Бес баланы асырап отырған жалғызбасты әке жұрттың жүрегін елжіретті (фото)
Кенжебай Хожаевтың Мұнайлы аудандық өрт сөндіру бөлімінің қызметкері болып жұмыс істеп жүргеніне 10 жылдан асты. Осыдан бір жыл бұрын жұбайы қайтыс болған азамат ата-анасымен бірге бес баланы жалғыз өзі асырап отыр.
Кенжебай өрт сөндіру жұмыстарымен қоса үй шаруасын да алып жүруге үйреніп қалған. Оған 6 сыныпта оқитын үлкен қызы Мадина көмектеседі.
36 жастағы азамат бүлдіршіндерінің анасынан қапыда айырылып қалам деп ойламаған. Бәрі де жай ғана тіс ауруынан басталыпты. Дәрігерлерге тамағым ісіп кетті деп шағымданған әйелі бір күннен кейін көз жұмған.
«Денсаулықтың қадірін түсінгендей болдым. Ештеңеге немқұрайлы қарауға болмайды екен. Қарапайым тіс ауруының салдарынан жұбайым көз жүмды. Енді балаларымның саулығына мен жауап беремін. Олардың таршылық көргенін қаламаймын», — дейді жас әке.
Бақытына орай, жалғызбасты әкеге туысқандары көмек көрсетіп жатыр. Жақын маңда тұратын олар сөзбен де, іспен де әрдайым қол ұшын беруге дайын.
Ең кішкентай ұлы Дидар небәрі 2 жаста болғандықтан, үй жағдайына көңіл бөлу міндет екенін түсінетін ол жұмыстан келе салысымен балалардың сабағын қарап, әрқайсысына демеу бола біледі.
Әрі Кенжебайдың педагог мамандығында білім алғаны да бала тәрбиесіне көп септігін тигізіп жатырған көрінеді. Жастайынан ананың аялы алақанынан айырылған бүлдіршіндерге психологиялық тұрғыдан қолдау керек. Жас әке бұл ретте барын салып, тырысуда.
Хожаевтар тұрып жатқан пәтер тым үлкен емес, алайда, балақайлар үшін бар жағдай жасалған. Әкесінің үміт артып отырғанын жақсы түсінетін перзенттер де мектепте озат оқушылардың қатарында. Үлкен қыздары Мадина мен Гүлжан ерте есейіп келе жатыр. Олар әкелеріне қолқанат бола білген: үйінде үлкендер болмаған кезде кішкентай бауырларына қарап, сабақтарына көмектеседі.
Ал, Кенжебай өз жұмысына берілген адал азамат. Күнделікті тілсіз жаумен бетпе-бет келіп үйренген ол — өз ортасында беделі жоғары, сыйлы қызметкер.
«Кенжебай өте сыпайы, еңбекқор, жауапкершілігі мол жігіт. Өз жұмысына мұқият қарайды. Тапсырылған міндетті аса тиянақты орындайды. Өзге әріптесеріне үлгі ретінде көрсетеміз», — дейді №5 өрт сөндіру бөлімшесінің басшысы Оразбек Саиков.
«Жылдар бойы тірнектеп жинаған дүниең бір-ақ күнде жоқ болып кетсе, әрине өкінесің. Баспаналары өртеніп кеткен адамдар біраз уақыт күйзеліке түсіп, денсаулықтарын құртып алады. Оның үстіне қазіргі таңда ақша табу оңай емес. Сол себепті, барынша тез қимылдап, заттардың күл боп кетпеуін мұқият қадағалаймыз. Алайда, біздің ең басты құндылығымыз — адам өмірі екенін ұмытпаған жөн», — дейді тұрғындардың өміріне араша түсіп үйренген Кенжебай.