Жарнама
Жаңалықтар

БІРЛЕСКЕН ІС БЕРЕКЕЛІ

Өткен жылы атқарылған жұмыстар сараланған жиын барысында негізінен «Шапағат» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығының жұмысы талқыланды. Орталық бостандықта жүргендермен ғана емес, облыстағы қылмыстық атқару жүйесі департаментіне қарасты түзеу мекемелерінде экстремизм, терроризм бабы бойынша сотталғандармен де жұмыс жүргізіп келеді. Осы ретте жыл бойына 95 дәріс өткізіліп, оның аудиториясы 1321 адамды қамтығанын хабарлаған орталық басшысы, белгілі теолог Қанат Жұмағұл бүгінде он адамның радикалды көзқарастан қайтып, жетеуінің толықтай дәстүрлі дінге оралғанын айтты. Тағы бір нәтиже, салафиттік бағыттан дәстүрлі дінге оралған бір бауырымыз бүгінде аудандардағы мешіттердің бірінде имамның жанында қызмет етіп жүр.

Әрине, экстремизммен күрес санаулы уақыт ішінде шешілетін оңай проблема емес. Осы орайда сала маманы Қанат Жұмағұл экстремизммен күресте жазасын өтеп, абақтыдан босағандармен тығыз байланыста жұмыс жүргізуді, түзету мекемелерінің кітапханаларын аудио, бейнетаспаларды тыңдауға, көруге арналған құрылғылармен жабдықтауды ұсынды.

«Жастардың жат ағымға жанкештілікпен баруының себебі неде? Мектеп жасындағы балаларды діни бағыттағы уағыз, ақпараттармен қамтамасыз ету қаншалықты қажет?». Кеңес мүшелері тарапынан қойылған осы сұраққа жауап берген облыстық дін істері басқармасының басшысы Еркінбек Шоқаев діни білімі, түсінігі жоқ жастардың жат ағымға негізінен достары, таныстары, қатарлары арқылы кетіп жатқандығын, сондықтан, жас буынды діни ақпаратпен қамтамасыз ету керектігін айтты. «Жат ағымдар  өз қатарындағы адам санын кез келген жолмен арттырумен айналысады. Сондықтан, бұл жерде мектеп мұғалімдеріне көбірек күш жұмсауға тура келеді» деді ол. Осы ретте кеңес мүшелері Мәдина Ғабдісәлімова кәсіпорындарда жұмыс істейтін ата-аналармен байланысты нығайтуды, Жәукен Көшенов әр баламен кешенді түрде жеке жұмыс атқаруды, қажет жағдайда дағдарыс орталығын ашуды ұсынды.

Мешітке келушілердің сенімін пайдаланып, «халал» деген маркамен түрлі тауарларды сатып, сауданың көрігін қыздырып жүргендер де жетерлік. Осы мәселені көтерген орталық «Иманғали» мешітінің бас имамы Батыржан Мансұров тәртіп сақшыларынан көмек сұрады. «Сатылатын тауардың дені – тағамдар. Сол тағамнан біреу уланатын болса, сөз сатушыға емес, мешітке келеді» деді ол. Сондай-ақ, бас имам жат ағымды насихаттап жүргендерді бұдан былай халыққа ашық айтып, нақты көрсетуді де ұсынды.

Осылайша, түрлі ұсыныстар сарапқа салынған кеңес отырысын қорытындылаған жиынға төрағалық етуші Шыңғыс Мұқан теріс ағым  уағыздарындағы Құранға, хадиске, дәстүрге қайшы тұстарын ашық көрсетуді, нақты нәтижеге бастайтын жұмыстарды күшейтуді, колледждердегі ахуалды бақылауда ұстауды тапсырды.

Баян Атайманқызы,

Суретті түсірген:

Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button