Жарнама
Жаңалықтар

«БІЛІМДІ ЖАСТАР – МӘҢГІЛІК ЕЛ БОЛАШАҒЫ»

Алдымен, APEC Petrotechnic жоғары мектебінде бір күн бойы «Қазақ хандығы тұсындағы Батыс өңірі», «Жастар мәселесін мемлекеттік қолдау» және «Әлеуметтік желілердегі жастардың сауаттылығы» тақырыптарында тағылымдық кездесулер өткізілді. Жастармен арадағы ашық пікір алаңын елімізге белгілі қоғам қайраткерлері мен жастар көшбасшылары, белсенді ғаламтор қолданушылары жүргізді. Олардың қатарында жергілікті өлкетанушы Өтепберген Әлімгереев, облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасының басшысы Мейірім Қалауи, «Жас Отан» Жастар қанаты Атырау филиалының атқарушы хатшысы Асқар Бопылдықов, маңғыстаулық блогер Тимур Бектұр және тағы басқалар болды. Бейресми басқосу үстінде қонақтар белгілі бір кәсіп арқылы болсын, немесе әлеуметтік желілердің көмегімен болсын, жастардың алға қойған мақсатына қалай жетуге болатынын сөз етті.

— Біздің елде жастар үшін барлық жағдай жасалған, — деді бірінші болып сөз алған Асқар Бопылдықов. — Алайда, бүгінгі жастар өзінің де, өзгенің де әлеуметтік жағдайына тым немқұрайлы қарайды. Олар қазір қоғамдық орындарды былай қойғанда, үлкендерді сыйлаудан да қалып барады. Мұның сыры неде? Менің жеке пікірім бойынша, бұған мемлекеттің жастарға деген шектен тыс қамқорлығы себеп. Қуатты әрі дені сау жастарға мемлекет тарапынан тиіс емес те жағдайлар жасалып отыр. Он екі мүшесі сау азамат керісінше өзі мемлекетке үлесін қоспай ма? «Үкімет қашан қолын созады екен» деп қарап отыру теріс түсінік.

Ал, Мейірім Жоламанұлының айтуынша, білім алуға деген ынтасы зор, сабақ үлгерімі жоғары талапкерлерге мемлекет жыл сайын грант бөліп отыр. Өкінішке орай, кейбір жастар білім алуды бос уақыт өткізумен шатастырады. Ал, оларға ата-анасы зор үміт артады емес пе? Балаларының оқу ақысын төлеу үшін олар  күні-түні жұмыс жасайды. Осыдан кейінгі үлкен мәселе – жұмыссыздық. Атырауда жұмыс бар, білікті мамандар жоқ. Облыс орталығында жылына бірнеше рет бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Оған келетін 200 жастың 10-ы ғана жұмысқа орналасады екен. Жастар  түйіндемені былай  қойғанда,  қарапайым жұмыс берушілердің алдында қандай жұмыс керек, қай іске икемі бар екенін өз тілімен жеткізіп айта алмайды. 

Осыдан кейін ауылға барғысы келетін жастардың бар-жоғы сұралды. Бірақ, бұл сауалға көпшілігі толыққанды жауап бере алмады. Талқылау барысында жастардың бәрі бірдей өз қалауымен мамандық таңдамағандары да белгілі болды. Сондықтан, алда жастармен атқарылар іс көп екендігі  баса айтылды.

Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.

Суретті түсірген автор.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button