Жарнама
Жаңалықтар

БІЛІМДІ ЕЛ ҒАНА — БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ

 

— Биылғы жыл білім беру саласы үшін елеулі оқиғаларға толы кезең болды. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жыл басында өңірлерге жасаған алғашқы сапарын Атыраудан, білім ордасы – Назарбаев зияткерлік мектебімен танысудан бастағанын білесіздер. Елбасының «Бәсекеге қабілетті дамыған мемлекет болу үшін біз сауаттылығы жоғары елге айналуымыз керек» деген сөзі ұстаздың қағидасы, оқушының ұраны болуға тиіс, — деді Бақтықожа Салахатдинұлы. — Білім беру ұйымдарының жаңа оқу жылына дайындығы жөнінде айтар болсақ, Атырау облысында білім және тәрбие беру мекемелерінің материалдық-техникалық жасақталуына көп көңіл бөлінуде. Соңғы екі жылда 67 мектепке дейінгі ұйым өз жұмысын бастады. Онда балаларға бес мыңның үстінде орын ашылды. Әрине, бұл әлі жеткіліксіз. 1-6 жасар бүлдіршіндерді балабақшамен қамтуда 54 пайызға, ал 3-6 жасар балалар бойынша 80 пайызға әзер жетіп отырмыз. Сондықтан, жыл соңына дейін әрқайсысы 280 орындық 12 балабақшаның құрылысын аяқтау жоспарланып отыр. Облыста 18 мыңға жуық бала балабақша кезегінде тұр. Көпшілігі Атырау қаласының үлесінде. Тек бір ғана – Қызылқоға ауданы балабақша мәселесін толық шешті десек болады. Қалған аудандар мен Атырау қаласының әкімдеріне қолдан келетін жұмыстарды – бұрынғы балабақша ғимараттарын қайтару, бос тұрған ғимараттарды бейімдеу, жекеменшік балабақшалар ашуға қолдау көрсетуді тапсырамын.

Сондай-ақ, аймақ басшысы жергілікті атқарушы органдар және педагогикалық ұйымдар басшыларының алдына алдағы уақыттағы өңірлік білім саласын жаңғырту бойынша бірқатар міндеттер қойды. Олардың қатарында, оқу үдерісіне озық әдістерді және заманауи технологияларды енгізу, техникалық және кәсіптік білім беру орындарын дамыту, педагогикалық қызметкерлердің мәртебесін көтеру мен олардың біліктілігін арттыру, оқушыларды қосымша білім берумен қамтамасыз етіп орталықтарды әрбір ауданнан ашу міндеттері тұр. Бүгінгі таңда 29 қосымша білім беру ұйымы облыстағы барлық оқушының 8,6 пайызын ғана қамтиды. Қосымша білім беру ұйымдарының желісін көбейту мақсатында тек Индер ауданынан Оқушылардың шығармашылық орталығы ашылды.

Жаңа оқу жылы үш ауысымдық мектептерсіз басталады. Апаттық жағдайдағы 11 мектептің орнына жаңа мектептер салынуда. 1 мектеп пайдалануға берілді, 2 мектеп жаңа оқу жылында есігін ашады. Тағы 2 мектептің құрылысы жыл соңына дейін аяқталады. Осылайша, 2015 жылы апатты мектептер мәселесін де түбегейлі шешетін боламыз. Мектептерді апатты жағдайға жеткізбеу үшін соңғы 2 жылда 60 мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді. Биыл жөнделіп, жаңартылған 30 мектепке жаңа тақта-парталар мен басқа да жиһаздар алу үшін облыстық бюджеттен 92 млн. теңге бөлінді. Алдағы уақытта да мектеп жөнделген соң, түгел жаңартылуы керек. Мектеп директорлары алтын ұя – мектеп ғимараттарын апатты жағдайға жеткізбей, аялап ұстауы тиіс.

Өздеріңізге мәлім, екі жылдан бері 42 мыңнан астам бастауыш сынып оқушысы толықтай тегін ыстық тамақпен қамтылып келеді. Бұл бастама жаңа оқу жылында да жалғасады. Аудан, қала әкімдері сапалы тамақпен қамтуды қатаң қадағалауы тиіс. Мектеп оқушыларының тамақтану рационында облыста жүзеге асырылып жатқан ауыл шаруашылығы жобаларының өнімдері, оның ішінде ешкі сүті мен ара балы болуы тиіс. Сонымен қатар, былтыр мектеп бітіруші 24 түлектің Ресейдің Уфа мемлекеттік мұнай-техникалық университетінен тегін білім алуына жағдай жасалды. Бұл жұмыс биыл да жалғасып, биылғы 27 түлекті аталған университетте тегін оқытқалы жатырмыз. Қосымша білім беру ұйымдарының желісін дамыту мақсатында биыл күзде облыс орталығынан Жастар және Оқушылар сарайының құрылысы басталады. Десек те, облыстық білім беру басқармасы мен қала, аудан әкімдеріне мүмкіндігіне қарай мектептер базасында қосымша білім беру бағдарламаларын жүзеге асыруды, спорттық секциялар мен пәндік үйірмелерді көптеп ашуды тапсырамын, — деп атап өтті облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов.

Аймақ басшысы сондай-ақ, білім саласында білім ордаларының инфрақұрылымын сайлап, әлеуметтік жағдайын жасаумен ғана шектеліп қалмау керектігіне баса назар аударды.“Білім ордаларының ғимаратын қанша жерден сайлап қойғанмен, білімнің сапасы төмен болса, онда барлық еңбектің зая кеткені. Биылғы Ұлттық бірыңғай тестілеуде облыстың орта балы 62,1-ді құрады. Бұл өткен жылға қарағанда 12 балға төмен. Себеп-салдарын педагогикалық кеңестерде талқылап, қорытынды жасадыңыздар деп ойлаймын. Бұл жағдай баршаңызды толғандырды деп есептейміз. Мемлекет балабақша-мектептерді салып беріп, керек оқулықтармен қамтуда. Ендігі жерде мұғалімдер мемлекеттің жасап отырған жағдайынан нәтиже шығарғаны жөн. Мемлекет қаражатын сапалы білімге айналдыруы тиіс”, — деп ерекше екпін берді. Ол үшін облыстың методикалық кабинетінің жұмысын жандандыруды және барлық аудан-қаладан бөлек әдістемелік, тест орталықтарын ашуды тапсырды. Сондай-ақ, колледждер Ұлттық кәсіпкерлер палатасымен тығыз жұмыс жасауы қажеттігі де тамыз кеңесінде жекелеп айтылды. Түптеп келгенде, колледж директорлары оқытқан әрбір студенттің жұмысқа орналасуына тікелей жауапты болмақ.

 Кеңес барысында облыс басшысы бірқатар ұстаздарға аймақтың білім саласын дамытуға қосқан үлестері үшін облыс әкімдігінің Алғыс хатын және ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасын» табыс етті. Сондай-ақ,Махамбет ауданы, №2 көмекші мектеп-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Алтын Сәтенова, Ж.Молдағалиев атындағы дарынды балаларға арналған облыстық мектеп-интернаты директорының орынбасары Светлана Сұлтанова, Атырау қаласындағы №45 балабақша меңгерушісі Бақыт Өтебалы «ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері» төсбелгісімен марапатталса, облыстық есту қабілеті зақымдалған балаларға арналған арнайы (түзеу) мектеп-интернатының директоры Фатима Баймұхановаға, Махамбет аудандық білім бөлімінің әдістемелік кабинет меңгерушісі Меллят Бекимоваға, Бесікті орта мектебінің директоры Болат Дүйсенғалиевке, Ағылшын тілін тереңдетіп оқытатын техникалық мектеп-гимназиясы директорының оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Айман Есмұхановаға, облыстық ұлттық гимназияның физика пәнінің мұғалімі Айгүл Жұмабаеваға және Атырау энергетика және құрылыс колледжінің директоры Нұрғали Темірташевқа «Ыбырай Алтынсарин» төсбелгісі табыс етілді. Бір топ мұғалім Атырау облысы Мәслихатының Алғыс хатына ие болды.

Облыстық Білім беру басқармасының басшысы Берікқали Сәрсенғалиев өз кезегінде білім берудің жаңартылған формат бағыттары, стратегиялық маңызы, өзекті мәселелері жайында баяндады.

Қазір педагог қауымның алдында орта мектептердің білім деңгейін Назарбаев зияткерлік мектептерінің деңгейіне жеткізу міндеті тұр. Ол үшін мектептердің кадрлық қамтамасыз етілуін, педагогтардың біліктілігін арттыру жұмыстарын қарқынды жалғастыруымыз керек. Өткен оқу жылынан бастап облыста 300-ге тарта мұғалімнің қажеттілігі жөнінде сұраныс түсті. Сондай-ақ, негізгі мәселе – кейбір пәндер бойынша мұғалімдер жетіспесе, келесі пәндерден мұғалімдер жұмыс таба алмай жүргені шындық. Бұл аудан әкімдері мектептердегі жетіспейтін пән мұғалімдерін оқытуға ынталы болса шешімін таппақ. Алайда, қажетті пән мұғалімдеріне соңғы жылдары оқуға түсуші түлектер өте аз. Мұның басты себебі мектеп оқушылары арасында ерте кәсіби бейімдеу жұмыстарының дұрыс жүргізілмейтіндігінен туындап отыр. Аз қамтылған жанұядан шыққан және бастауыш сынып балалары санатына кірмейтін оқушыларға ыстық тамақты сатып алып ішуі жағдайы кейбір мектептерде қарастырылмай келеді. Бұл мәселе облыстың 57 мектебінде шешімін таппаған. Себебі осы уақытқа дейін бұл мектептердің асханасы жалға берілмеген. Олардың қатарында Атырау қаласында 18, Құрманғазы ауданында 29, Қызылқоға ауданында 10 мектеп бар. Соның әсерінен 22868 оқушының тамақ сатып алып ішуге мүмкіндігі болмай отыр. Қазіргі кезде 6 мектепке 12 жылдық оқыту, 2 мектепке көптілді оқыту, 2 мектепке 12 жылдық оқыту жағдайындағы бірінші сыныптық бағдарламасы сынақтан өткізіліп жатыр. Өткен оқу жылында облыстың жалпы білім беру мекемелерінен 17 оқушы республикалық олимпиада жеңімпазы, 14 оқушы республикалық ғылыми жобалар сайысының жеңімпазы, 34 оқушы халықаралық олимпиадалар мен ғылыми байқау жеңімпаздары атанды, — деді білім беру басқармасының басшысы өз сөзінде.

Баяндамада келтірілгендей, 2011 жылдан бері Атырау облысындағы педагогикалық кадрлар біліктілігін арттыру бағытында Кембридж бағдарламасы бойынша деңгейлеп оқыту жүйесі қолданылып келеді. Соңғы үш жылда 1197 мұғалім Кэмбридждік бағдарлама бойынша біліктілігін арттырды. Қазіргі кезде 123 оқытушы оқып, жыл аяғына дейін 227 мұғалім курстан өтеді деп жоспарланған.

Физика, химия, биология кабинеттері жаңа модификациялық, мультимедиалық кабинеттермен қамтылған жалпы білім беру орындары көбейіп, 47 мектепке электронды білім беру жүйесі енді. Облыс мектептерінің 83, 2 пайызы кең жолақты интернетке қосылған. Өткен оқу жылында мектеп бітірген 4700 түлектің 1497-сі колледж, 2899-ы жоғары оқу орындарына оқуға түссе, 152-сі еңбекке орналасыпты. 11 бала әскер қатарына алынған, ал қалған 134 бала әртүрлі себептермен жұмысқа орналаса алмай жүр.

Мәслихатта Мақат мұнай және газ технологиялық колледжінің директоры Ізтұрған Тасбаев, Құрманғазы ауданындағы Ломоносов атындағы орта мектеп директоры Қасым Төлегенов, Қызылқоға ауданы «Нұршуақ» бөбекжай балабақшасының меңгерушісі Бақытжамал Жұмабаева, Құрманғазы ауданы аудандық ата-аналар қоғамдық кеңесінің төрайымы Ұлмекен Сапарова өз ойларын ортаға салды.

Нұргүл ЫСМАҒҰЛ,

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button