Жарнама
БілімЖаңалықтар

Білім беру саласының қызметкерлері аттестациядан өтеді

Atr.kz/17 мамыр, 2019 жыл. Нұрлан Ноғаев Атырау облысындағы білім беру саласы қызметкерлерін аттестациядан өткізуді тапсырды.

Білім беру саласы қызметкерлерімен өткен жиналыс барысында Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев қазіргі жағдай түбегейлі шараларды талап етіп тұрғанын атап өтті, — деп хабарлайды Атырау облыстық Өңірлік коммуникациялар қызметі.

Нұрлан Ноғаев аймақтағы білім беру сапасының көңіл көншітпейтінін айтты.

— Бұл әңгіме лицейлер мен гимназияларға да қатысты. Ол жерлерде нағыз лайықты шәкірттер оқулары тиіс. «Екіге», «үшке» оқитындарды шығару керек. Гимназиялар мен лицейлердің ерекшеліктері де сол. Алайда, Telegram чатта маған келген хаттардың арасында лицейлер мен гимназияларда директорларға, мұғалімдерге қысым көрсетіп, жақсы баға қоюды сұрайтын «пысық» ата-аналардың үшке оқитын балалары бар екені туралы жазған, — деді Нұрлан Ноғаев.


Атырау облысының әкімі білім беру басқармасының басшылығына әр оқу орнындағы жағдайға жете мән беріп, жан-жақты тексеру жүргізуді тапсырды.

— Оқу орындарында білім сапасының төмендеп кеткені туралы шағымдар көп. Мұны тоқтату керек. Білім беру саласындағы жағдайды түбегейлі өзгерту қажет. Әр лицей мен гимназияға тексеру жүргізу керек, — деп атап өтті Нұрлан Ноғаев.

Аймақ басшысы білім беру басқармасының басшысына лицейлер мен гимназиялардағы жағдайға мониторинг жүргізуді тапсырды. Егер лицей немесе гимназия сапалы және қажет білім бермесе, жалпы білім беретін мектеп мәртебесін қайтарып беру керек.
Білім беру басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жансұлу Төремұратова қазіргі уақытта жасалып жатқан жұмыстар жайлы баяндады.

— Әр мектеп директорына оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыста болу тапсырылды, мектептер ашық және қолжетімді болуы тиіс. Ата-аналармен өзара байланыста болу арқылы білім сапасын жоғарылатуға қол жеткізе аламыз, — деді Ж.Төремұратова.

Нұрлан Ноғаев бұл бастаманы қолдап, тұжырымдама дайындап, білім беру саласы қызметкерлерін, педагогтар мен директорларды аттестациядан өткізуді тапсырды.

— Соңғы уақытта білім беру сапасына қатысты шағымдар көбейіп кетті. Біздің облысымыз республика бойынша төмен көрсеткіш көрсетті. Telegram чатта тұрғындар жиі арызданады. Педагогтарға, барлық білім беру саласының қызметкерлеріне аттестация өткізуді және «кездейсоқ» адамдардан арылтуды тапсырамын, — деді Нұрлан Ноғаев.

WhatsApp Image 2019 05 17 at 14.57.40 2

Жиналыс барысында облыс әкімі Telegram қосымшасындағы «Атырау облысының әкімдігі» чат-каналына ата-аналардан келіп түскен шағымдарды оқыды.

— Соның бірі – ақылы қашықтық олимпиадасы. Мұғалімдер үгіт жұмыстарын жүргізбеулері керек, егер ата-ана өзі қаласа, ақшасын төлеп, баласын қатыстыра алады. Мектепте ешқандай алым-салық болмауы тиіс. Жыл сайын білім беру саласына көп көлемде қаражат бөлеміз, мектептерде ақша жиналмауы керек. Бәріне осыны тапсырамын,-деді аймақ басшысы.

Атырау облысының білім саласындағы бақылау департаментінің жұмысына қатысты да көп сауалдар қойылды. Департаменттің басшысымен қоса барлық қызметкерлері балаларға білім беру процесіне белсенді қатысып, ұсыныстарын айтып, мектептерде оқу процесінің дұрыс болуын қадағалаулары қажет екені жайлы айтылды.

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік Шапкенов жекеменшік балабақшалар жайын қозғады. Бүгінде аймақта нақты қанша жекеменшік балабақша бары белгісіз.

-Өкінішке қарай, бізде нақты қанша балабақша барын, қаншасы тіркеусіз жұмыс істеп жатқанын білмейміз. Тек мемлекеттік органдарға келіп тіркеліп, мемлекеттік тапсырыс алғандары ғана белгілі. Проблема бар. Мемлекеттік тапсырыс алған балабақшалар ай сайынғы ақысын көтеріп жібереді, бұлай болмауы тиіс. Заң бойынша тексеру жүргізіп, жағдайды бақылай алмаймыз. Бұл жұмыспен білім беру саласындағы бақылау департаменті айналысуы тиіс, бірақ мәселе сол өзекті күйінде қалып тұр. Мен осы іске прокуратураның араласып, нақты құқықтық бағасын беруін сұраймын, -деді Серік Шапкенов.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button