Жарнама
Жаңалықтар

Бір күнде 60-тан аса отбасы баспаналы болды

Бүгін, 9 қыркүйекте Жылыой жұртшылығы жан жадыратар жағымды жаңалықтың куәсі болды. Аудан орталығы — Құлсары қаласының «Болашақ» шағынауданында баспаналары көктемгі су тасқынынан зардап шеккен отбасыларына арнап салынған жаңа үйлердің кілттері табыс етілді.

Осынау қуанышты сәтке орайластырылған салтанатты рәсімге Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов қатысып, жаңа қоныс иелерін қуаныштарымен құттықтады. Оларға пәтерлерінің кілтін өз қолымен табыстап, ізгі ниет, игі тілегін жолдады. Құрылыс-монтаж жұмыстарын сапалы жүргізіп, межелі мерзімінде аяқтаған мердігер кәсіпорындардың басшыларына және қаржылай демеушілік көрсеткен «Қазақстан халқына» қорының өкіліне жылыойлықтардың атынан ризашылығын білдіріп, алғысын арнады.
Айта кету керек, мұнда бір күнде әрқайсысының ауданы 100 шаршы метр 62 жаңадан жайлы, сәнді де сайлы, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымдармен қамтылған үйдің кілті тұрғындардың қолына тиіп, қоныс тойы тойланды.

-Бұл аумақта барлығы 80 осындай үйдің құрылысын салу жоспарланып, жұмыстар маусым айында басталған болатын. Міне, өздеріңіз көріп тұрғандай, бас-аяғы үш айға жетер-жетпес уақыттың ішінде тұтастай бір қалашық бой көтерді. Үйлердің басым бөлігі бүгін пайдалануға беріліп отыр. Қалғанына да көп кешікпей адамдар жайғастырылады. Атап өтер жайт, құрылыс-монтаж жұмыстарын жергілікті мердігер компаниялар жүргізді. Құрылысқа негізінен отандық материалдар қолданылды. Сапасына баса назар аударылып, ұдайы бақылау мен қадағалауда ұсталынып отырды. Нәтижесі де ойымыздан шықты, — деп сабақтады сөзін жаңа үйлердің ішіне кіріп, аралап көрген облыс басшысы Серік Жамбылұлы. Осындай баспанаға ие болған тұрғындардың да қуаныштарында шек жоқ, көңілдері көтеріңкі екені айқын аңғарылды. Соңынан өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып, шараның шырайын кіргізді. Облыс әкімінің айтуынша, келешекте «Болашақ» шағынауданында әлеуметтік нысандар салынбақ.

Дәулетқали АРУЕВ
Жылыой ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button