Жарнама
ЖаңалықтарЭкономикаҚоғам

Біреу жадырап, біреу жабырқап жүр…

Atr.kz/7 маусым, 2019 жыл. Біз бұл тақырыпты бұдан бұрын да (А.Базарбаев, «БАНКТІҢ ЗАҢСЫЗ КОМИССИЯСЫ оны қалай қайтарып алуға болады?», №18, 8 наурыз, 2019 ж.) қозғағанбыз. Заңгерлердің көмегімен банктердің банктің заңсыз комиссиялық алымын қайтарып алғандар разылықтарын білдіріп хаттар да жолдаған. Алайда, жуырда редакцияға телефон шалған газет оқырмандары соңғы уақытта сот тарапынан мұндай істердің қанағаттандырылмай отырғанына реніштерін білдіруде.

Олардың өкпесі де негізсіз емес. Енді ше, осыдан біраз бұрын дәл сондай істер талап-арыз берушінің пайдасына шешіліп келсе, енді не болып қалды? Аяқ астынан бұлай құбылудың астарында не жатыр?

Иә, қай уақытта да «қарыз күліп келіп, жылап қайтады» емес пе? Бүгінгі оңай жолмен алынған несие бірнеше пайызбен банкке еселеніп жетеді. Сол арқылы қаржы ұйымдары пайда тауып, миллиардтаған қаражатты айналымға салып отыр.

Әрине, әлемнің дамыған елдерінде қалыптасқан бұл үрдіс біздің нарықтық экономиканы да айналып өтпеді. Сөйтіп, пайыздық мөлшерлемесіне қарамастан, тұрғындар несие арқылы баспаналы болып, көлік алып, кәсібін кеңейтті. Тіпті, жыл санап, екінші деңгейлі банктерден қарыз алушылар саны көбейді. Қазір несиеге ұялы телефон, тұрмыстық техника сатып алғандарды кездестіргенде таң қалмайтын болдық. Рас, ақшаны кім, қалай жұмсаса да өз еркі ғой, бірақ, жұртшылықты оны қайтарған кезде қосылатын «комиссиялық» алымы көбірек алаңдатып тұр.

Біз тілдескен қала тұрғыны да қайтарымды қарыздың арқасында өзінің «темір тұлпарына» қол жеткізген. Осыдан төрт жыл бұрын «Бипэк авто» автокөлік салонынан 2 миллион 90 мың теңгеге су жаңа машина сатып алған ол екінші деңгейлі банктердің бірінен несие рәсімдейді. Оны бес жыл бойы ай сайын 52 мың теңгеден өтеуге келісім-шартқа отырады. Алайда, былтыр банктердің заңсыз алымы мәселесі қозғалған сәтте заңгер арқылы сотқа жүгінеді.

Айтқандай-ақ, қаржы ұйымы 250 мың теңгедей заңсыз алым қосқан болып шығады.

– Өткен жылдың маусым айында сотқа арыздандық. Екі айдан кейін сот өтіп, біздің пайдамызға шешті. Бірақ, банк бұл шешіммен келіспей, қайта апелляцияға берді. Сот олардың талабын қанағаттандырмады. Араға тағы екі ай салып, біз артық, әрі заңсыз алымымызды қайтарып алдық. Сол кезде жұрт жаппай заңгерлердің көмегімен комиссияларды қайтаруға тырысты.

Ал, таяуда екінші деңгейлі банктердің заңсыз алымын қайтаруға сот мүдделі емес екенін естідім. Десек те, заң аясында немесе жазбаша түрде «заңсыз алымдарды қайтармау керек» дегенді еш жерден естімеппін. Халықты қанай берген дұрыс па? Жұрт осы жағдайға наразы, — дейді аты-жөнін атамауды өтінген қала тұрғыны.

Жалпы, мәселе қалай басталып еді? Елімізде екінші деңгейлі банктер жеке тұлғаға несие бергенде оған ай сайын төлеуі үшін несие шотын ашып отырған, сол шотты ашқаны және оны несие жабылғанша ұйымдастырғаны үшін банктер комиссия ұстап келген. Себебі, банктер жеке тұлғаға несие шотын ашу және оны ұйымдастыруды «бөлек банктік операциялар» деп есептеп, комиссияларды банктік қарыз шартына қосқан және комиссиялардың мөлшерін несиені төлеу кестесінде көрсеткен.

6.170518.daf4decd1e77c108131e004715c8235b

Алайда, заңға сәйкес, несие шоттары банктік шоттарға жатпайды. Яғни, жеке тұлғаларға несиені ай сайын төлеп тұру үшін банктер ашқан несие шоттары бойынша ешқандай бөлек банктік операциялар жүргізілмейді. Атыраулық заңгер Рысты Қалиеваның айтуынша, 2016 жылдың 1 шілдесіне дейін алынған несиелер бойынша төленген комиссияларды қайтарып алуға болады.

– ҚР Ұлттық Банкі екінші деңгейлі банктердің жеке тұлғаларға несие бергенде несие шоттарын ашу және оны ұйымдастыру үшін ұстаған комиссияларын заңсыз деп танып, бұл банктерге жеке тұлғалардан заңсыз ұстаған комиссиялар қайтарылуы керектігі туралы арнайы хат жолдаған. Бірақ, екінші деңгейлі банктер заңсыз ұсталған комиссияларды жеке тұлғаларға өз еркімен қайтаруға асықпайды. Сол себепті, жеке тұлғалар талап-арызбен сотқа жүгініп, заңсыз ұсталған комиссияларды банктерден қайтарып алды, — деді ол.

Ал, «заңсыз алымды несие жабылып қойған болса да алуға бола ма?» деген сауалымызға заңгер ол да әбден мүмкін екендігін жеткізді. Алайда, несие жабылғаннан кейін үш жыл ішінде әрекет ету қажет екен.

«Заңсыз ұсталған комиссияны несие жабылғаннан кейін де қайтарып алуға болады, бірақ несие жабылған күннен бастап жеке тұлға үш жылдың ішінде сотқа талап-арызбен комиссияны қайтаруды сұрап жүгінуі қажет. Себебі, Азаматтық Кодекстің 178, 179-баптарының талабына сәйкес, талап қою мерзімі үш жыл болып белгіленген» деді Рысты Қалиева.

Сондай-ақ, заңгердің айтуынша, мұндай заңсыз комиссиялық алымды барлық несие түрінен көруге болады. Қарызды алған кезде осындай комиссия үшін банк ақша ұстаған болса, біріншіден, жеке тұлға өзінің алған несиесі бойынша банкке комиссия төлегенін не төлеп жатқанын білуі үшін төлем кестесіне көз жүгіртуі керек. Өйткені, кестеде комиссия туралы бөлек баған болады.

Екіншіден, банк заңсыз ұстаған комиссияның мөлшерін есептеп, шыққан сомадан 1 пайыз мемлекеттік баж төлеп, сотқа заңсыз ұсталған комиссияны банктен өндіру туралы талапарызбен жүгінуі керек.

Егер жеке тұлғаға алымды қайтарып алу үшін көмек қажет болса, банктік қарыз шартын және несиені төлеу кестесін алып заңгерге жүгіне алады. Бүкіл еліміздегідей, Атырауда да заңгерлер бұқараға осындай көмек қолын созып, жүздеген жанның заңсыз төленген ақшасын қайтарып алуына жол ашты. Енді соттардың мұндай істер бойынша неге бұрынғыдай шешім алмай, күрт өзгеріс жасауын түсінбеген жұртшылық аң-таң.

Ал, ағымдағы жылдың 21 қаңтарынан бастап «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» заңға түзетулер енгізіліп, соған сәйкес банктік қарыз беруге және оған қызмет көрсетуге байланысты банктік шот жүргізуге комиссия алуға тыйым салынды. ҚР Ұлттық банкі Атырау облыстық филиалының бөлім бастығы Асланбек Қабесовтың айтуынша, осы талап биылғы 4 наурыздан бері жасалған жеке тұлғалардың банктік қарыз шарттарына ғана қолданыла бастады.

– Банктер өзінің әлеуметтік жауапкершілігін сезіне отырып, қарыз алушы – жеке тұлғалардың жағдайын жақсарту және олардың борыштық жүктемесін төмендету мақсатында өз бастамасымен қолданыстағы банктік қарыз шарттары бойынша қызмет көрсетуге байланысты ай сайынғы комиссияларды ұстап қалуды біржақты тәртіппен алып тастау туралы шешім қабылдады.

Ағымдағы жылдың 18 наурызынан бастап 5 банк өз тұтынушыларына сәуір айында қарызға қызмет көрсеткені үшін ай сайынғы комиссияларды алу тәжірибесінің тоқтатылғаны туралы хабарлады. Осы жұмыстың нәтижесі бойынша комиссиялардың күшін жою банктердің шамамен 180 мың клиентіне қатысты болады деп күтілуде. Ұлттық Банк екінші деңгейлі қаржы ұйымдарымен бірлесіп, осы бағыттағы шараларды жалғастыра бермек, — дейді ол.

Бір атап айтар жай, бұл шешімнің бұрынғы заңсыз комиссиялық алымдарды қайтаруға еш қатысы жоқ. Алайда, банктер бұрынғы жылдары «жұтып» қойған қаржыны қайтармаудың әрекетіне кіріскенге ұқсайды. Қазіргі таңда заңгерлердің көмегіне жүгінушілер қатары көбейсе де, тұрғындар кейінгі кезде сот арқылы да заңсыз алымдарын қайтаруға қол жеткізе алмай отыр…

Айбөпе САБЫРОВА

БЕТ ҚАТТАЛЫП ЖАТҚАНДА:

Осы мәселеге байланысты редакция жолдаған сауалға облыстық соттың азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы М.Г. Комиршиновтен ( №2399-19-5-20/1576, 3.06.2019 ж. ) мынадай жауап келді:

«Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің 380-бабының 1тармағына сәйкес азаматтар және заңды тұлғалар шарт жасасуға ерікті. Шарт жасасуға мәжбүр етуге жол берілмейді. Банктер мен қарыз алушылар арасында соттағы даулар бойынша банктік қарыз шартын жасаған кез де тараптар оның елеулі ережелерімен келіскендігі анықталған. Банктік қарыз және оның нақты бағасы, соның ішінде комиссияны ұстап қалу туралы ақпараттар қарыз алушылардың назарына жеткізілген және банктік шартта көрсетілген. Банктен қарыз алушылар банктік қарыз шартын жасасқан кезде қарызға қызмет көрсеткені комиссия төлеуге келісімін берген. Сөйтіп, тараптар құқықтық қатынасқа өз еріктерімен түскен. Банктік қарыз шарты бойынша міндеттемелерді та раптар өз еркімен қабылдаған. Қарыз алушы шартқа ешқандай ескертпесіз қолын қойған.

Бұндай жағдайда, сотқа қойған талаптың қарызға қызмет көрсеткені үшін комиссия төлеу ту ралы шарттың тармағын жарамсыз деп тану туралы бөлігін қанағаттандырудан бас тарту туралы соттың шешімі негізді болып табылады. Сәйкесінше, комиссия сомасын өндіру туралы талап қанағаттандырылмайды…»

Бұл жауапқа қарсы айтар уәжіміз: Ендеше, осы уақытқа шейін комиссия сомасын өндіру туралы талаптар соттар арқылы неге қанағаттандырылып келген? Біздің қолымыздағы нақты мәлімет бойынша, тек бір ғана мекеменің өзі екі жылда арызданушылардың 256 миллион теңге комиссиялық сомасын қайтаруға жәрдемдескен! Соңғы айларда ғана соттардың осындай талапарызды қанағаттандаруы күрт тыйылған. Яғни, көздегеніне қол жеткізген біреулер жадырап, ал, енді біреулер соттың банктердің ыңғайына жығылған жоғарыдағыдай уәжінен кейін жабырқап жүр. Сонда бұған дейін банктердің комиссиялық алымы заңсыз деп танылып, тиісті сомалар иелеріне неге қайтарылып келген? …

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button