласында еселі еңбек етіп жүр.
Түрлі ұлтты ортақ мүддеге тоғыстырып отырған Қазақстан халқы Ассамблеясы жанынан құрылған Аналар кеңесінің басты міндеті – отбасы институтын нығайту арқылы қоғамдық келісім мен тыныштықты қамтамасыз ету болып табылады.
Елбасы манифесіне қолдау білдірген Ассамблея жүзеге асырған республикалық деңгейдегі «Ақ орамал» акциясының да мәні зор. Акция Аналар кеңесінің жұмысын одан әрі дамыту, ортақ тәжірибе алаңын қалыптастыруға да зор ықпал етті. Кеңес мүшелері жұмысын медиаторлармен, психолог, заң қызметкерлері, ауыл ақсақалдарымен де ұштастыруда. Әлеуметтік жағынан аз қорғалғандар, аз қамтылған және көп балалы отбасылар, жетімдер мәселесі де кеңес назарынан тыс қалған емес.
Баян Жанұзақова
Суреттерді түсірген:
Әнуар ӘБІЛҒАЗИЕВ.