Жарнама
БілімЖаңалықтарСаясат

Білім – басты құндылық

Бекет КЕНЖЕҒҰЛОВ,

техника ғылымдарының докторы, профессор,

 Атырау облыстық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

Білім – басты құндылық

Елбасы мақаласындағы бес негізгі басымдықтардың төртіншісі – білімнің салтанат құруы. Мұнда Мемлекет басшысы кәсіптік стандарттар еңбек нарығының талаптарына және ең үздік әлемдік оқу-өндірістік тәжірибелерге сәйкес жаңартылуы қажет екендігін айтты. Және жоғары білім беру жүйесі сапасына, жоғары оқу орындарының кадрлық құрамына, материалдық-техникалық жабдықталу деңгейі мен білім беру бағдарламаларына талапты күшейту қажеттігіне тоқталды.

Мемлекет басшысы ұсынып отырған төртінші басымдыққа сәйкес, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің ғалым-ұстаздары Ұлттық ғылыми-зерттеу университетінің және «Алатау» инновациялық технологиялар паркінің ғылыми бағдарламаларына сүйене отырып, білім мен ғылымның әр саласынан да жеткілікті деңгейде хабары бар, өзіндік ұстанымдары қалыптасқан, білікті жас мамандарды даярлау үстінде. Университет студенттерінің оқу, ғылыми-зерттеу жұмысы ел үкіметі белгілеген білім мен ғылымды дамытудың басым бағыттарына, сондай-ақ, Атырау облысының қажеттіліктеріне және жоғары оқу орындарының әлеуетіне сәйкес жүргізіліп келеді. Өткен оқу жылында студенттер арасындағы VIII республикалық олимпиадаға қатынасқан информатика мамандығының студенттері командалық сайыста жүлделі III орын иеленсе, жеке турда осы мамандықтың студенті Р.Ерғожиева I дәрежелі дипломмен марапатталды. Олимпиада ережесіне сәйкес жеке турда I орын иеленген жоғары оқу орны ретінде IX республикалық олимпиаданы 2017 жылы өткізу мәртебесі Атырау университетіне беріліп, оны жақында өткізу жоспарланып отыр.

Жолдауда 2019 жылдан бастап 10-11 сыныптарда кейбір пәндерді ағылшын тілінде оқыту керектігі және бұл мәселені тиянақты ойланып, ақылмен шешу қажеттігі айтылған. Осы орайда профессор-оқытушылар  тілдік білімін жетілдіру мақсатында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде «Физиканы, математиканы және информатиканы ағылшын тілінде оқыту» курсынан өтіп, сертификат иеленді. Сонымен қатар, университет оқытушылары мен ғалымдары алыс және жақын шетелдік жетекші университеттер мен ғылыми мекемелерде біліктіліктерін арттырды. Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің  оқытушысы, магистр Г.Жүнісова білім беру жүйесінің басшы және ғылыми педагогикалық қызметкерлерінің біліктілігін арттыратын республикалық институттан «Өрлеу» бағдарламасы негізінде Ұлыбританияның Ньюкасл университетінде (Newcastle university), ал профессор  Ғ.Салтанова Португалияның ISEP (Instituto Superior de Engenharia do Porto) институтынан білімін жетілдіру курсынан ойдағыдай өтіп келді. Университеттің көптілді оқыту топтары мен 1-2 курс студенттері жекелеген пәндерді ағылшын тілінде оқып, білім алуда. Оларға дәріс беретін профессор-оқытушылар құрамы жеткілікті деңгейде.

Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті бойынша Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантын беру байқауына қауымдастырылған профессор Б.Абыканова қатынасып, «2015 жылғы жоғары оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленсе, өткен жылы осы байқауда Н.Шаждекеева «2016 жылғы жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» атағын иеленіп, университеттің мерейін үстем етті. Сондай-ақ, Білім және ғылым саласындағы бақылау комитетінің шешімімен әріптестеріміз Б.Абыканова қауымдастырылған профессор, ал педагогика ғылымдарының докторы Ғ.Имашев профессор ғылыми атағын иеленді.

Университет профессор-оқытушылар құрамы өз кезегінде Елбасы ұсынып отырған сындарлы саясатты толықтай қолдап, ғылымның әр саласынан да жеткілікті деңгейде хабары бар, кәсіби шеберлік ұстанымдары қалыптасқан, білікті маман дайындау мақсатындағы абыройлы жұмыстарын жалғастыра беретін болады. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының «Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің – елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиян­да көрінетін тың мақсаттарға апа­ратын құдіретті күш. Мен барша хал­қымды жарқын болашаққа жол бастайтын адамзат баласының мәңгілік құнды­лықтары – ерік-жігер мен еңбексүйгіштік, мақсаткерлік қасиеттерді бойға сіңіруге шақырамын. Мен ХХІ ғасыр Қазақ­стан­ның алтын ғасыры боларына сенемін. Елімізге бойына ата-бабамыздың ел мен жерге деген сүйіспеншілік қасиеті дарыған, егеменді елімізге аянбай қызмет ететін ой-өрісі кең, алғыр да жүректі, сауатты да салауатты азаматтары қажет. Ендеше, Тәуелсіз Қазақстанымыздың гүлденуі мен көркеюі үшін білімді де білікті жастарды тәрбиелей берейік» деген сенімін ақтап, университет ғалым-ұстаздары бар күш-жігері мен білімін өскелең ұрпаққа жоғары сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие беруге жұмсап, тәуелсіз мемлекетіміздің нығайып, ру­хани, мәдени, ғылыми қуатының артуына өз үлестерін қосатын болады.

Осы орайда жақында Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде «Қазіргі білім беру кеңістігіндегі физика-математика ғылымдарының рөлі» атты V Халықаралық ғылыми-теориялық конференция өтті. Қазіргі кезде физика-математика ғылымдарының рөлі мен маңызы үнемі артқандығын көптеген ғылыми конференциялар мен конгрестердің, оның ішінде жоғарыда аталған халықаралық конференцияның да материалдары көрсетіп отыр. Сонымен қатар, жалпыға міндетті білім беру стандартын жүзеге асыратын жоғары оқу орны мен қайта даярлау бойынша мәселелерді күшейту де  бүгінгі күннің өзекті мәселесі болып отыр. Конференция жұмысына жақын, алыс шет елдердің және Қазақстанның ғалымдары қатынасып, өздерінің ғылыми ой-пікірлерімен бөлісті.

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында «Табысты болудың ең іргелі, басты факторы білім екенін әркім терең түсінуі керек. Жастарымыз басымдық беретін межелердің қатарында білім әрдайым бірінші орында тұруы шарт. Себебі, құндылықтар жүйесінде білімді бәрінен биік қоятын ұлт қана табысқа жетеді» деді. Облыстық әкімдік пен университеттің ұйымдастыруымен болған халықаралық конференциямен қатар Білім және ғылым министрлігінің 2017 жылғы пәндік олимпиадаларды базалық жоғары оқу орындарында өткізу кестесіне сәйкес  сәуірде Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінде  мемлекеттік және мемлекеттік емес жоғары оқу орындары арасындағы информатика мамандығы студенттерінің IX республикалық пәндік олимпиадасы өтті. Олимпиаданың мақсаты – ІТ саланы дамыту, білім берудегі инновациялық технологияларды жетілдіру және студенттердің кәсіби дағдылары мен  шығармашылық қабілеттерін қалыптастыру. IX республикалық пәндік олимпиадасына 14 жоғары оқу орнынан 15  команда қатынасты.

Университет ұжымы өз кезегінде Елбасы ұсынып отырған сындарлы саясатты толықтай қолдап, ғылымның әр саласынан да жеткілікті деңгейде хабары бар, кәсіби шеберлік ұстанымдары қалыптасқан, білікті маман дайындау мақсатындағы абыройлы жұмыстарын жалғастыра беретін болады.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button