Білім беру бағдарламалары жаңа жүйеге көшеді
Жолдау жолдарынан:
«Назарбаев Университетінің тәжірибесіне сүйеніп, үздік шетелдік топ-менеджерлерді жұмысқа тарту арқылы әлемнің жетекші университеттерімен әріптестік орнату маңызды. Қазіргі білім инфрақұрылымының базасында Назарбаев Университетінің үлгісімен өңірлік жаңа жоғары оқу орнын құру қажет деп санаймын».
Елбасы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында жоғары білім беретін маман дайындау сапасына қатысты талаптар күшейтілетінін айтты. Гранттардың саны көбейді, енді жауапкершілік сұралады.
Жоғары оқу орнының табыстылығын бағалаудың басты критерийі – оқу бітірген студенттердің жұмыспен қамтылуы, жалақысы жоғары жұмысқа орналасуы екенін атап көрсетті Президент. Енді жоғары оқу орындарын ірілендіру саясаты жүргізілетін болады. Мемлекет басшысы назар аударған тағы бір мәселе – жоғары оқу орындарын бітірушілердің өз мамандықтары бойынша жұмысқа орналасу жайы.
Атырау мұнай және газ университетіндегі ғылыми кеңестің үш жыл бұрынғы №1 хаттамасы негізінде университет базасында ақылы негізде жаңа оқу-білім бағдарламасы іске қосылды. Сынаққа сақадай сай боламын дейтін мектеп түлектеріне университеттің профессор-оқытушылары мен қала мектептерінің жоғары санатты мұғалімдері дәріс береді. 2018-2019 оқу жылы да жоғары білім алуға дайындық сабақтары жүргізіледі. Таңдау пәндеріне сәйкес 10-12 оқушыдан топ құрылады.
Ал, 2015-2016 оқу жылынан бастап Атырау мұнай және газ университеті «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамымен, «ҚазТехМұнайСервис», «Жігермұнайсервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігімен және Атырау мұнай өңдеу зауытымен бірлескен екіжақты дуалды оқыту жүйесі енгізілді.
Күндізгі бөлімнің ІІІ-ІV курс студенттері оқудан қол үзбей еңбек етіп, табыс табады. Бітіргеннен кейін екі жылдық өтілі бар еңбек кітапшасын алып шығады. Сонымен қатар, студенттерді қабылдаған жұмыс беруші комиссия мүшелері өздеріне жұмысқа алып қалуға жұмыстанады.
Екіншіден, «Академиялық ұтқырлық» бағдарламасы негізінде Польша, Америка, Италия, Азербайжан, Россия Федарациясының Астрахань, Уфа жоғары оқу орындарында және Мәскеудегі И.М.Губкин атындағы мұнай және газ университетінде оқуға мүмкіндік бар. Бір академиялық семестр оқуы конкурстық негізде жүргізіледі.
Жолдауда балабақша тәрбиеленушілерінің, мектеп оқушылары мен студент жастардың тәрбиесіне, қауіпсіздігіне жүйелі түрде көңіл бөлуге екпін қойылды. Осы орайда, университет кампусы толықтай бейнебақылаумен қамтылды. Өз кезегінде ұстаздар да Елбасының Жолдауын қолдайды және Отанымыздың өсіп-өркендеп, бәсекеге қаблетті озық елдің қатарынан көрінуге аянбай атсалысады деп сеніммен айта аламын.
Алпамыс Ғилымов,
Атырау мұнай және газ университеті
ректорының кеңесшісі.