БІР ЖЫЛДА – 16 БИЗНЕС НЫСАНЫ
«Көкарнада 280 орындық балабақша тұрғызылып, №32 орта мектеп жөнделді, Құрсайда 300 шәкірттік мектеп салынды. Ақжайық ауылында да осындай құрылыс басталып, Водников-2 елді мекеніне инженерлік-инфрақұрылымдар жүргізілді. Мұнымен қоса, Ақжайық ауылының 21 көшесіне жол төселді», — деген ол төрт ауылда балаларға арналған 11 ойын алаңының салынғандығын да айтты.
Жиын барысында белгілі болғандай, өткен жылы 16 шағын кәсіпкерлік субъектісі іске қосылған. Атап айтсақ, құрылыс материалдарын шығарумен айналысатын «Юнистрой», құтыдағы таза ауыз суын өндіретін «Дельвито сервис», қызыл кірпіш дайындайтын «Самур-Атырау», құрылыс материалдары мен пластика өнімдерін ұсынатын «Нұржас», «Газқұюстансасы», «Мигаинвест-транс» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері.
Тұрғындар елді мекендерге ең алдымен медициналық бөлімше керектігін айтты. Сондай-ақ, мектепке қатынайтын жол бойын жарықтандыру, ардагерлер ұйымын құру секілді ойларын да ортаға салды. Бұл ретте шаһар басшылығы барлық айтылғандардың аяқсыз қалмайтынын, ағымдағы жылы жаңа жолдар салынатынын айтып, медициналық бөлімше мәселесін бірінші жартыжылдықта шешуді сала мамандарына тапсырды. Тұрғындар алдында Атырау қаласының әкімі Нұрлыбек Ожаев жергілікті жерде, әсіресе, білім сапасын көтеруге аса мән беріліп, аз уақыт ішінде нәтиже болуы керектігін жүктеді.
Мәлике МӘЛІК.
Хамза Ғабдолла, ардагер:
— Ауылымызда заман талабына сай әлеуметтік нысандардың бой көтеруі – жергілікті басшылықтың атқарған ісінің айқын нәтижесі. Біз барға қанағат ете білуіміз керек. Әрдайым бірлесіп әкімдерімізге қолдау танытар болсақ, іс те кезеңімен жүзеге асады. Балықшы ауданы екіге бөлінгеннен бері саябақтың жағдайы еленбей келді. Себебі, бүгінде қараусыз қалған бұл орынның құты қашқан. Сонымен қатар, ауыл ішіндегі мәселені алысқа апармай шешімін қарастыратын ақсақалдар ұйымын құру қажет деп санаймын.
Айсұлу ҚҰСАЙЫНОВА, мұғалім:
— Өңіріміздің дамуы – еліміздің қуаттанып, жағдайымыздың түзелгенінің белгісі. Мені Балықшыдан Дамбыға шығар жолдың тарлығы толғандырады. Биылғы жылғы жол жүргізу барысында осы жер елеусіз қалмаса деймін. Балаларымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жол бойында жарық орнату да маңызды.