Білікті бапкерлеріміз Қытайға кетуге неге құштар?
Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушысы, атыраулық тарихшы-ұстаз Қабибек Мұхитов спортқа әлі де селсоқ көзқарас бар екендігін жасырмайды.
– Түсінікті болуы үшін, бір мысал келтірейін, – деді ол бізбен әңгімесінде. – Сонау тоқсаныншы жылдары орыстың бір мұжығы, ұмытпасам, аты-жөні Генадий Иванов болу керек, неміс қызымен отау құрып, Германияға көшіп кеткен болатын. Оны 1980-жылдардан бері білуші едім. Атырау қаласында «СМП» деген жердегі спорт залында грек-рим күресінен жаттықтырушы болып қызмет ететін. Әсіресе, жастармен тез тіл табысқыш, спорттық шараларды ұйымдастыруға да шебер. Кейіннен Германияға барғанында, спорт емес, ағаш шебері болып жұмыс жасап жүргенін естуші едік. Бір күні барған жеріндегі басшылыққа оның спортпен айналысқаны мәлім болыпты. Міне, содан бері оған материалдық көмек көрсетіліп, сол жердегі немістерді спортқа үйрете бастаған екен. Демек, Германияда спортшылар мен жаттықтырушылардың жағдайына зор көңіл бөлінеді. Ал, біз бұған селқос қараймыз.
– Енді не істеу керек?
– Мен көрші Қытайға барып, қызмет еткен біздің мамандарды жақсы білемін. Білгір бапкерлеріміз көрші елге барып, бір не екі олимпиадалық кезеңге жалданады. Бұл өзгелермен тәжірибе алмасып, біліктілікті арттыруға қажет үрдіс. Олардан білгенімді айтар болсам, біраз әңгіменің тиегін ағытуға болар еді. Қарапайым мысал, Қытай мектептерінің спорт залдарында жаттығу жүріп жатқан кезде міндетті түрде сол мекеменің басшысы не партия өкілі жүреді екен. Құр жүріп қоймай, жаттығу түрлерімен, алдағы жұмыс жоспарымен танысады. Осының өзінен басшылықтың спортқа атүсті қарамай, өз бақылауында ұстайтыны аңғарылады.
Спортты насихаттау жағы да солай. Қытайлық бір жігітті бойының ұзындығына сеніп, мықты баскетболшы шығады деп Америкаға жібереді. Онда ол ойынның барлық қыр-сырына қанығады. Сөйтіп, ұлт қаһарманына дейін абыройы көтеріледі. Әр сабақтан кейінгі үзілісте оқушылар баскетбол ойнайды. Ал, бізде ше? Дене тәрбиесін шетке ысырып, баланы білім алуға ғана «байлап» қоямыз.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ.