Биатлон: кезекті жеңіс
Универсиаданың бесінші күні Қазақстан қоржынына үшінші алтын медаль түсті. Биатлон бойынша спринттік жарыста сынға түскен отандасымыз Галина Вишневская қарсыластарының бәрінен озып, жеңіске жетті.Екінші орында украиналық спортшы Яна Бондарь, үшінші орынға ресейлік Анастасия Егорова табан тіреді.
Универсиадада биатлоншыларымыз жергілікті жанкүйерлерді күн сайын дерлік қуантуда. Галина Вишневскаяның алтынынан кейін тағы бір қазақстандық биатлоншы Роман Еремин 10 шақырымдық спринттен қола медаль олжалады. Айта кетсек, доданың алғашқы күні биатлоншы қыздар алғашқы алтын мен күміс медаль иеленген еді.
Осы орайда, Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы және Биатлонистердің халықаралық одағының (IBU) президенті Андерс Бессеберг Алматыдағы екіжақты кездесу барысында елімізде аталған спорттың даму болашағы мен саланың өзекті мәселелерін талқылады.
— Биатлонистер халықаралық одағының тұрақты басшысы және ірі кәсіби тәжірибесі бар спорт менеджері ретінде сіз биатлонның барша әлемдегі дамуына елеулі үлес қосудасыз. Қазақстан қысқы спорт түрлерінің дамуына, соның ішінде, қазақстандық арасында биатлонның танымалдығын арттыруға ерекше мән береді — деді министр. Сонымен қатар, ол Қазақстандағы биатлонның дамуы мен өзекті мәселелерін шешуде халықаралық ұйыммен жан-жақты ынтымақтастыққа дайындығын растады. Өз кезегінде халықаралық одақ басшысы Бүкіләлемдік студенттер ойындарының дайындық деңгейіне ризашылығын білдірді.
Министрліктің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кездесу барысында екі тарап ортақ бастамалар бойынша бірқатар ұсыныстарды, халықаралық одақтың түрлі бағдарламаларын, соның ішінде, балалар-жасөспірімдер спорты, мамандарды даярлау, сапалы жаттығу үрдістерін ұйымдастыру және т.б. салалардағы бағдарламаларын жүзеге асыру мүмкіндігін талқылады.
Айгүл Ертілеу