«Билер кеңесі» – ұлттық құндылық жаршысы
Аtr.kz/30 сәуір, 2019 жыл. Сан ғасырлар бойына қазақ халқының қоғамдық өмірінде әділеттікті сақтау мен құқықтық қарым-қатынастарды дамытуда отауызды, орақ тілді билердің алатын орны ерекше.
Сол кездегі ел басқарған хандардың өздері маңызды мәселелерді билердің кеңесінсіз шеше алмаған. Арнайы жазылған том-том болған кодекстер мен заңдарсыз-ақ, өз орнымен қисынды айтылған бір ауыз сөзбен дауды шешіп отырған. Атырауда да осынау мол мұрамыздың жалғасы іспеттес «Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігі жұмыс істей бастады. Жуырда аталған бірлестік төрағасы Ғаббас Хисметуллинмен әңгімелесіп, міндеттері және алдағы жоспарлары туралы білген едік.
− Төле, Қазыбек, Әйтеке билер әділетті шешімдерінен айнымай, көрегендік пен ұйымдастырушылық көрсетіп, елдің біртұтастығын сақтай білді. Сіз басқаратын бірлестіктің де түпкі мақсаты осы ерекшелігімізді дәріптеу емес пе?
− Бүгінгі таңда елдің зиялы қауымы Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында бабалар ісін қайта жаңғыртып, «Билер кеңесі» деп аталатын кеңесші ұйым құрды. Оның негізгі міндеті елдегі дау-дамайдың бетін қайтару, қалыптасқан ахуалды тұрақтандыру, қазақ билерінің дауларды шешудегі бай тәжірибесін қолдана отырып, қоғамдық бірлікті сақтау, ұлтаралық татулықты сақтау, халқымыздың салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау, әлеуметтік, діни, және өзгеде дау-жанжалдарды шешуге қатысу және тағы да басқа мақсаттарды көздейді. Сонымен қатар, Жоғарғы Соттың «Татуластыру: сотқа дейін, сотта» деп аталатын пилоттық жобасын жүзеге асыру, дау-дамайларды сотқа жеткізбей шешу, татуластыру, бітімгершілікке шақыру.
– Ел болғасын дау-дамай болмай тұрмайды. Бірақ, сол жанжалды ушықтырмай, дер кезінде шешіп отыру бүгінгі күннің басты мәселесі болып қала бермек қой…
− Халқымызда «Малым – жанымның садағасы, жаным – арымның садағасы» деген ұлағатты сөз бар. Яғни, біздің атабабаларымыз ар мен ұятты бірінші кезекке қойған. Ар-ожданның жолында жанын құрбан еткен. Қазақтың әдет-ғұрыптарының, салт- дәстүрлерінің адамгершілік қасиеттерге тұнып тұруы да сондықтан болуы керек. Ал, енді ұлтымыздағы жат қылықтардың белең алуы, салтдәстүрлеріміздің ұмытыла бастап, құндылықтарымыздың құнсызданып, ақша, дүние, байлық дегендер дәріптелетін қазіргі қоғамда адамдардың бір-біріне деген мейірімі мен сыйластығы азайып, қатыгезденіп бара жатқанын жасыруға болмайды. Осы жағдайда билер кеңесінің басты мақсаты – жанжалдасқандардың ішінен кінәліні табу емес, керісінше дауласқандарды ымыраға келтіріп, татуластыру, екі тарапты бірдей қанағаттандыратын шешімге қол жеткізу. Би халықтың әдет-ғұрпын, салтдәстүрін жақсы білумен бірге, сөз таласында шешендігімен, даулы істі қарауда тапқырлығымен дараланып, ел ішінде беделді, аузы дуалы тұлға болуы тиіс. Қазіргі заманда соттардағы мәлімет бойынша даудың мөлшері бұрынғы жылдармен салыстырғанда екі есеге өсіп кеткен. Атыраудың өзінде екі мыңға жуық жұп жыл сайын некесін бұзады екен. Бұл қаншама көзі жәудіреген сәбилеріміздің толық емес отбасында ата-ана мейірімін көрмей өсіп жатқандығын аңғартады. Ал, ажырасқандардың арасында міндетті түрде дүние-мүлік, ортақ балаларын бөлісу сияқты даужанжалдың орын алары сөзсіз.
– Ал, жүзеге асып жатқан жобалардың тиімділігі неде?
− Жоғарғы Соттың «Татуластыру: сотқа дейін, сотта», «Отбасылық сот» деген пилоттық жобалары аясында отбасы, татуластыру орталықтары ашылып, жұмыс істей бастады. Оның нәтижесі, халыққа келтірер пайдасы аз болмауы керек. «Дау арашасыз болмас» дейді дана халқымыз. Бітімгершілік – атабабамыздан келе жатқан дәстүр. Сондықтан да татуластыру орталықтарын жаңа қоғамдық институтқа айналдыруымыз керек.
– «Билер кеңесінің» жұмысы қалай жүзеге асады?
− Бірлестіктің жұмысын 13 адамнан тұратын «Билер кеңесі» жүзеге асырады. Бірлестіктің құрамына барлық аудандарда құрылған жұмыс топтары кіреді. Әр айдың екінші, төртінші сәрсенбісінде азаматтарды арыздары бойынша қабылдаулар өткізеді. Бірлестіктің мүшелігіне бірлестіктің жалпы жиналысында ерікті түрде сайлау арқылы өтеді. Ал, кеңестің мүшелігіне отставкадағы судьялар, қоғамдық кеңестің, ардагерлер кеңесінің, өзге де кеңестердің мүшелері, зиялы қауым өкілдері, ел ішінде беделді, аузы дуалы азаматтар, үкіметтік емес ұйымдардың, этномәдени бірлестіктердің өкілдері кіреді. Бірлестіктің қаражаты демеушілік пен қайырымдылық жарналардан құралады.
«Билер кеңесі» қоғамдық бірлестігі өз жарғысын Әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден өткізді. Кеңестің үш рет отырысы өтті. Жұмыс жоспары бекітіліп, азаматтарды қабылдау кестесі, аудандардағы жұмыс топтарының құрамы бекітілді. Қоғамдық қабылдаулар өткізілуде. Оған келген азаматтардың қояр сұрақтары әр қилы. Мүмкіндікті пайдаланып, көкейкесті сұрақ-сауалдарды алдын-ала 55-82-08 телефонына хабарласып жолдауға болатынын, әр айдың екінші және төртінші сәрсенбісінде Құлманов көшесінде орналасқан 139а үйдің, яғни «Достық үйінің» төртінші бөлмесіне қабылдауға келуге болатынын ескерткім келеді. Кеңестің қызметі туралы Faсebook әлеуметтік желісінде парақша ашылды. Атырау облыстық соты, Қазақстан халықтары ассамблеясы соттардағы даулы істерге кеңес мүшелерін тарту туралы Меморандум жасақталды.
– Алдағы жоспарларыңыз қандай?
− Кеңес мүшелерінің қала тұрғындарымен, жоғары және кәсіптік оқу орындарының студенттерімен кездесуін ұйымдастыру жоспарымызда бар. Аудандардағы жұмыс топтары да қабылдаулар өткізуді бастады. Билер кеңесінің, отбасы, татуласу орталықтарының қызметтері жайлы насихат жұмысын әлі де көбірек жүргіземіз. Бұл ұйымдар формальды түрде қызмет ететін болып қалмауы керек. «Билер сотын» жаңғырту жұмыстары әрбір елді мекендерде де жүргізілсе артықтық етпейді. Ең бастысы – жастарға бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие беру, адасқандарды жолға салып, оларды жат қылықтардан аулақ болуға үйрету, ауыр емес қылмыстарды сотқа жеткізбей шешуге қол жеткізу. Бір сөзбен айтқанда, жаңадан құрылып, жұмыс істей бастаған билер кеңесінің атқарар ісі ауқымды болмақ. Ал оның халыққа тигізер пайдасы да аз болмауы керек. Сондықтан, ел үшін жаны ашитын, болашақ ұрпақтың тағдырына алаңдайтын әрбір азаматты осы істен сырт қалмауға шақырамыз.
Әңгімелескен: Айбөпе САБЫРОВА