«Бір сағат күтеміз»: Қала тұрғындары автобустарға наразы
Соңғы кездері «Дина» базары-Құрсай ауылы» бағытында қатынайтын №5 автобус жүрісінен жаңылғандай. Белгіленген жүру уақыты сақталмайды. Кейде бір сағатқа дейін күтіп қаламыз. «Кондуктор жоқ» деген желеумен жүргізушілер көбінесе автобустың артқы есігін ашпай ды. Мұның өзі адамдардың қоғамдық көлікке мініп-түсуіне қолайсыз, жолаушылардың орынды ренішін де туғызуда. Бұған не себеп болып отыр?
Зурият УАПОВА,
Атырау қаласы Құрсай ауылының тұрғыны.
Газетіміздің «Алло, редакция» айдары бойынша телефон соққан әрбір тұрғынның сұрағын жауапсыз қалдырмаймыз. Осы жолы автобустар мәселесін көтерген тұрғынның сауалына«Атырау қаласының жолаушылар тасымалдаушылар қауымдастығы» жеке кəсіпкерлер жəне заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мақсот СҮЙІНОВТІҢ пікірін білген едік.
Мақсот СҮЙІНОВ,
«Атырау қаласының жолаушылар тасымалдаушылар қауымдастығы»
жеке кəсіпкерлер жəне заңды тұлғалар қоғамдық бірлестігінің төрағасы:
– Бүгінде қала бойынша жолаушыларды тасымалдаумен айналысатын қоғамдық көліктердің бəрі жаңартылды. Маршруттардың барлығы дерлік электронды билеттеу жəне қозғалысты қашықтан бақылау жүйесімен қамтылып, негізінен кондукторсыз немесе жолсеріксіз жұмыс жасау режиміне көшті. Автобустардың салоны кең, сыйымдылығы жоғары. Алайда, əңгіме арқауына айналып отырған №5 маршрутта ғана əзірге шағын автобустар жүруде. Бұл бағыт «Авто – Мобиль М» ЖШС-не қарайды. Күні бүгінде аталған маршрутта 8 көлік жолаушы тасымалдап жүр. Біздің есебімізше, бекітілген интервал сақталған жағдайда осы автобустар белгіленген уақытта тасымал қызметін толықтай атқаруы тиіс. Əрине, кейбір қиындықтар мен кедергілердің туындайтынын да жоққа шығара алмаймыз. Олар негізінен қазіргі уақытта жүргізіліп жатқан жол жөндеу жұмыстарымен байланысты орын алып отыр. Өйткені, осы жолмен өзге де маршруттар жүреді. Ал, жолдың арнасы өте тар, егер екі автобус қатар келіп қалса, бірі екіншісін өткізіп жіберуі керек.
Сайып келгенде, бұл көліктерді кідіртіп, уақытынан кешіктіретіні де шындық. «Автобустың артқы есігі ашылмайды» дегенге қатысты айтарымыз, ондай жағдайлардың кездесетіні рас. Оны өзіміз де көріп, біліп жүрміз. Кейде оның техникалық ақаулықтардың салдарынан болатыны да бар. Тұтастай алғанда, жолаушылар тарапынан тасымалдаушыларға айтылған сын-ескертпелерді дұрыс қабылдаймыз. Сəйкесінше, одан қорытынды шығарып, қызмет мəдениеті мен сапасын жақсартуға жұмыстана береміз.Осындай мазмұндағы арыз-шағымдар «Контейнерный» шағынауданы мен «Ақжайық» ауылы (бұрынғы Ширина) аралығына қатынайтын №8 маршруттың қозғалысына қатысты да түседі. Жолаушылар бұл бағыттағы қоғамдық көліктердің белгіленген уақыт аралығын сақтай бермейтінін, арагідік жүргізушілер мен кондукторлардың дөрекілігі байқалып қалатынын, əлі де болса мəдениеттіліктің деңгейі төмен екенін айтады. Осындай жағдайлар жақында өткізілген қоғамдық бірлестіктің отырысында қаралып, алға қарай мұндай кемшіліктерге жол бермеу жөнінде шешім алынды.
Дəулетқали АРУЕВ
Казыр ештене емес.ертен кыста нестейды адам. 5 маршутты кутем деп усуп олеме.4 автобус дит журген.кобейтсын автобустарын.